Жақсы адамның өмірден өткені үлкен өкініш, жақсы адам жарық дүниемен қоштасқанымен онымен етене жақсы араласып, бірге жүрген жандардың көңілінен жүрегінен ажырап кетпейтіндей болады.
Айтайын дегенім – бітімі бөлек, еліміздің мәдени өмірінде жарық жұлдыздай жарқырап, өшпейтін із қалдырып кеткен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» аяулы азамат Мейірхан Сәйдіұлы Адамбеков жайлы. Ойлап отырсам ән өнерінің ақтангері, биік парасат иесімен, рухани таныстығым отыз жылға жуықтаған екен. Қасиетті Қарқаралы топырағынан өзінің туа біткен дарын талантымен өмірге келген Мейірханның өнердегі жолы, халық ішінен шыққан әуесқой өнерпаздардан құрылған «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің құрамында болып, жезтаңдай әнші Әміре Қашаубаев ән салған Франциядан басталып, үлкен сахналарда жалғасты. Ұрпаққа үлгі етер тамаша өнегелі істері аз емес еді. Халық шығармашылығын насихаттау мен дамытуға бар күш - жігерін жұмсап, шынайы өнерге деген жанашырлықпен дәстүрлі әндерді халық арасында кеңінен насихаттады. Соның айғағы 1994 жылы «Әнім саған аманат келер ұрпақ» атты бірінші облыстық Жүсіпбек Елебеков атындағы әншілер конкурсын өткізу жөніндегі ұсынысын, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы, мәдениет жанашыры Р.Омарбекова қолдап өткізілді. Оның бірінші кезеңі жергілікті жерлерде өткізіледі, деген хабар естігенімізде халық әндерінің бағы бір жанатын болды - деп қуанып қалдық. Жүсекеңдей әншілер орындайтын «Ардақ», «Айтбай», «Жиырма бес», «Сұржекей», «Гаухар тас», «Жайқоңыр», «Сегіз аяқ» әндері небір талантты өрендер бақтарын сынайтын конкурсқа, Қарқаралы - Балқантау жеріне осы өлкенің төл перзенті әннің иесі ғана емес, киесіндей болып өмірге келген Мейірхан Адамбеков бастаған, Зейнолла Мейрамбеков, Жақсыгелді Кемалов, Әуезхан Бахадұровты ерітіп іріктеу комиссиясын жасақтап әкелді. Арқа өңіріндегі облыстық дәстүрлі конкурстан басталған, ән байқауы Республикалық көлемінде өтіп келеді. Топырақ талант тудырмай қоймайды, осы бірінші облыстық конкурстың бас жүлдесін алған, Қарқаралының тумасы Сержан Мұсайынов бүгінгі күні ізін басып, ән - ғұмырын жалғастырып жүрген шәкірті.
Ұлтымыздың өнер өрінде елімізге еткен еңбегі, яғни туған елін, жерін оның өнерін аялауда, қойнауы тарихи шежіреге толы киелі Қарқаралы жерінде өтетін әрбір мәдени шараларға ұдай ақыл кеңесімен, нақты іс-әрекетімен қолдау білдіріп, дәнекер болып отыратын өнер жанашыры еді. Қарқаралы өнерпаздары бірқатар шетел сапарларында болды. Осы өнер сапарларының бәрінде халқына қадірлі болған таланты мен өнегелі де, ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, елімізбен жеріміздің мәртебесін көтерді. Өзім куә болған, 2000 жылы Болгарияда өткен 32-мемлекет қатысқан халықаралық фестивальға барғанымызда, қазақ елінің көк байрағын «Сарыарқа» күйі ойнай жөнелгенде ұлттық киім мен нық басып ортаға келіп, көрермендерімен төсіне қолын қойып амандасып, бір тізерлеп отыра қалып туды сүйіп, маңдайына тигізген соң мақтаныш пен көтеріп алғанда, бес мыңнан аса көрермен орынынан тұрып, қол шапалақтап «Қазақстан», «Қазақстан» деп ұрандауы Мейірханның отан сүйгіштігіне, ұлт жандығына көрсеткен үлкен құрмет еді. Сыртқы келбетіне ішкі мәдениеті жарасқан, ақжарқын адамгершілігі мол абзал азаматпен 2011 жылы Түркияда Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерей тойына арнай өткізілген «Түріксой» екінші халықаралық симпозиумға қатысу мәртебесіне ие болып, өнер сапарына бірге бардық. Он алты елдің өкілдері жиналып ұлы Қасымды ұлықтадық, Мейірхан салған Қасым әндеріне деген шексіз құрмет пен ыстық ықыласын көргенде бойымызды кернеген мақтаныш сезімін сөзбен айту жеткізу мүмкін емес. Көңілі кең, жүрегі адал дарын иесімен, бір – бірімізге деген қошемет құрметіміз шын жанашырлық, бауырмалдық қазақи сыйластық бар болатын. Содан да, мекен әр көрген сайын сағынышымды жасырмай қуанушы едім. Мейірхан жымиып Раукеннің өмірі мен өнері араласып кеткен, - дейтін еркелетіп. Әңгімесі қандай! Көңіліңді аулап, бауырына тарта әңгімелесетіні сірә ұмыт болар ма екен!
Қазақ өнерінің қара нары Жүсіпбек Елебековтің адал жары ел анасы, Хабиба апамызбен үнемі хабарласып елдің аманатын, сәлем сауқатын, дәмін арқалап жеткенімде қатты қуанып, Ел аман ба? Қарқаралым аман ба? Мейірханым аман ба? дейтін – жанарына жас үйіріліп. Апа – ау! Ел аман деп, Мейірханның телефонына хабарласып апама бере қоямын. Әлсіз саусақтары мен телефонды алып, жүзі нұрланып «Қарқаралы басында жалғыз арша» әнін бастайды, әр жақтан Мейірхан қосылады, сосын барып Хабиба апамның көңілі жайланады. Шіркін - ай! Қос алыптың өнеріне куә болған неткен бақытты күндер еді.
Оқырман қауым кітапхана қорынан Б. Қожырұлының «Рухани байлық» атты кітабынан және баспасөз беттерінде басылған Мейірхан Адамбеков туралы материалдармен таныса аласыздар.
Негізгі құжаттарды сақтау бөлімінің
кітапханашысы Жылтыбаева Р.Р.