Десантшы – ол ерік пен жігерді, ерге тән мінезді, тәуекелге бара алатын батыл қасиеттерді бойына шоғырландыра білген күш иесі. Ол ерліктің жоғарғы мектебі, бірінші дәрежедегі батырлық, нөмірі «бірінші» жауынгерлік әзірлік. Өмірдің шынайы бағасын десантшы ғана біледі. Өйткені ол өзгелерге қарағанда өліммен жиі бетпе-бет келеді.
Десантшы болу - патриоттық пен парасаттылық, адалдық пен шынайылық, батырлық пен жүректіліктен тұрады.
Еліміз егемендік алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін, жеріміздің шетін жау баспас үшін, еліміздің тыныштығы қашпас үшін, ең алдымен Қарулы Күштерді құру қажеттілігі туды. Сол кезеңдерде Қазақстан аумағында Кеңес одағынан қалған әскери гарнизондар мен қару-жарақтарды, әскери техникаларды шашау шығармай, басын біріктіріп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатымен 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның төл әскерін құру туралы Жарлығы шықты. Кейінгі мәселелердің бірі әскерімізді жетілдіру, оның ұтқырлығы мен кәсібилігін арттыру, заманауи қару-жарақпен жарақтандыру еді.
Осы орайда Н.Ә. Назарбаев «21 ғасыр армиясының жауынгерлік қуаты оның санымен емес, жеке құрамының жоғары дайындығымен, техникалық жабдықталуымен, сыртқы қауіптерге сенімді қарсы тұра білу қабілетімен айқындалады» деп баса айтқан болатын.
Осындай қажеттіліктердің негізінде егемен еліміздің азаттығы мен жеріміздің тұтастығын қорғауға жауап беретін ұтқыр, әрі шапшаң қимылдайтын, саны аз болғанымен, сапасы сын көтерер, Жоғарғы Бас қолбасшының резерв әскерлері болып табылатын әскер түрін құру идеясы туындады. Көп ұзамай Қазақстанның Ұтқыр Күштері Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 6 шілдедегі № 417 Жарлығына сәйкес 35 десанттық - шабуылдау бригадасының базасында құрылды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2003 жылғы директивасының негізінде Қарулы Күштеріміздің Ұтқыр күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскерлері болып өзгертілді.
Аэроұтқыр әскерлері дегеніміз – әскери бөлімдер мен құрамалардан тұратын Қарулы Күштеріміздің ұрысқа әзірлігі жағынан барынша жетілдірілген, жинақы әскер түрлері болып табылады.
Десанттық - шабуылдау әскерлерінің қарамағына Алматы, Талдықорған, Жаркент, Сарыөзек және Қапшағай гарнизондарынан құрылу кезінде көзделген жауынгерлік тапсырмалары алуан түрлі 14 әскери бөлім қарайды. Кез келген десантшының абыройын асқақтатып, өзі қызмет ететін әскерін мақтан тұтатыны тегін жағдай емес. Сонда басқа әскер түрлерінен бұл әскердің айырмашылығы неде дейсіз ғой?! Таратып айтайын десантшыны десантшы ететін нәрсе, оның көктен өзін - өзі жанқиярлықпен тастауы, парашютпен секіруі. Парашютпен секіру – десантшылардың жауынгерлік дайындығының негізі болып табылады. Оның мақсаты – қарсыластың тылында жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз етуі.
Әрбір десантшыға парашютпен секіруді жүзеге асырғаннан кейін көгілдір береттер мен жолақ жейде табыс етіледі. Бұл мәртебе оның нағыз десантшы екендігін айқындайды.Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғаш рет парашютпен секіру 1993 жылы Қапшағай қаласындағы 35 жеке гвардиялық десанттық - шабуылдау бригадасында орын алды. Онда десантшылар МИ-8 тікұшағынан секірді. Сондықтан да, Қапшағай өлкесін «десантшылардың тал бесігі» деп атайды. Ал, 1994 жылы десантшылар АН-72 ұшағынан секіре бастады.Парашютпен секірулерін үнемі жеке құраммен бірге орындайтын Десанттық - шабуылдау әскерлерінің қазіргі қолбасшысы генерал-майор Абубакиров Қаныш Асанханұлы: «Көк жүзінде бәріміз теңбіз. Ол қатардағы жауынгер мен генералды бөліп-жарып жатпайды. Сондықтан әрбір парашютпен секіруімді жеке құраммен жасағанды ұнатамын. Біз олардан қойылған тапсырманың орындалуын қанша талап еткенімізбен, олардың көзіндегі жалынды, әскери іске, патриоттыққа деген сезімді өзіміз үлгі болу арқылы ғана жаға аламыз», – дейді ол.
Қазақстан десантының құрамына сайдың тасындай іріктелген, сын мен сынақтардан сүрінбей өткен азаматтар сұрыпталып алынады. Қазақстан Республикасы Президентінің резерві болып табылатын элиталы әскерде қызмет ету, десантшылардың қатарына қабылдану оңай шаруа емес.
Десанттық - шабуылдау әскерлеріне қызмет етуге ниет білдірген азамат келесі сынақтардан сүрінбей өтуі тиіс:
Біріншіден, жан-жақты психологиялық іріктеуден, жергілікті әскери басқару органдарында тереңдетілген әскери тексеруден өтеді. Өйткені, дене дайындығының мықты болуы және әуе-десанттық дайындығынан мүдірмей өтуі үшін десантшылар қатарына қабылданатын кез келген азаматтың денсаулығының мықты болуы маңызды рөл атқарады.
Екіншіден, Десанттық - шабуылдау әскерлерінде қызмет етуі үшін ниеттің ғана болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар, әрбір десантшының бойында төтенше жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай алатындай өжеттілік, сенімділік, Отан алдында жанқиярлықпен қызмет етуге деген адалдық қасиеттері болуы міндетті. Сонымен қатар, үміткерлерді іріктеу барысында олардың интеллектуалдық қабілеттеріне де аса мән беріледі. Өйткені қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника түрлері компьютерлік және өзге де технологиялар бағытында белгілі бір білімнің болуын талап етеді. Бір қызығы, темірдей қатал тәртібі мен кез келген мықтының әуселесін сынға алатын талабы бар әскерде ерлермен қатар әйелдер де қызмет атқарады.
Әскери қызметтегі нәзік жандыларға жеңілдіктер жоқ. Олар ерлермен бір сапта кез келген төтенше тапсырмаларды орындайды, парашютпен секіріп, қоян-қолтық ұрыс түрлерін меңгереді және халықаралық, бітімгерлік және өңірлік оқу-жаттығуларға қатысады. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Десанттық - шабуылдау әскерлерінде 1000-ға тарта қазақстандық әскери қызметші әйелдер қызмет атқарады. Оның 100-ге жуығы – офицерлер болса, қалғандары – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер.
Еліміздің қорғаны десантшылар күні құтты болсын. Намысты қолдан бермеген қайтпас қайсар десантшылар жасасын!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Жаркеева Г.