«Ерлік әнін тудырған...»

                                                Кеңес Одағының батыры Т.Тоқтаровтың туғанына – 100 жыл

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл. Майданда қыршынынан қиылған отандастарымыздың саны орасан көп. Жаумен айқасып, батырлық көрсетіп  қана қоймай, халқымыздың атын аңызға айналдырып, өзгелерді таңғалдырған қаһарман боздақтарымыз да жеткілікті. Солардың бірі Шығыс өңіріндегі түрлі ұлт өкілдерінен құралып, майданға аттанған жауынгерлер арасында 1942 жылы ақпан айында өшпес ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған  - Төлеген Тоқтаров.

Төлеген Тоқтаров Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы  Қарақұдық ауылында 1920 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. Жетімдік пен жоқшылықты көріп өскен Төлеген, белі қатаймастан өндірісте жұмыс істеп өзін алдыңғы қатардан көрсете білген, өткір, шыншыл, отансүйгіш мінезімен абыройлы болған. Соғыс қарсаңында Риддер қаласы маңындағы қорғасын зауытында жұмысшы болды. Тоқтар майданға алынған соң әскери дайындықтан өтпей жатып, сегізінші Панфилов гвардиялық дивизиясының санын толықтыру мақсатында өз еркімен соғысқа аттанғандардың қатарынан. Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылып, Калинин майданы 3 – екпінді армия 8 – гвардиялық атқыштар дивизиясы 1075 – полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150 – ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазды. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан ержүрек тұлға. 1942 жылы 5 ақпанда Нагаткино ауылына алдыңғылардың қатарына кіре отырып, жаудың 7 әскерін жойып, екеуін тұтқындады. 1942 жылы  9 ақпанда Бородино ауылы үшін болған кескілескен ұрыста рота жауынгері жаудың қарсы шабуылдан бас көтермей әрі дұшпан мен ротаның ара қашықтығы 100 м қалған да ол қасындағы 4 жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға бастады. Жау кейін шегінді. қаһармандығы мен батылдығы үшін Тоқтаровқа қаза тапқаннан кейін КСРО жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен 30.01.1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Ол туралы композитор Р.Елебаев «Жас қазақ» ән – реквиемін (1942), ақын Н.Баймұратов «Ер Төлеген» (1945) дастанын жазды. Риддер полиметалл комбинатының аумағында батырға ескерткіш орнатылып, өзі оқыған №10 мектепке есімі берілді. Өскемен, Риддер, Алматы қалаларының бір көшесі Төлеген есімімен аталады. Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды.

Құрметті оқырман қауым Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған  кітаптарды біздің кітап қорынан оқып таныса аласыздар. 1985 жылы Алматы «Жазушы» баспасынан шыққан Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» әңгімелері мен очеректері, Алматы қаласы 1957 жылы Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан Нұрлыбек Баймұратовтың өлеңдері мен поэмаларынан «Ер Төлеген» поэмасы, сонымен қатар осы автордың Алматы қаласы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қазына» атты өлеңдер мен поэмалар жинағында «Ер Төлеген» поэмасы жарияланған. 2010 жылы Семей мемлекеттік педогогикалық институтының Ғылыми Кеңесінде баспаға ұсынған Нұрлыбек Баймұратовтың шығармалары.

                                                              Халықтың адал ұлы үшін,

                                                              Өлшеусіз ерлік құны үшін,

                                                            Толғанбай тоқтап тұрмаймын.

                                                                Отан үшін аттанған,

                                                                 Ел тілегі ақталған.

                                                           Ерлердің ісін жырлаймын.

Ер Төлеген ерлік өнегелері тарихты нұрландыра түседі және ол өнегелер  - адамдарды алға жетелейтін жарығы мол шамшырақтың бірі.

 

                                          Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы А. Ж. Искакова