ҚАБИДОЛДИН Рауан Ержанұлы – 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласына қарасты Қатон-Қарағай ауданында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының түлегі. Қарағанды қаласындағы ҚарМУ-дің филология факультетін тәмәмдаған. Бүгінде Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері.
Қарағанды қаласы әкімі тағайындайтын «Дарын» сыйлығының иегері, Республикалық Мұқағали атындағы мүшәйраның 2 - орын иегері. 2013 жылы Ж.Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» атты жыр додасында бас жүлде.
Тау ұлы
Қабидолдин Рауан
Тау ұлы
Кімнің сөзіне еремін,
Кімге тәуелді дерегім?
Сұғанақ күннің сұқтанып,
Сұлбасын жасап келемін.
Алтынға басын имеген,
Тұяғы тасын илеген.
Қобызын балқарағайдың,
Сүйегін тағып күйлеген.
Тарам да тарам тарамыс,
Тарих па?
Тарих әлі аңыз.
Ашина алтын құрсақты,
Бөріден туған бабамыз.
Жалап емдеген жарасын,
Билеген Жер-Көк арасын.
Күлтегін, сенің жаныңда,
Гамзатов қырдың баласы.
Маңдайда соры бес елі,
Таңдайда шөлі кешегі.
Тоныкөк жауға шабарда,
Бөрі боп кеткен деседі.
Мұзтаумен бойын тіктеген,
Дұшпаннан ойын бүкпеген.
Он үшке толған ұлына,
Орданың жүгін жүктеген.
Бұғысын бұлтқа байлаған,
Апайтөс Алтай жайлаған.
Бұқтырма тасып жатыр деп,
Бұлтарып көрді қай бабаң?
Қарағай аршып хат жазған,
Балтабай деген ат жазған.
Басынан оның құт та озған,
Басынан оның бақ та озған.
Балтабай еді қара нар,
Балтабай еді қара нар!
Әз басын тіккен бәйгеге,
Алпыс мергенге пара пар.
Тулатқан туған алабы,
Кыраннан біткен қабағы.
Таулықтар ғана осындай,
Мергендер туа алады.
Батырлар туа алады.
Алтайда қалған құным бар,
Арқада қалған құным бар.
Тұранда палуан көп дейді,
Қылаңнан асқан кімің бар?
Жұлыннан ұстап сүйреген,
Жауырыны жерге тимеген.
Жағадан алып көрем деп,
Жармасқан палуан күйреген.
Ей, ездерден туған надандар,
Қамаңдар, мейлі талаңдар.
Бөрі құрсақты анам бар,
Алтайдың сілемдеріндей,
Батырдан туған бабам бар.
Тәңірдің сыйы көктегі,
Шайырдың өзі от демі.
Тау төсі таудан аумаған,
Оралхан туған жоқ па еді.
Мен де сол таудың ұлымын,
Мен де сол таудың бірімін.
Шабанбай желі құшатын,
Шайқалып тұрған тұлымын.
Мені де сол тау байлады,
Мені де сол тау байлады.
Шаштарым менің қап-қара,
Алтайдың қарағайлары.
Жан емес сөзге тосылар,
Таулықтан тудым, несі бар?
Шалғайда жатқан мекенді,
Шашымнан иіскеп есіңе ал!
Қасымның монологі
« Я устал от дватцатого века...»
А.Морис
Ақын болмасам басқалай күйінер едім...
Ғасырлық мұңым тоғысып басыма менің,
Боздап отырмын бейтімнің қасына келіп...
Ей, Ғасыр, сені қайтемін, жанашырым жоқ,
Көзімнің алдын торладың қара шыбын боп.
Қайтесің мендей қыранды қарғаларың бар,
Үзілген жырмын, одан да жалғап алыңдар.
Желісін үзіп, ей, ғасыр, кісінеген жыр,
Жетім құлындай адасып түсіме кеп жүр.
Сол ғана менен күдерін ағытпасы анық,
Сен соны қалдыр. Мені әкет табытқа салып.
Сен соны қалдыр, қалғанын өзің білесің,
Ақынға төзген бұл ғасыр төзімді десін.
Сен соны қалдыр, сол ғана қанға сіңгенім,
Баз кешіп кетіп жүрмесін жалғасым менің.
Ақын болмасам басқалай күйінер едім,
Түкіргенім бар бермеген үйіне менің.
Түкіргенім бар, сұраман алақан жайып,
Қыранмын!
Құрсын құзғынға қараған жайым.
Шағала-ғұмыр шарқұрып шаранасынан,
Мен неге осы көк кезіп, далама асығам?
Қыранның бәрі осындай күн кеше ма екен?
Мұңайсам болды аспанмен тілдесе берем.
Ғасырлық мұңым тоғысып басыма менің,
Боздап отырмын бейтімнің қасына келіп.
Қарашы мұңның кешке емес түсте келуін,
Бар ма әлі менің, ей, ғасыр, ішпеген уым?
Ақынның санап жүрмісің басып өткенін,
Бар ма әлде менің татпаған қасіреттерім?
Қандай сый жасап тұр едің?
сыйыңды ұқпадым...
Аз ба еді менің көрмеген қиындықтарым?
Қойшы, әйтеу не деп тағы да зар шаға берем,
Ғафу ет, ғасыр, мен сенен шаршаған екем...
Бүгін менің анамның туған күні...
Бүгін менің анамның туған күні,
Ал мен үшін той күні, думан күні.
Алма жүзін ағартты Аллам өзі,
Ақ әжемнің құрсағын жуған нұры.
Уақыт солай уақытпен таласа ма?
Осы күні – жетінші қарашада.
Сары қызын сарғайып күтіп алды,
Сағынышын баса алмай Алаш-Ана.
Жүгірмектер қарық боп тамашаға,
Қалжа сұрап көрші мен бала-шаға.
Нағашы атам тұрған-ау, жасын сүртіп,
Жасыра алмай шаттығын оңашада.
...Ана, бүгін ұзарды өмір көшің,
Түсіндіріп жатамын оның несін.
Өмір деген – жыл тұнған алып кесең,
Алып кесең әзірге төгілмесін.
Ана бүгін ұзарды өмір көшің...
Тіршіліктің белгілі салты маған,
Енді кімнен бағымды тартып алам?
...Содан бері өтіпті жарты ғасыр,
Жарты ғасыр өтсе де жарқыраған,
Қасиетіңнен айналдым Алтын-Адам
Жақсы көрдің, жоқ әлде жек көрдің бе?
Аз көрдің бе өмірде, көп көрдің бе?
Өте шыққан өмірді өткердің де,
Елу бірдің шыңынан қарап тұрсың,
Қарапайым көзіңмен өткен күнге.
Ал мен болсам толдым ба, толмадым ба?
Күткеніңдей болдым ба, болмадым ба?
Жетеріме расымен жете алдым ба,
Жете алдым ба, жоқ әлде жолдамын ба?
Дақ түсірмей арымды қорғадым да,
Жазығы жоқ адамды қорладым ба?
Ұлы ақыны болар ем жер бетінің,
Құдіретім өзіңдей болғанында.
P/S:
Бұйырса да бір орын саған төрден
Асырса да талабың бағаңды елден.
Ең ұлы Адам бәрібір Ана екен ғой,
Адамы жоқ ғаламға адам берген.
Көкбояу дәмі
Өр Алтай, шыңын мұзы құрсаған,
етегі орман, қарағай.
Жиырма жыл бойы қызығып саған,
Үздігіп өттім баладай.
Арқаға келіп мауқым басылмай,
Төбешіктердің ішінде.
Аспанның таққан дәу сырғасындай,
Мұзтауды көрем түсімде.
Бұқтырмам шашын тарқатып өріп,
Жағаға жайған шолпысын.
Кешірші, мынау Арқаны көріп,
Көре аламай жүрмін жол түсіп.
Сағындым иісін самырсындардың,
Көкбояу дәмін аңсадым.
Аулақта жүріп сағым сынған күн,
Түтінін іздеп аршаның
Қанша күн жүрем, ой алаң мұнда,
Қанша күн азап шегермін.
Бір күні мұнда оянамын да,
Саған кеп қалғып кетермін.
Мен солай әлі марқаямын да,
Айызымды ақыр қандырып
Қасыңа келім жантаямын да,
Көз жұмып кетем мәңгілік...
Ескерткіш
Күнәмнән бірден тазарып,
Ғайып боп кетті бар қайғы.
Ләйләдән биік ажарың,
Күн өткен сайын арбайды.
Қозыдан бетер мұңданып,
Төлеген құсап баз кештім.
Бүкіләлемге жынданып,
Түсінбейтіндей басқа ешкім.
Мұнара қалап жатамын,
Мұңсызбын демен әсте мен.
Жұматайлардың атағын,
Шығармайтындай басқа өлең.
Кімге айтсам екен адасып,
Жанын жылытқан ызғар тек.
Менің жырымның бағасын,
Білетін жалғыз қыз бар деп.
Айтпаймын құрсын, ақырғы,
Белгісіз жұрттың ойы әлі.
Әйтпесе сенің атыңды,
Барлығы біліп қояды.
Жұлқылып менің жейдемді,
Жүздері бірден мұзданып.
Аямай сенің бейнеңді,
Тартып алады қызанып.
Күйіктен кеттім өртеніп,
Боздатты мынау таңғы шақ.
Ашылып қалған көрпеңнің,
Әр жағындағы тән құсап.
Қиын ғой мұны күйік деу,
Жұрт мені ессіз демесе.
Тәжмахалдан да биіктеу,
Ләйләдән биік екі есе.
Беріктігі бар болаттай,
Нәзіктігіндей шұғаның.
Тірі пендені жолатпай,
Ескерткіш жасап шығамын.
Тәйірі сөз бе сол маған,
Құлатуға оны жетпес күш.
Әлемде әлі болмаған,
Орнатам саған ескерткіш!
Сүй мені осы қалпымда...
Айтатыныңды ішімнен сездім,
Біліп те жүргем өзім де.
Не шығар еді түсінген кездің,
Түсінбегеннің өзінде.
Бірдеме бірден өзгерер ме еді,
Көктем қайта күз реңің.
Бақытты қойшы өзгелердегі,
Бағымды сенен іздедім.
Ләйлә түл кетті төзімімді ұрлап,
Ішінде қоңалқығанның.
Өзіңді қайдам, озіңді тұрмақ,
Өзімді жоғалтып алдым.
Айыбым мейлі төмендемесін,
Онсыз да өмір соры едім,
Сен бар кінәні менен көресің,
Мен болсам кімнен көремін?!
өзіңді адал сезіну үшін,
өзгеден көру қолайлы, ә?
Сендегі солған сезімің үшін,
Кінәлі мен ғой, солай ма?
Солай-ақ болсын, ақталам демен,
Түзетпес қазір сені ешкім.
өмірім саған жақпағанменен,
жағуға міндетті емеспін.
өмір ғой, оны өмір демесе,
өлсең де маған сенбес ең.
Ғашық боп келгем өмірге кеше,
Ғашық боп өтем мен ендеше.
Бір қызды көріп тына қалғам ба,
Тынымсыз мынау неткен күн?
Мың қызды сүйіп мына жалғанда,
Мың қызды ғашық еткенмін.
өзіңдей қанша жас гүлдемеді,
бәріңде жалғыз сол айла.
Мың қыздың орнын басқың келеді,
Мың қызға тату оңай ма?
Солай шеш жаным түйменің жібін,
Кел енді бері, тартынба.
Сүйемін десең сүй мені күнім,
Сүйетін осы қалпымда!
Тағы да сенің елесің...
Тағы да сенің елесің,
Мен әлдеқашан тәрк еткен.
Керіле басып келесің,
Көнетоз ескі паркетпен.
Уақытты-ай мына қас-қағым,
Қарашы мына ой кемін.
Көзімді байлап тастадың,
Шаштарың... сосын көйлегің.
Ойласам ойға шер тұнад,
Недеген ғажап жарасым.
Еркелігіңді ертіп-ап,
Еркелей басып барасың.
Сөнер ме ізі бұл күннің?
Ұмыту бірақ әбестік.
Орнына сенің күлкіңнің,
Орнын толтырмас ән естіп.
Өзіңді өзің жұбатып,
Өтет деп қазір алдыңнан.
Көзіме келіп тұнатын,
Арашалар деп бар мұңнан.
Көктемнен көйлек сұратып,
Бүр атып бүрме етектен.
Ерніңде тұнып тұратын,
Еркелігіңді жетектеп.
Өтет деп күту, ой қандай,
Азап екенін білер ме ең?
Еркелігіңмен ойланбай,
Ессіздеу қылып жіберген –
Түнерген жанның бірі едім,
Түнермей қалай жата алам?
Алқызыл түсті жүрегін,
Атыңмен сенің атаған –
Жат адам едім, құлақта,
Сыңғыры қалған күлкіңнің.
Жылатшы, жылат, бірақта,
Жыламауым да мүмкінмін.
Кешірші...
Кешірші тағы кешегі,
Белін үзіппін бекемнің.
Маңдайыңдағы бес елі,
Сорыңмын, қайтер екенмін?
Отқа да салдым басымды,
Суға да малдым тасыған.
Жалған-ай, көз жасыңды,
Айтшы енді, қайда жасырам?
Алдана бердім жалған деп,
Ақынмын дедім, кім ұқты?
Мұқағалидан қалған дерт,
Жұматайға да жұғыпты.
Күнәм да тау боп қаланды,
Кінәм тұр әне шеп құрап.
Мені сүйетін адамды,
Жылатып алғым кеп тұрад.
Кешірші...
Тіпті кешірмен!
Өстимін тағы бір күн кеп.
Есалаңмын ғой есірген,
Ессізді кейде жын түртед.
Кешірші тағы кешегі,
Белін үзіппін бекемнің.
Маңдайыңдағы бес елі,
Сорыңмын, қайтер екенмін...
Муза
О, Муза,
Нәп-нәзік менің бөлшегім,
әлемді сенің қасиетіңмен өлшедім.
Жап-жарық болып кетті әне менің айналам,
Ол сенсің Муза, жарқ еткен нұрың ол сенің!
Билеші еркем, кеудеме жалын от таста,
Сен – мендік әуен, менде ондай әуен жоқ басқа.
Ерніңнен сенің сүйгізіп тұрып тоқтатсын,
Тәңірім мендік жүректі бір күн тоқтатса.
Билей бер күнім, мең-зең боп қарап тұрайын,
Иіген жүрек иесін білсін ылайым.
Мені ақын қылып жаратпас еді-ау, егерде,
Муза қып сені жаратпай қойса Құдайым!
Әр басқан ізің, арбасқан жырым ғой менің,
Жыр жаздым, сосын сенің тіліңде сөйледім.
Астаң-кестеңі шыққан жалғанда елжіреп,
Желбіреп тұрсын осылай аппақ көйлегің.
Билей түс тағы, билей түс менің, арайым,
Әлемді сенің көз-жанарыңмен қарайын.
О, жарық сәуле, Музамды берші өзіме,
Мен саған мынау әлемді бере салайын!
Қаңғыбас
Айзада, мынау жаңғырық,
Соңымнан қалмай сенделдім.
Қаланы кезіп қаңғырып,
Есігіңді ашшы ...мен келдім.
Есігіңді ашшы күлген боп,
Ішуді қойғам неше күн
Мен енді ішіп жүргем жоқ,
(саналмаса егер кешегім)
Есігіңді ашшы...
Өтінем...
Артында тұрмын есіктің.
Кешікпеймін деп кетіп ем,
Кешірші... тағы кешіктім.
Дұрыс айтасың ...баламын
Ұмытқан әттең күпірді.
Есігіңді ашшы..
Қаланың,
Иттері талап бітірді.
Жасасаңшы енді бір аяу,
Дертіне мынау пақырдың.
Есігіңді ашшы,
Құдай ау,
Қансырап бара жатырмын
Таңып берші енді сол емді,
Недеген көп ед сұрағың
Қансырап барам бол енді,
Қашаңғы бүйтіп тұрамын?
Жасаған едің қай кесім,
Сөзіне сеніп баршаның.
Аша ғой енді... қайтесің,
Аш енді, Айзөк, шаршадым...
Айзада
Сенсің ғой, сен ғой менің сағынышым,
Қиналам аулақтағы бәрің үшін.
Шығыстан таң боп қайта атар ма едім,
Арқаның ала бұлтын жарып ұшып.
Аулақтағы алты әріп атың үшін,
Өскеменде өртеніп жатыр ішім.
Қалтама жасырып ап әкетер ем,
Арқада қап қоймаса сағынышым.
Бір күні, бір сағатта сөнер деген,
Сәтіңді есіме алып өбектеген.
Осылай сен де менен жырақтарсың,
Осылай мен де сенен бөлек кетем.
Кетпеймін, кеткен күнім өлген күнім,
Жетпесем, жете алмасам өлгендігім.
Онда сен алғаш ақын қабіріне,
Соңғы рет гүл лақтырып көргендігің.
Жылама,
Жыламашы, кектенбеші,
Жыласаң айырма не кектен несі?
Ол қазір баяғыдай аппақ раушан,
Дүкеннен ап келуге кеткен деші.
Қойшы енді, жігіт сөзден тайқып па екен?
Естимін, егілмесін қайтып денең.
Мен қазір анау жолдың әр жағынан,
Бір қорап шылып алып қайтып келем.
Айзада,
Мұнда түнек, ескі көше,
Менің де соңғы арманым өшті кеше.
Қара түнге сенделіп сен жайлы айтам,
Қайтейін ол да мені естімесе.
Келіншек
Жұлдыздан алқа тағынып,
Жанарын күнмен көмкерген.
Жүрегін өртеп бәрінің,
Өзі де бірге өртенген
Шоқ шығар сенің ерінің,
Мен әлі дәмін татпаған.
Тұсына қыпша белінің,
Тұңғиық сырын сақтаған.
Ап қалам сені құшақтап,
Өзім кеп сүйім ерніңнен.
Дедім де сені іші әппақ,
Бейіштен іздеп келдім мен.
Әлі күн міне әуремін,
Жанды да кетті жанар май.
Сен шашқан нәзік сәуленің,
Шуағын жиып ала алмай.
Жұлдызсыз сүйді түн бізді,
Бұлт торлап көктің аспанын.
Соны ойлап барлық жұлдызды,
Жолыңа шашып тастадым.
Үстімен өтші солардың,
Сен басып өтсін деп едім.
Ғашық боп қалған болармын,
Сұрама менен себебін.
Көзіміз кетті жұмылып,
Құлаймыз қазір шегінсек.
Кеудеме менің тығылып,
Кеткісі келеген, келіншек...
Сабина
Мен қазір мұңлы шерге зәрумін,
Кім оны мендей біледі?
23 жасқа келген арудың,
Он сегізде әлі жүрегі.
Сабина, біздің елде гүлдеген,
Раушансың, көркің жарасым.
Жиырма үш жасқа келгеніңменен,
Он сегізде де боп қаласың.
Жігітің бар-ау, үзіп үлгірген,
Жүргенде біздер ай қарап.
Ерніңнен анау қызыл бүлдірген,
Жүретін сол ғой аймалап.
Жасыңды айтуға жасқанасың ба,
Бағаңды асырып бұлдаған –
Күллі ақындардың астанасында,
Мен ғана сені жырлаған.
Көктеген гүлді не керек алу
Тимеңдер, солай гүлдесін.
Қарағандыда ең әдемі ару,
Сабина екенін білмесін.
Мен солай, еркем, мұңнан гүл ектім
Мұңсыз ақынның несі ұлы?
Кеудемде соғып тұрған жүректің,
Сабина болсын есімі.
Мен қазір мұңлы шерге зәрумін,
Кім оны мендей біледі?
23 жасқа келген арудың,
Он сегізде әлі жүрегі.
Мойыл
Ана, менің сөнген жоқ шамым әлі,
Әкем неге осынша қамығады.
Өмір деген күрес қой, күрес болса,
Күресіп жүр Ержанның саңылағы.
Ана, сізді сағындым бүгін тағы,
Аунап шықтым, көзім бір жұмылмады.
Өлеңді іздеп шығып ем, бұлғақтаған,
Буыны жоқ қап-қара бұрымдағы.
Ұйықтамайтын шығармын бүгін тағы.
Білесің ғой, қаптаған досым барын,
Достарым көп, анашым, шошынбағын.
Қасыңдамын, анашым, қайда жүрсем,
Шошынбағын, анашым, осындамын.
Шіліктінің суынан шайқап ішіп,
Қаратайдың бесігін қайта құшып.
Желік іздеп кеткенім жеңілмеу ғой,
Жеңілмесе қыраның қайтады ұшып.
Апам түсті есіме, ана, бүгін,
Салдырлаған арбадай балалығым.
Ауыл түсті есіме адамдары,
Аттамаған адамның ала жібін.
Сонда қалып қойған-ау, бар қызығым,
Енді міне, мұнда жүр жалғыз ұлың....
Есіңде ме, еліріп жүруші ем ғой,
Елін іздеп табам деп Қар қызының.
Содан бері таппадым Қар-қызды мен,
Тұнығымды шөп басты, жалбыз кілең.
Ауыл талай өзгерді содан бері,
Өзгермеген жалғыз жол, жалғыз дүкен.
Сол бір дүкен өшпепті, әлі есімде,
Баламын ғой, айтқанға көнесің бе?
Апамды ертіп келуші ем, келетінім,
Сәбіз сөлі тұратын сөресінде.
Жалғыз қозы. Қотаннан бөлінгенмін,
Мәзбін бірақ. Сәбізден сөлімді емдім.
Жез қақпағын аша алмай бәкісіне,
Жармасушы ем көшеде көрінгеннің.
Балалық-ай, қанбаған ойынына,
Сәбіз сөлін құшақтап қойыныма.
Көзім сүзіп қайтушы ем көрші үйдегі,
Сәмиғазы атаның мойылына.
Қайран ауыл, ауылы малшылардың,
Ойран салдым, төсіңнен шаң шығардым.
Кейін талай үздіктім сол мойылға,
Қарашығын көрдім де Қаршығамның.
Ұмытқам жоқ, барлығы ойымда әлі,
Әлі өмірім баланың ойындары.
Қара қыздың көзінде қазір бірақ,
Сәмиғазы атаның мойылдары.
Бала күннің қалмаған бәлесі ме?
Назын айтып отырған нәнесіне.
Қара көзге қарасам, қараң қалғыр,
Қара мойыл түседі әлі есіме.
Менің күнәлі періштем
Құралай АНАРБЕКОВАҒА
Күнәлі көздер жоқ қазір,
Күнәсіз бәрі шетінен.
Басымды салып отқа бір,
Суға бір малып кетіп ем.
Өскемен қалды алыстап,
Көктаста қалды көп арман.
Көк сүңгі тамшы ғарыштан,
Көктемге сіңіп жоғалған.
Тоналған шақта көрдім мен,
Көктемдей көркем көркіңді.
Мен әлдеқашан сөндірген,
Сөндіріп алған өртімді.
Лаулаттың қайта, Құралай,
Айнамкөз қаса сұлуым.
Дертімді менің сұрамай,
Сыйладың жүрек жылуын
Кинолентаның бөлшегі,
Қайғымды менің бөліскен.
Күнәлі қылды ол сені,
Менің күнәлі періштем.
Күлімдеп ылғи тұрасыз,
Жасырып мұңды реңді ана...
Бейіште бәрі күнәсіз,
Күнәлі жерде сен ғана...
Мен ғана соны білемін,
Білмейді менен басқа адам.
Суырып алып жүрегін,
Суырып алып тастаған.
періште жалғыз өзіңсің,
Қанатын қиып тастаған.
Басқа дүние көз ілсін,
Көз ілсін сенен басқа адам.
Ғашық боп қалдым мен сізге,
Рас айтам сізден жасырмай.
Күнәлі болып жөнсізде,
Күнәсіздерге бас ұрмай.
Жасырмай айтқан сезімін,
Жаралған алау шоғынан.
Періште сенің есімің,
Күнәсін ерткен соңынан.
ей, уақыт, енді тиме оған,
соныкі енді бұл ғалам.
қарашы, әне, кинодан,
періштем күліп тұр маған.
Кездеспей бәлкім қалар ек,
өмір дейтұғын иірімде?
Самал жел мені де ала кет,
Ала кет «Қазақфильмге»
Соңғы дуэль...
О, Пушкин, серілік күн кештім,
Екі аттап түстім де тараптан.
Топаспен топтасып бірге іштім,
Сен ішіп көрмеген шараптан.
Муза кеп соңынан ертеді,
Ал енді басқаны сүйіп көр.
О, Пушкин, мені де өртеді,
Сені де өртеген күйіктер.
О, Пушкин, бұйра шаш, қыр мұрын,
Уақыттың өткені-ай, қанкештім.
Тумадым екі жүз жыл бұрын,
Жазасын беретін Дантестің.
Расымен кешігіп қалғам ба?
Өлмеген Дантестер тірі әлі.
Төлеген мертіккен аңғарда,
Есенин асылып тұр әні...
Мен соған айтамын еркелеп,
Қыршаңқы мінезім жайында.
О, Пушкин, мені де ерте кет,
Маған да бір орын дайында.
О, Пушкин, егіліп келіп ем,
Көзіме қарашы сенбесең.
Серёга сонда ма сенімен?
Мені де ала кет ендеше.
Бейішке кіргендей күй кешіп,
Екі аттап түсем де тараптан.
Отырсақ қайтеді бірге ішіп,
Сергей де ішпеген шараптан.
Расымен кешігіп қалғам ба?
Өлмеген Дантестер тірі әлі.
Төлеген мертіккен аңғарда,
Есенин асылып тұр әні...
Мұқағалиға
(Кеңсайда)
Уақытым, аға, аз қалды,
Қоштасам қазір бұл жермен.
Төбемнен ұшқан қаздарды,
Төменнен көріп жүргеннен.
Кетемін аға бұл жерден,
Келермін қайтып бір күні.
Дүкенде тұрған гүлдерден,
Артық қой мынау қыр гүлі.
Әзірше хош бол асқағым,
Төменнен қарап көрмеген.
Келмейді жалғыз тастағым,
Тар бесік, тап-тар бөлмемен.
Аманаттасам жырды елге,
Маған да өмір сыйы бар.
Сізге бұйырған бір бөлме,
Бізге де бір күн бұйырар...