ШӘМШІНІҢ ӘНДЕРІ-АЙ!!!

Шәміл-ау!

Шәмші қайда?

Шәмші қайда?

Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын, жүректі жандандырсын,

Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын... деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев ағамыз тегін жырламаса керек-ті...  Қазақ әндерінің королі атанған кіші жүздің «Жағалбайлы» руынан шыққан аса көрнекті сазгер, мәдениет саласының майталманы, қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаушыларының бірі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 90 жыл. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында 1930-шы жылдың 15-ші тамызында дүниеге келген сазгер, 1950-ші жылдан бастап өнер өлкесіне қадам басқан. Әр қазақ – той-думанында Шәмшінің әнін шырқамаса көңілі марқаймайды. Тіпті дастархан басында я болмаса көшеде де Шәмшінің әуезді әні қалықтап жүр. Себебі: - Әрбір қазақтың құлағында Шәмшінің әні, жүректерінде әуені бар. Сазгер апталап, айлап ел аралап, той-думандарда серілік құрып жүреді екен. Сондықтан болар әндерінің көбісі лирикаға толы сезім иісі аңқып, жаныңды баурап жүрегіңді елжіретеді. Оған дәлел ақын Ғафу Қайырбеков ағамыздың:

Әлемнің жарығын

Сыйладың сен маған

Даламның әр гүлін,

Жинадың сен маған - деген «Ана туралы жыр» өлеңіне Шәмші ағамыз ән жазып анаға деген құрметті, анаға деген сағынышты, ыстық махаббатты ән қылып қалықтатып жіберді емес пе?! Махаббат лирикасына қарай; «Арыстың жағасы», «Дүнген Қызы», «Сыған серенадасы» қандай тамаша әндер десеңші. Мен әлі де Шәмшінің әндерін тыңдаймын. ХХІ-ші ғасырдың 20 жылын артқа тастап бара жатырмыз. Менің қатарымдағы жастар шетелдің, Қазақстанның қазіргі эстрада жұлдыздарының бүгін хит ертең жоқ болып жатқан әндеріне еліктеп жүр. Ойлап қарасам, бүгінгілердің ХИТ деп жүрген әндері бір-екі жылдан соң тарих саханасынан өшіп жатады. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ олар әнді мәңгілік дүние емес, бір күндік қылып жазатындарына қынжыламын. Шәмші ХХ-шы ғасырда дүниеге келіп, ХХ-шы ғасырда өмірден озса да, әндері осы күні де шырқалып келеді. Сонда «Әндерінің өміршеңдігінің сыры не?» деген сұраққа былай жауап берер едім:  Шәмші өзінің заманындағы замандас қазақтың мықты ақындарына өлеңін жазғызып, өзі ән жазды, нотаға түсірді. Міне, сондықтан болар әндері ғасырдан астам уақыт шырқалып келеді.  Ал қазіргі әншілердің ХИТІНІҢ жоғалып кетуінің бір себебі поэзиядан хабары болмаса да өзі өлеңін жазып, өзі әнін жазып, өзі шырқайтынын көрмеймісің. Қазір де мықты ақындар бар емес пе?! Шәмші өмірден озса да өлмейтін мұра қалдырып кетті мына қазаққа. Әлгі «Ақсақ құлан» мультфиліміндегі Жошыға ұлының қазасын күйімен жеткізген күйшідей – Шәмші Қалдаяқов та еліне деген сүйіспеншілігін, ыстық махаббатын, халқының қуанышын, мұңы мен зарын әнімен жеткізе білген асқақ талант иесі.

Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы толық мәлімет алғыңыз келсе, кітапханамыздың қорындағы келеісі кітаптарды алып оқуларыңызды ұсынамыз.

  • Бодықов О. Шәмші Қалдаяқов: хикаяттар. Алматы. «Шабыт» баспасы – «Дәуір»,1992, 112 бет
  • Жақсымбетұлы Е. Шәмші-дария:Деректі дастан – Алматы: «Білім баспасы», 2015. – 346 бет
  • Әкімқұлов Е. Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы: Роман-эссе. – Алматы: «Өнер», 2012. – 464 бет

 

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің

кітапханашысы: Ақбергенов Е.Е.