Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастары болып табылады. Жастар - қай заманда, қай мемлекетте болмасын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Сондықтан да, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігіне сеніммен қарайды, олармен санасады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы мен жаңа идеяларының туындауына себепші болады. Ал жаңа идея кез келген мемлекеттің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына, мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыруға нық қадам бастайды. Осындай ел болашағының кепілі, халықтың үкілі үмітін ақтау мақсатында тер төгіп білім алып жүрген, аянбай еңбек етіп жүрген жастар аз емес. Осындай жастардың құрметіне күллі әлемде жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде бекіткен. Яғни, әлемде 12 тамыз – «Халықаралық жастар күні» ретінде аталып өтеді. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылғы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен.
Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Тəуелсіз еліміздің іргесінің берік болуы білімді мамандардың, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кең азаматтардың қолында», – деп жастарға зор сенім артқан. Жастарға сенім арта отырып оларды қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар мен жобалар ұйымдастырған.
Еліміздегі жастарға арналған бағдарламалар мен жобаларға нақтырақ тоқталатын болсақ:
«Болашақ» бағдарламасы – «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Осы уақыттың ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өткен. Бағдарламаның жүзеге асырылып келе жатқанына 26 жыл.
«Дипломмен ауылға» жобасы - 2008 жылғы 24 желтоқсандағы ҚР-ның «Ауылды тұрғылықты пункттерінде әлеуметтік салалардың қызметкерлерін ынталандыру және әлеуметтік қолдау сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бойынша құрылған. Бұл заң 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енді, онда ауылдың тұрғылықты пункттеріне өмір сүру және жұмыс істеу үшін келген әлеуметтік сала мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қарастырылған.
«Серпін - 2050» бағдарламасы - 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Бағдарлама мақсаты - халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр. «Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқитын студенттер сондай-ақ, жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды.
«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы - Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауының ІІІ тармағы бойынша: «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттыру. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жастарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болғанымен, қазіргі таңда еліміздегі баспана мәселесі бар кез келген тұрғынмен жұмыс жасауда.
«Бастау бизнес» оқыту жобасы - кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Bastau Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен 2016 жылы басталған. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған тағы бір бағдарлама «Жас кәсіпкер» бағдарламасы. Бұған жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздар қатыса алады. Аталған жоба «Бастау» жобасына ұқсас, яғни, жастарға арналған кәсіптік оқытудың жаңа түрі.
«Жас маман» жобасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жастар жылының ашылу салтанатында жарияланған тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. «Жас маман» жобасы «Жастар – Ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 ЖОО жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу болып табылады. «Жас маман» жобасы аясындағы барлық шешімдерді Комиссия талқылап, қабылдайды. Жоба аясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін анықтады.
«Жұмыспен қамту - 2020» - 2011 жылдың 31 наурыздағы №316 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.
Бағдарламаны жүзеге асыру келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
- Оқыту және жұмысқа орналастыруға ықпал етудің тиімді жүйесін құру;
- Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу;
- Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
«Жайдарман» ойындары - әзілқойлар мен тапқырлар сайысы жастардың сүйіп көретін және сүйсіне ойнайтын әзіл алаңы. «Жайдарман» - қазіргі таңда телеарна арқылы көрсетіліп, көптің ықыласына бөленіп жүрген ерекше жобалардың бірі. Егемендік пен тұрақтылықты ту етіп, халқымыздың рухани және мәдени топтасуы мен ұрпақтар сабақтастығын ұштастыруды, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы – жастарды мәдениеттілікке тәрбиелеу, интеллектуалды деңгейін көтеру және өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беру мен қоғам дамуына үлес қосу мен жастардың өмірде өз орнын дұрыс таба білуге баулиды.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің дарынды жастарға беретін мемлекеттік сыйлығы. Ол 1992 жылдан бастап жасы 35-тен аспаған, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени қызметтерімен халыққа танылған, дарынды жастарға 2 жылда бір рет (ғылым, архитектура, өнер, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы салалары бойынша) беріліп келеді. Мақсаты - қазақстандық жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету, олардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашу.
Жастарды біліммен сусындандырудан бастап, олардың тұлға болып қалыптасуына дейінгі және мемлекет тарапынан алатын сыйлықтары да бұл жерде көрсетілген. Осы аталған барлық жобалар мен бағдарламалар елімізде жүзеге асырылып келеді. Ел тұрақтылығын сақтау, халық бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау Қазақстан Жастарының міндеті екеніне тағы да бір көз жеткізгендейміз.
Кітапханаларды дамыту бөлімі
Жамауова Ұ.