Қуанар Өзгеріс

Нота

Жүрегімнің соғылды  қоңырауы,

«Тырс»  еткен тамшының үніменен.

Құлағыма сыбырлап қоңыр әні,

Жүрегімді жауламақ түніменен.

 

Бой бермейді, елітіп көктем гүлі,

Айды жұлып алатын күші бардай.

Қақ тілетін найзағай көкте үні,

Сыңғырлаған даусыңның үні қандай,

Сапырып сары қымыз ұсынғандай.

 

Ырғағына билейді  бүкіл әлем,

Саусақтары майысқан биші құсап.

Дүрсілін жүрегіңнің күтіп әрең,

Ерініңмен ернімді сүйші сусап.

 

Сонда сезем өмірдің тәттілігін,

Әлеміңе пысқырып қарамайтын.

Ащыменен тұщыны таттым бүгін,

Жұмақпенен тозаққа саралайтын.

 

P.S.

Көңілімнің орманы оталады,

Жалғыз қайың...

маған берген сол ма сый.

Ән пернесін ағытып ноталары,

Жүрегімде до ре ми фа соль ля си...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мөр

Сен әлемді көзбен көрдің

мен бұрылып қарамағам.

Сұм тағдырға төзгендердің

ақ жолдарын қаралаған.

 

Қарғыс атқан бұл ғаламды,

Көтеріп ап еңсерірек.

Тайқып кетер бұлғалаңды,

Тіліп түсер семсер керек.

 

Ажыратып ақ қарасын,

Жүгенсізге ноқта сап.

Уақыт берер ақ батасын,

Сағат тілі тоқтай қап.

 

Әттең, дүние мелшиіп,

Қарап тұрар жан жағына.

Жанарыңа ел сыйып,

Көтерген соң хан тағына.

 

Дабыл қағып кеше неге?

Уақыт қойған төр ашып.

Ғұмыр атты пешенеге,

Тағдыр қойған мөр басып...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Домбыра

Көңілдің басып пернесін,

Құлақтың күйін келтірмек.

Жүректі әнім тербесін,

Домбыра-көңіл шертілмек.

 

Ағытып әннің тиегін,

Бұлбұлша сайрап бақтарда.

Көктемнен көйлек киемін,

Жапырақ гүлдер шақтарда.

 

Сыр айтып түнге жасырын,

Домбырам бір күй шертеді.

Жоғалтқан жүрек асылын,

Күмбірлеп күйге елтеді.

 

Жарқ еткен жасын ғасырды,

Жасырып қалу тым ерек.

Жұлдыздан түнді жасырды,

Көк аспан бұлтсыз түнеред.

 

Жаңбыр да жерге назалы,

Шертілмей қалған күй сынды.

Көңілдің ауып назары,

Домбыра-жүрек сүйсінді.

 

 

 

 

 

Шабыт

Білмеймін, қанша күн кештік,

Қалмапты есте өктем үн.

Бұлбұлдың әнін күнде естіп,

Әнші боп кетті көктемің.

 

Даусына қанық бұл ғалам,

Алатын жаулап жүректі.

Сәулелі күндей нұрланам,

Көрігін жырдың үдетті.

 

Дес бермей салып тақымға,

Көңілдің мінді тұлпарын.

Музасын күткен ақынға,

Ұшырып құстың сұңқарын.

 

Қондырып қолға бақ құсын,

Бозарып ақ таң атқанша.

Шабытым кернеп ақ құсын,

Қанатын қайта қаққанша.

Сау бол!

 

 

Өлең

Өлең мен сені аялап өтем.

Ф.Оңғарсынова

Төсіңде тепсінген тағдырға,

Таластың болмасы анық-ақ.

Жабырқау түндерге қалдыр ма?

Жапанда қалмайын қаңырап.

 

Онсызда мына күн құса тым,

Түндерге қалғандай бұртиып.

Түнде де, таңда да тосатын,

Жырларым ішімде тұр күйіп.

 

Шығармай бір дем мен барлығын,

Басқа бір ғасырды күткендей.

Сылтау ғып мезгілдің тарлығын,

Келетін жыр-құсым көктемдей.

 

Жапырақ жаяды бүр жарып,

Уақыттың тыншымас үнімен,

Айналаң жайнайтын нұрланып,

Бақшамда өсірген гүлім ең.

 

Бір күнде әлемді шулатып,

Жүрекке ұя саламын.

Бір түнде өлеңді тулатып,

Жаңбыр боп құя саламын...

 

 

 

 

 

Тамшы.

Тамшы...

                Тамшы...

                               өмірге нәр,

Ақ жауын құйды төбемнен.

Себелеп өтті өңірге әр,

Қара бұлттар түнерген.

 

Көк аспанмен тілдесіп,

Бұлттар маңып барады.

Көңілден самал жыр есіп,

Бұлбұлдың әнін салады.

 

Байланып күзге жанарым,

Көкірек көзді шел басты.

Қалмады ешбір амалым,

Төгетін көзден сел жасты.

 

Тамшылап көзден мөлдір шық,

Жер бетін жапты таң ата.

Сен байлаған сол бір шыт,

Жібектей жұмсақ паң мата.

 

Сол еді менің көз жасым,

Көл еткен көлсіз әлемді.

Сүйгенін іздеп тозбасын

Аралсыз, аңсыз, әр елді.

 

Қаңғырып қала көшесін,

Өмірде қалмай еш белгі.

Қасымнан күнде өтесін

Кешірші мені... Кеш енді...

 

 

 

 

Қаракөз

Өмірден мынау түңілгем,

«Ешкімге болмай керегім».

Көз ілмей іздеп түнімен,

Құстардан сұрап дерегін.

 

Іздедім сені, күн сайын,

Жыр оқып, ымырт жабыла.

Сыйлауға саған гүл дайын,

Сарғайды жүрек сағына.

 

Сағынып күтіп жүргенде,

Оралып қайта бақ құсым.

Жұлдыздан түндік түргенде,

Аймалап жатты ақ құсын.

 

Оятып мендік жүректі,

Ғашық ғып мені өмірге.

Бағыма менің гүл екті,

Көз моншақ қадап көңілге.

 

Сезімнің ішіп шарабын,

Есімнен мүлде алжасып.

Өзгере кетер сананың,

Ішінде жүрмін адасып.

 

Қиылып қастың арасы,

Әлемге ашып есігін.

Мөлдіреп көздің қарасы,

Тербетті жүрек бесігін.

 

Әлдилеп кеткен жанарың,

Көруге сені асықпын.

Маңдайдан сүйіп самалың,

Мен саған тағы ғашықпын...

 

 

 

 

***

Сен едің менің жыр әнім,

Көңілде күмбір күй тұнып.

Сезімнен нөсер сұрадым,

Себелеп өтпеші құй тұнық.

 

Сенделтіп, сергелдең сезімім,

Шарасыз шарқ ұрып ғаламда.

Сан жұлдыз таусылып төзімім,

Күпті боп күдікті ой санамда.

 

Тыңдайтын жүректің үнін тек,

Суретші – сезімдер шимайлап.

Өрнегін салатын күнім бек,

Дариға – ғұмырға сыймай қап.

 

Боз торғай шырылы жүректің,

Жаныма бататын сол қайғы.

Дүрсілін жүректің үдеттің

Раушан – сезімдер  солмайды.

 

...Әу бастан жазылса пешене,

Түзетпес сені ешкім алайда. 

Тағдырдың тәлкегін кеше ме?

Тәрк еткен басын ол қалайда.

 

 

 

 

***

Тағдырдың тепкенде талайы,

Қақ бөліп тасты да жаратын.

Көзімнің шуақты арайы,

Кең жайып қыранша қанатын.

 

Қалықтап ұшады зәу көкте,

Аспанның тілімен үн қатпақ.

Бұлқынған сәбиді жөргекте,

Бесікке бөлеген құндақтап.

 

Естілсе ананың әлдиі,

Тербейді әлемді бесіксіз.

Бойыңды билесе ән биі,

Ескексіз қайықты есіп – біз .

 

Желкенін көтеріп көңілдің,

Қопарып тастаған тау тасты.

Сынаптай сырғыған өмірдің,

Сын сағат ғұмырын жау басты.

Құс жолы

Сезімім шарпысып көгімде,

Тулайды жүректе бір үміт.

Сыңарсыз аққудай көлінде,

Қарайды артына бұрылып.

 

Ағыспен келердей сыңары,

Жаутаңдап қараған көздерге.

Терезем шытынап сынады,

Жүректі жұбатпас сөздерге.

 

Салқындық сеземін жаздан да,

Күз келіп, ұрлаған ұйқымды.

Сағыныш хаттарын жазғанда,

Күмбірлеп көңілде күй тұнды.

 

Сарғайған жапырақ үзіліп,

Сан жұлдыз үмітім жанады.

Тамшы жас моншақтай тізіліп,

Арудың мұң толы жанары.

 

P.S. Сезіммен ақ таңым ататын,

Төккенде арайлы Таң Нұрын.

Мезгілмен үндесіп жататын,

Құс жолы сияқты тағдырым...