«Дозадо» (dos-à-dos) түптеу әдісі - француз тілінен, «спина к спине» (қаз. арқа арқасына) деген мағынаны білдіреді. Бұл термин ең алғаш рет ХVI-XVII ғасырларда қолданыла бастаған, кітапты байланыстырудың осындай ерекше әдісін Эрик Кваккел «Сиам егіздері» деп атаған. Дозадо түптеу әдісі бір-бірін толықтыратын екі кітапты бір-біріне қосу үшін қолданылған. Бұл тәсілмен түптелген кітаптардың артқы мұқабасы жоқ, оның орнына екі алдыңғы мұқабасы және бір түбірі бар. Мысалы, орта ғасырларда аса танымал кітаптар - діни басылымдар болғандықтан, «дозадо» тәсілімен жиі түптелетін екі кітап «Жаңа өсиет пен Ескі өсиет» діни кітаптары болған. Себебі олар шіркеу қызметтері кезінде өте қажет кітаптардың бірі. Бұл тәсілмен түптелген кітаптар XVII ғасырдың бірінші жартысында Англияда өте кең таралған.
Орта ғасырлардағы кейбір кітаптар осы стильде дамып, өркендеген. Төмендегі суретте (1736 жыл) бес кітапты осы «дозадо» тәсілімен біріктірген.
Қазіргі таңда «дозадо» тәсілімен түптеу сирек кездеседі, бірақ мұндай түптеудің бірнеше түрі ХХ ғасырдың ортасында қайта пайда болып, дами түскен. Екі кітаптың мәтіні бір-біріне 180° - қа қарама-қарсы жазылған, сондықтан бір мәтін «басынан аяғына дейін», ал екіншісі «аяғынан басына дейін» оқылады. Оқырман бір кітапты оқуды аяқтағанда, ол екінші кітапты оқу үшін оны төңкеруі керек. Сондықтан олар «Төңкермелі кітаптар» деп те аталады. Түптеудің бұл түріне «tête-bêche» терминін де қолданады яғни, француз тілінен аударғанда «басынан аяғына дейін» деген мағынаны береді, бірақ «dos-à-dos» (екеуі бір) термині жалпы түптеудің бұл түріне қолданылатын ортақ термин болып қала береді.
ХХ ғасырда осы тәсілмен шыққан кітаптан мысал келтіретін болсақ. Ол «Ace Books» баспасының «Ace Doubles» ғылыми-фантастикалық кітаптар сериясынан жарық көрген кітаптар. Бұл кітаптар сериясынан 1978 жылға дейін дозадо тәсілімен түптелген кітаптар жарыққа шыққан. Кітаптардың форматы төмендегі суретте көрсетілген, яғни, бір бөлігі жоғарыдан төменге қарай, бір бөлігі төменнен жоғарыға қарай бағытталып шығарылған. Кітаптың бір бөлігін оқыған соң, төңкеріп екінші бөлігіне көше алатындай болған.Бүгінде баспа, полиграфия және кітап саудасы сияқты істерде бұл «дозадо» тәсілі іс жүзінде көп қолданылмай келеді. Дозадо тәсілімен шығарылған кітаптың бір ерекшелігі - оқырман бір ғана авторды оқымайды. Бір кітаптың ішінен екі автордың шығармаларына бірден қол жеткізе алады. Бірақ, дозадо кітаптарын шығару қарапайым кітап басып шығару ісіне қарағанда күрделі, әрі көп еңбекті талап ететін жұмыстардың бірі болып табылады.
Қазақстанда ең алғаш, бұл тәсілмен кітап шығарғандар қазақ поэзиясынан өз орындарын алып үлгерген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Ақберен Елгезек пен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогінің иегері, ақын Ерлан Жүністің «Twinbook» (егіз кітап) форматында «Ғаршы» және «Ғаусар» атты жыр жинақ кітабы жарық көрді.
Екі ақынның айтуы бойынша «бұл кітаптан «өмірдің ащысы мен тұщысын, кейде тәтті сәттерін де, екі рухани жақын адамдардың жан арпалысын, қуанышы мен мұңын, жеңісі мен жеңілісін, арманы мен үмітін таба аласыз. Яғни, «егіз кітап». Егіз жанның елге ұсынған екі бөлек әлемі», - дейді.
Кітаптың атауы «Ғаусар» және «Ғаршы». Бұл туралы Ерлан Жүніс: «Жұмақта кәусәр бұлағы бар деген түсінік бар ғой. Яғни, бұл – Алланың адамға берген шексіз ризығы. Менің ойымша, әр адамға бір ғаусар беріледі. Бізге – сөз, біреуге – қолөнер шеберлігі деген сияқты. Ал менің ғаусарым – менің поэзиям». Кітап атауы осы мағынада қойылды десе, ал Ақберен Елгезек: «Ғаршы – менің түсінігімде, шексіздіктің сыртындағы әлем. Менің шығармашылығым тылсым дүниелерге толы. Маған жақыны осы»,- деп кітаптың атауы жайлы қысқаша түсіндірме берген екен.
Елімізде «Twinbook» (егіз кітап) немесе «Дозадо» кітабы алғашқы кітап. Бұл қазақ поэзиясы оқырмандары үшін үлкен жаңалық болды. Алдағы уақытта дозадо форматындағы кітаптар көп шығарылса, оқырман үшін қолайлы болмақ.
Кітапханаларды дамыту бөлімі Жамауова Ұ.