Халқымыздың басты қазынасы – той. Қонақ келсе қорадағы соңғы қойын сойып, бар жылы – жұмсағын тосып қарсы алатын қонақ жайлылық қазақы болмысымызға біткен асыл қасиет. Той жасасақ барымызды салып, келген қонақтарды риза қылмай қайтармайтын халықпыз. Ата салтымызды жалғап осы күнге дейін өз ретінше орындап, бар бабымен өткізіп жүрген дәстүрлеріміз қаншама.
Бір ғана «Қыз ұзатуды» алып қарасақ, осы дәстүрді өткізудің өзі бірнеше сатыларға бөлінеді. Қыз ұзату барысында рет-ретімен орындалатын рәсімдер бар. Қызды туған шаңырағынан шығарып салу сәтінің өзі қаншама көңіл толқытар қуанышты сәттерге толы. Қыз ұзату тойын түйіндейтін рәсімдердің бірі «Қоштасу» салты. Қоштасу кезінде қыз бүкіл жақын туыс-туған, ата-ана, аға-інілерімен қоштасып шығады. Көңілдері босап, толқыныс күйін кешкен қалыңдық пен жақындары жылап қоштасып жатады. Бұл отбасындағы береке-бірлікті, татулықты көрсетеді. Байырғы заманда қоштасу кезінде қыздар «Сыңсу» айтқан. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Сыңсу өлеңдерін ақындар немесе қыздардың өздері шығарады. Ондай өлең жырды сыңсу дейді. Сыңсудың байырғы заманнан қалыптасқан әні мен сөзі бар.
Базардан алған тақтайым
Сындырмай қайтіп сақтамайын.
Айналайын ақ апам,
Ақ сүтіңді қайтіп ақтайын.
Қызғалдақ еді құлпырған.
Барамын ұзап жұртымнан.
Тірегім болған әкешім,
Тілеушім болған сыртымнан.-
деп өз босағасына аттаған.
Теңін тауып, сүйгеніне қосылу әрбір қыздың арманы. Дегенмен, дүниеге әкеліп, аялап өсіріп, барын алдына тосып әлпештеген ата-ананы қиып тастап кету де көңілді жабырқатады. Осындай сәтте қыздың өзін және туыстарын жұбатып айтқан сыңсуының мәні тереңде. Ең бастысы осы атадан асыл мұра болып жеткен салтымызды жаңғырту.
Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз
ету бөлімінің кітапханашысы Насреддинова А.Н.