Тоныкөк – жазба ескерткішіне 1300 жыл
Қай халықтың да әдебиеті сол халықтың тарихымен бірге туып, бірге қалыптасып дамиды. Түркі тектес халықтар өз әдебиетінің тарихын бәріне ортақ ертедегі жазу – сызудан бастайды. Басқаша айтқанда, тегі бір, түрі бір туыстас ұйғыр, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, түрік, хакас, алтай, әзербайжан халықтары өз әдебиетінің тарихын бірге жүріп тіршілік еткен, бәрімізге ортақ дәуірден бастау алады деп біледі. Бұл әбден заңды. ХV ғасырға дейінгі жазылған әдеби шығармалар, ақын – жазушылар, мәдениет ескерткіштері түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ мұра.
«UNESCO» - 2020 жылды түгел түркінің абызы Тоныкөк бабамыздың жазба ескерткішінің 1300 жылдығына арнады. Тоныкөк жазба ескерткіші – Екінші Шығыс Түрік қағандығының (6 ғасыр) саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігер.
Тоныкөк – Екінші Шығыс Түрік қағандығының мемлекет қайраткері, қолбасшы, ойшыл, Түркі әскеріндегі ең жоғары Аға Тархан дәрежесіне ие болған тұлға. Білге қаған мен Қатаған қағанның көреген кеңесшісі ретінде танылған. Абызға арналған жырдың мәтіні көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған. Құлыптасты ХІХ ғасырда Солтүстік Монғолиядағы Сэлэнга өзені бойынан Д.А. Клеменц тапқан. Ескерткіш мәтінін оқу, басқа тілдерден аударма жасау және ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне В.Томсон, В.В.Бартольд. С. Е.Малов т.б. түркітанушы ғалымдар қатысты. Тоныкөк жазба ескерткішін қазақ әдебиеті тұрғысынан зерттеген ғалым Мырзатай Жолдасбеков болды. Жыр 313 өлең жолынан тұрады. Жырдағы жалпы оқиғалар желісін зерттеушілер он төрт хикаяға бөліп қарастырады.
Жыр – қағандықты сыртқы жаулардан қорғау мақсатында жасалған әскери жорықтарға қолбасшылық жасап, тамаша жеңістерге жетіп отырған, бабамыздың ерлігі мен сондағы қиян-кескі соғыстарды баяндайды. Жеңістер өзінен-өзі келмегенін,Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен,істерімен қыруар үлес қосқандығы шеберлікпен суреттеледі. Түркі елінің сан қырлы өмірінде оның тарихи рөл атқарғаны ерекше айтылады.
Жыр – тақырыбы, көтерген мәселесі, көркемдік сипаты т.б. жағынан қазақтың эпостық жыр дәстүріне өте жақын. Елдің бірлігі, елге қорған болған батыр, ел басқарған көсемдердің даналық әрекеті шығарманың негізгі арқауы. Себебі, қазақ халқы тарихи тамырын ерте орта ғасырда жайып, әлемге әйгілі болған көк түріктерден, байырғы ғұндардан, ежелгі сақтардан бастау алған. Өзге түркі тектес халықтар сияқты қазақ халқы да сол тарихтың тікелей мұрагері.
Ешбір ұлт, ұлыс, этнос бір-ақ күнде ғасырлық дүние жасай алмайды. Үш ғасыр бойы билік жүргізген, мәңгілік ел орнатуды көксеген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп, тарих сахнасында өшпестей із қалдырған бабалар естелігін - тектіліктің ең биік шыңы деп бағалауымыз керек.
Демек, Тас ескерткіштер – өзіне дейінгі мың жылдықтардың тарихи тәжірибесін бойына жинап, өзінен кейінгі адамзат әулетіне тарихи - мәдени мұра етіп қалдырған аса бай құндылықтар қазынасы. Бұл қазына-байырғы түркі мәдениеті, болмысы, рухы мен келбеті, ділі мен тілі, даналығы, мәдениетінің өшпес айғақтары, әлем өркениетіне қосқан үлкен үлесі екендігін білуіміз керек.
Құрметті оқырман, ежелгі тарихтың көнерген беттері сізді қызықтырса, кітапхана қорындағы М. Жолдасбековтың «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» 2005, 2007, Н. Келімбетов «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерлері», «Әдеби жәдігерлер» 20 томдық, Еспенбетов А.С. «Әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық кезеңдері» атты туындылармен таныс болыңыздар.
Оқу залдары бөлімі кітапханашы Айтбаева К.