«Әрбір ақылдыға иман парыз
Әрбір имандыға ғибадат парыз»
Мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі – қасиетті «Құрбан айт» мейрамы. Ол «Ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге созылады. Құрбан айт мерекесі Меккеге барып қажылық аяқталған күні өтеді.
Бала кезімізде ата – әжелерімізбен бірге айт мейрамында әр үйге барып айтшылайтынбыз. Құрбандыққа сойылған малдың етін жеп, үлкендердің батасын алып өстік. Сол кездегі үлкендердің айтқан әңгімелерінің есімде қалғаны, ата бабаларымыздың заманында қажылыққа мыңдаған шақырым жерге түйемен кейбіреулер арып-ашып жаяу барған.
Құрбан – араб тілінен аударғанда «жақындау» яғни жасалған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген мағынаны білдіреді. Құрбан айт күндері(алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдхия» деп аталады. Әрбір мұсылман жұрты Аллах разылығы үшін мүмкіндігі болса құрбан шалады, мал сояды (жылқыдан басқа). Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.
Әр мұсылман халықтарында Құрбан айтты тойлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы: Мароккода, Индонезияда, Малайзияда айт намазынан кейін адамдар көшеге шығып, ән айтып, би билейді. Бұл елдерде мейрам карнавал түрінде тойланады.
Аңыз бойынша, құрбан айттың түп тамыры Алланың Ибраһимге жіберген сынағынан кейін пайда болған. Пайғамбар 86 жасына дейін бала сүймеген көрінеді. Тек 86 жасына келгенде ғана бірінші ұл Ысмайл дүниеге келеді. Бір күні Ибраһим түсінде Алланы көреді, ол оған жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды өтінеді. Алланың өтінішіне қарсы келмеген әкесі мен ұлы Пайғамбардың ұсынысын қабыл алады. Ибраһим салтты жасай бергенде, Алла оны тоқтатып, сен менің сынағымнан өттің, маған шын берілгендігіңді дәлелдедің дейді. Сөйтіп құрбандыққа шалуға аспан түстес көк қошқарды түсіріп, оларға мейірім түсіреді. Содан бері дәстүр жалғасын табуда. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Ауру, соқыр, мүйізі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Құрбандықты шариғат бойынша балиғат жасындағы ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылман құрбан шалады. Мейрам күні жуынып, таранып, таза киім киіп айт намазына барған жақсы амал болып саналады. Намаздан кейін сойған малдың етін үш бөлікке бөліп таратылады, бірінші туысқандарға, көршілерге, екінші мұқтаж жандарға, үшінші өз бала-шағасына. Әр мұсылманның үйінде дастарқан жайылып бауырсақ, шелпектерін пісіріп бір - бірінің үйінен дәм татады. Барынша жайдары болып, ренжіскен адамды кешіріп, ауырған адамның көңілін сұрап, жетім –жесірге қол ұшын беріп адамдардың бір - біріне деген сыйластығы артады.
Ұлық мейрамды ресми, мемлекеттік деңгейде атап өтуге қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкіндік алды. Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылдың желтоқсанның 30-да қол қойылған, қазіргі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 84-ні бабына сәйкес Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып табылады.
Қазіргі кезде «Құрбан айт» мейрамы кең көлемде, әр отбасында құрбандық шалып, мол дастархан жайып, ізгі амалдар жасаумен ерекшеленеді.
Құрбан айт құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке Отанымызға бірлік пен ынтымақ берсін!
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы Аманбекова М.А.