Қазақ әнінің бәйтерегі

Қазақ халқының сайын даласы өзіндей шалқар дархан дара, бірегей таланттардың арқасында ұлттық өнеріміз дамып, ән өнері - ешбір теңдесі жоқ бүкіл әлемдік деңгейдегі үрдіске айналды. Қазақтың музыка әлемінде қайталанбас құбылыс болып, ән салудан тұтас бір мектебін қалыптастырған Жүсіпбек Елебеков – қазақ өнеріндегі дара тұлға. Атақты әнші Әміренің өзі «Арқа дәстүрін ұстап менің өнерімді жалғастырған Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін» - деп оның өнерін жоғары бағалап, батасын беріп домбырасын ұстатып кеткен екен. Жерлесіміз Жүсіпбек Елебеков өзінің әншілік таланты арқылы, халқымыздың ән өнерінде сөнбейтін жарық жұлдызға айналып, оның атақ даңқын биікке көтерген, бүкіл қазақ даласын, әр тасы мен жылғасын, әр ауылына дейін әнге бөлеген өнер тарланы. Халқын әнімен әлдилеп, тербете білген шоқтығы биік әнші Жүсекең есімін әрдайым ұрпақтары жадында сақтап, лайықты дәрежеде өз бағасын алған өнер иесі. Жүсекең туралы «Үні кетпес құлақтан», «Ән-аманат», «Қайран Жүсекең» кітаптарының авторы, 200-ге жуық рольдерде ойнаған сахна патшайымы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі асыл жары – Хабиба анамыз, 2009 жылдың шілде айында телефон шалып тамыз айының 25-і күні Жүсекеңнің туғанына 105 жыл және өмірден қайтқан күні. Соған арналған шараларға келіп, бас – көз болуымды айтып Алматыға шақырды. Анамыздың жарына деген адалдығы шексіз құрметі кімге болса да үлгі, өнеге еді. Қашанда маңайына жақсы жайсаңдар жиналатын, қасиетті қара шаңырақта өнер зерттеуші – күйші Жарқын Шәкәрім ағамыз бастаған өнерлі ұрпақтары, шәкірті Алтын Иманбаева, жерлестеріміз дәстүрлі әншілер Гүлбаршын Тергеубекова, Абзал Қуанышұлы, Қазыбек Әбікей, Жангелді Әлібилер мен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің студенттері жиналған екен. Қазақстанның халық әртісі әнші Жүсіпбек Елебековтің өнегелі өмірі мен тағылымды өнер жолы турасында, бірнеше телеарналар мен радиодан арнайы келген журналистер баспа сөз мәслихатын өткізді. Кеңсайдағы зират басына барып, гүл шоқтары қойылып, құран оқылып ас берілді. Осындай ғибратты отырыста Жүсекеңнің әндерінің қаймағын бұзбай  кейінгі ұрпаққа жеткізе білетін Хабиба анамыз жасында естіп, есінде қалған Ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің басқа нұсқасын жеткізді. Бұл енді белгілі әнші Алтынай Жорабаева арнайы барып үйреніп теледидар арқылы халыққа жеткізді. Өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрім Жүсекеңнің домбырасын көтеріп жанында жүріп, ел аралаған өнер сапарын өзіне өмір мектебі екенін айтқан, бүгінде өмірде өткен жайсаң ағамыздың құлағымызда үні қалды. Бұл күндер аса маңызды оқиға ретінде есімізде мәңгілік сақталады. Тұлғасы дара халқының аялы алақанның жылуынан қуат алған, халқының ықыласына бөленген Ж. Елебековке одан кейінде көптеген мәдени шаралар өтті.

2011 жылы 8-ші қазан күні, Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің алдына, Қазақстан Республикасының халық әртісі әнші қоғам және мәдениет қайраткері Жүсіпбек Елебековтің ескерткіш мүсіні қойылды.

2012 жылдың қазан айында «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильмі түсірілді.

2013 жылы «Өнер» баспасынан өнер танушы, әнші Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» ғұмырнамалық хикаят кітабы жарық көрді. Оның жолын жалғастырып жүрген шәкірттерінің барында, әнді сүйіп тыңдайтын көрермендері бар, Жүсекең есімі әрдайым ел есінде. Қорыта келе айтарымыз Жүсібек Елебековтің өнер жолындағы шабытты жасампаздық еңбегін бейнелейтін туындылар қазіргі өнер шеберлеріне, зерттеушілерге, студенттер мен оқушыларға, болашақ ұрпақтарға таптырмайтын маңызды байлық. Осындай мүмкіндікті оқып білу үшін кітапхананың кітап қорынан алып оқуларыңызға болады.

Елебекова Х. Үні кетпес құлақтан. - Алматы: Өнер,1981.-144бет.

Елебекова Х. Ән-аманат:Деректі повесть. - Алматы: Өнер,1989.-312б.

Елебек келіні Х.Қ. Қайран, Жүсекем! - Алматы: Санат,1998.-336б.

Төлеутай Е. Жүсіпбек Елебеков: Ғұмырнамалық хикаят. - Алматы: Өнер,2013.-32б.

 

                           Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы Жылтыбаева Р.Р.