Қуатбеков Ерболат Ерболұлы

Қылмыскер

Мен бүгін сені өлтіруім керек,
Әйтпесе мені жаншып тынасың.
Ойларым байғұс мертігіп…кенет,
Талаққа тастап мансұқ қыласың.

Қара қылмыскер, қара орамал
Іштегі «жеті» сәбиім қайда?!
Қырда жылаған балама обал,
Естіліп жатыр нәби-үн сайда.

Қарқылдап күлдің мелшиген бейбақ,
Орындығыма отырып алып.
Жерді еміреніп, мен сүйген күй-бақ,
Қылардай, сірә, «жетіні» ғаріп.

Есімді жисам қан сорғалап тұр,
Қара орамалдан аппақ түс тамып.
Жыр тауға қарай ән жорғалап бір,
Шайқас әлемге нақ тартыс таныт.

Таңып жатқандай жарамды үндістер,
(Мекенсіз құсты сатқын құс дер кім?)
Жағамды ұстаған қара қылмыскер,
Қалам ұстаған ақ қылмыскермін

 

Жексенбі

Құдайым маңдайын сүрткенде,
Зәу көктен орнады қара жер.
Дәл маған әзірше кілт берме,
…Ақ шәлі киген қыз бара бер.

Жексенбі. Құлақтың әлдиін
Уілдеп салар тек жел ғана.
Жүрмейді ешкімнің дәргейі,
Тыныштық келгенде өлді ара.

Жексенбі. Ақырғы сүйісу
Өлімнің ерніне шөліркеп.
Қаңырап қалғанда үй – іші
Терезе орнында темір тек.

Жексенбі. Жүрегім сескенді,
Айға да шығып ап арман сол.
Жыр жаза бастадым төске енді,
Нәрестең шырылдап қалған соң.

Мына ісін қарашы ұрының,
Наталья көзіңде ақ түнек.
Ақырғы тамшының дірілі,
Пушкиннің кірпігін жапты кеп.

Ал маған Меңсұлу тамшысы,
Кірпікке жіп болып түйілер.
Соңғы акт. Керемет әртісім!
Ендігі мекенге жиі кел.

Жексенбі. Маңдайды сүрттім кеп,
Қара қыз өксіген қара өлең.
Ақ шәлі киген қыз кілт бермек
…Теңселіп келемін қаламен…
Жексенбі..

 

              

 

28.05

Қоштасқалы келдің бе?
Хаттарымды отқа сал.
Жүрегі бар Жердің де,
Ақынменен қоштасар.

Он бестегі – қарлы айна,
Он бес мәрте қаранған.
Он бес сызық маңдайда,
Сызылғандай жараңнан.

Сендік сезім – ай – үміт,
Мендік сезім – дөрекі.
Мені сенен айырып,
Дабыл қаққан он екі.

Әмір көріп белгіні,
Не болар деп соңы, арты.
Сенің жасын ендігі
Он бес емес, он алты.

Бұл жерде енді қалмашы,
Түсірмеймін енді еске.
Қоштасудың таңбасы
28.05-пе?

Тағдыр болып ескертті,
Он бестегі қыз жылап.
Таңғы төрттен бес кетті,
Қоштаса алмадық Біз бірақ…

 

Темекінің қорабы

(Высоцкийге)

Темекі берші, Володя
Қорабым бүгін бос қалды.
Шөлмекпен де дос Мелодия,
Құйып ішейін қос қанды.

Ғасырға тақым салып ең,
«Кірпияз аттар» жолықты.
Бардтың бұлқынған әнімен,
Бөрідей салып жорықты.

Менің даламмен тектес ең,
Жусанға таңып білегін.
Билікті көттен теппесең,
Саптап қояды күрегін.

Сары баласын Сарыарқа,
Сары күйіне шомды кеп.
Бақұлдасқанда, Таганка,
Жырларын тұрды мөлдіреп
Мүрдеңді ғана көмді кеп.

Зырлатып қара волгаңды,
Басынды іи қара Өлеңге.
Ғасырда жалғыз Төр қалды,
Мен ғана барар өлерде.

Гитараңның алты ішегі,
Алты құрлықтың дауысы.
Сені иектеген де құс еді
Және тұлпардың жарысы.

Домбырамның қос ішегі,
Екі дүниенің иесі.
Мені иектегенде құс елі,
Бостандыққа да күйесін.

Жүрегін ұстап ақынның,
Сенің ішінде «Гамлет» жүр.
Ажалға «сен» – деп қатырдың,
Өмір жайлы онда әндет бір.

Темекі берші, өтінем,
Қорапқа Өлең жазайын.
Ажалмен қас боп кетіп ем,
Тарттырам бір күн сазайын.

 

Ана

Шыңдықты баптап – «Өтірік»
«Өтіріктің» ең бір арығы.
Ұртыма толған көпірік,
Әжемнің иіс сабыны.

Жер иіскемеген жамбасым,
Жантаймай кеткен – Жастығым.
Көзімнің күңгірт таңбасын,
Анықтап берді, састырып.

Беліме қонған «көк таңба»
Анамның болды тұтқыны.
-Келу керек қой тоқтамға
Жасыңды енді сүрт, күнім!

Әнімнің қайырмасыңдай,
Айнала бердім шеңберді.
Самайдағы аппақ шашыңды-ай
Аппақ «арыма» теңгердім.

Иіс сезбейтін анамның,
Бетімнің дәйек қызылы.
Сынық кірпіш боп қаландым,
Бұзылмас жерде бұзылып.

Кешірім сұрап нешінші,
Дұшпаным дедім, «өтірік»
Тағы да мені кешірші,
Отырмын иттей опынып.

Күндерім әйтеу, «өтет» – деп,
Өмір сүріпті «уды» ішкен.
Анасы мықты детектив,
Баласы осал қылмыскер.

1
(Төлеужан Ысмайловқа)

                                                                                 Шекара – адамзаттың ең үлкен жеңілісі
Автор

Аяқталмай Бабырдың мұнарасы,
Көк аспанға жатқанда кірпіш қалап.
Бірге туған адам мен мұң – наласы,
Көп әлемге қаққанда тұңғыш қанат.

Ақ пышағын қайрады, Өш кердеңдеп
Кешір Ауа, кешір Жел, кешір Тұман!
Бешпетіне шақ келмей, бес бөлмеге,
Суық күнде Қара Жер Бес ұл туған.

«Ен дала, ақ нәсіл, қара нәсіл» -
Дегендердің тоқтатып қағидасын.
Еуропаны жүрегім барады асып,
Ақ жүзді әлем жиып ап ар – ибасын.

Кешір Аспан, кешір Ай, кешір Қайың!
Түнді өткеріп, жеткізші Кешке мені.
Ақындары сыймаған осы лайым,
Ихтияндр секілді бөшкедегі.

Ұстағанда мылтығын сарбаз – білек,
Шақырайған күнге де кірпік қақпай.
Маңдайына ақынның «ар» жазды деп
«Тар» жазуын таңдайға сүртіп жақты-ай.

Қараша үйдің аузында қалған құлып,
Бет-әлпеті өшпейтін дақпырт, сызат.
Паспортсыз – ақ  Жер бетін шарлап жүріп,
Ар жаққа да барармын паспортсыз – ақ.

                                                                                                   «Ң»  

Ң-ға тілім келмегені несі екен?
Бала құсап Р-ға тілі келмеген.
Әлдекімнің ыңылдаған кеші екен,
Жалғыз қаріп ғаріп жанға бер – деген.

Сол әріпке діңкем құрып жүргені,
Сол әріптен құралатын сүйген қыз.
Мысыр асқан күҢ-ге барып күН – дедім,
Күлімсіреп бір-ақ шықтық биден біз
(Оқылмай тек, тыңдалатын күй мен күз)

ӨлеҢімнің соңғы әрпін «өлеМ» – деп,
Алфавиттің көшесінде адастым.
Енді тіпті үйренетін дәмем жоқ,
Не амал бар…осындай бір бақ астың.

Маған ешкім Ң-ды үйрен деп жүктемес,
Бұл шешімді жарқыным-ау құп дегін.
Ң-ға тілім келмегені түкте емес,
Ымға тілім келмей қалса біткенім

                                                                                                   Сүю

Сәби! Бала! Әке! Ана! Қарт! Әже!
Лүпілдейді жүрегімдей әр меже.
Құлаққа ұрған сағаттардың тықылы,
Төңкерілген тар көзе.

Шайтанмен де есендесіп қойдық па?
Итаяқтан асты да ішіп тойдық та.
Тостағаннан қанын сөйлеп тұрса егер,
От сөйлеген бойды ықта.

Жанарыма бір уыс қан ұйыпты,
Жан кешкеннен пышақ жүзі тиіпті.
Күллі адамды ең сүйікті құлың қыл,
Мен күнәһар – Сүйікті.

Кеудеме алғаш қырсыққан бір түн кірді,
Ей, адамдар үрлемеңдер үлбірді.
Кірпік – талшық сынып кетер жасыммен,
Күлкің үшін сыңғырлы.

Көз алдымда тарам-тарам тарам бел,
Бесігіңе тербейді әлі балаңды ел.
Жалығармын тозақтан не жұмақтан,
Ең дұрысы Қалам бер…

                                                            “Апиын”

“Апиын” керек “апиын”,
Тамыр – жүрегін басайын.
Салар ма екенсің ә, тыйым
Жіпке байланар бақайым.

“Нашақор” қылдың… дертім бе?
Инеде қалып құмарым.
“Ақ мамық” болып кел, түнде
Көпке созылмас бұл әнім.

Балтырын иіскеп қатынның,
Не құным бар ед жарқылда.
Ақ тамақтағы әтір бұл,
Тамшысы керек, тартынба.

“Апиын” қажет “апиын”,
Сиямен билеп жатайын.
Өлең төсегім – ақ үйім,
Қызарып кетті бақайым.

Саф Өлең керек Саф өлең,
“Апиын” көріп құмарттым.
Жердің түбінде жатар ем,
Иығыма кеп мұң арттың.

Айна алдында да бөтенмін,
Кереуетімде жаным қап.
Мен бір күні өліп кетермін,
Мөлшерінен тыс қабылдап.

 

 

Антоним

Иесі бар мылтықтан оқ алмаймын,

Алдымызды ғасырлық перде жапты-ай.

Мен ешқашан Есенин бола алмаймын,

Бола алмас ед, Есенин Ерболаттай.

 

 

Операция үстелі

                                                           Ақындар осы дәрігер сияқты...

                                                                                        Автор

Тіл тартпай кетті...

 

Дәрігер дел-сал, қауқарсыз.

Қыран қанатсыз қалғандай демек, тау қарсыз.

Бір ғана қате – миллиондардың құрбаны,

Қай өтірік пен қайбір шындықты айтарсыз.

 

Көз-айнасында шырылдап сәби, бала жүр,

Тірілгендерді шақырмай қоймас ана қыр.

Сақал-мұртыңда туған өлкенің топырағы,

Топырақтардың импульстарын таба біл.

 

«О, дәрігерім!

Инеңді және қайшыңды ал,

Жолыңа тұрып кес-кестейтін бір қай сұм бар?

Қамайды сені, қамайды қазір кілт-үміт,

Сосын...сосын...шаһар-маңдайға жайсың қар»

 

Басталды шайқас палаталардың ішінде,

Бұл Келісімді түсін сен, мейлі түсінбе.

Дуалдан сонда жүрегі қарғып түскен дейд,

Бір ғана жанның сағат-ғұмыры үшін бе?

 

P.S.

Түнек басты ма?

Қосыңдар қане жарықты,

Бұл оқиғада жар емес таза Ар ұтты.

Муза – Ақынға, Ақын – Өлеңге донор боп,

Титтей жүрегін қаламмен ойып алыпты.

 

 

40 жастағы әйел

(баллада)

 

Күйеуіңнен Меңін жасырып келген деседі ел,

Жүрегін емес, ақ дастарханын төсеген.

Ақшам ауғанда ағарған мұңды бағып кеп,

Ошақтың емес, қызғаныш отын көсеген.

 

Тек, арсыз деме, жүрек - Құдайына адал тым,

Жұлдызы жымың қақпаған түндер – жадау түн.

Жылытып барып, ұмыт қылатын көрпе емес,

Әйелді ораған сағыныш дейтін сары алтын.

 

Он бір жыл өтті...

Он бірінші Айды еске сап,

Ақынын жоқтап, қоштасып жатты ел,

Өшпес-ақ.

Топырағыңа тамыз боп тамған тамызық –

Қоса жылаған қоп-қоңыр меңге тектес ат.

 

Он бір құс ұшты, он бірінші Айдың үстінен,

(Уақытым менің қарашадан да күшті ме ең?!)

Ақыны сүйді он бес жастағы сұлуды,

Сұлу да сүйген ынтығып барып құшты дем.

 

Шер-мұң тасыған Үнсіздік қана делдал-тын,

Қос жанарыңнан жаһұт төгіліп, берді антың.

Әйелдің осы бұрымы қалған жұмақ бар,

Әлемнің осы жыр ұлы тамған жер бар-тын.

 

Ақынның жаны Меңіне қарай беттепті,

Қол тигізбеген сұлуды жырға текті етті.

Сан жылдар бойы көз жауын алған сырғаны

Күйеуінің сонда сұрауға дәті жетпепті.

 

Көк дауыл сынды еріннен сүйіп ызғарды,

Ыңылдай берді маза бермеген күзгі әнді.

Қырық жастағы әйел үйіңде қалса да,

Зират басында он бес жастағы қыз қалды.

 

 

 

 

 

 

ЛИ БО және АЙ

 

Тамырға біткен үш у бар:

Ақын мен Сия және Қол.

Елестен тамып түсуді әр,

Өмір тіліне балады ол.

 

Аспан асты елі – ЛИ БОНЫҢ,

Аударылып кеткен сәтінде.

Мәйханасын сен биледің,

Ажалың қалып бәкіңде.

 

Сенделіп елең-алаңда,

Жығылып біттік тепкіге.

Хуанхэ тұнып жанарға,

Есілді көрмей кетті ме?

 

Атақтың жауып табытын,

Ажалдың аштың пердесін.

Шараптың аузын ағытып,

Теңізбен кеттің белдесіп.

 

Сынық Ай сонда таранды,

Теңізді шыны айна ғып.

Жым-жырт қылғанда даламды,

Шоршып түсті екен қай балық?

 

Сүңгіп кетіпті һәм мүлгіп,

Айнадан көріп Ай – керім.

Ашылды сүттей ән-түндік,

Тағынан сонда тайды өлім.

 

Ақынсыз қалған қатердің,

Ағашты бояп қаны да.

Кетерде, Айды әпердің

Перденің арғы жағына.

 

Аспан асты елі – ЛИ БОНЫҢ,

Аударылып кеткен сәтінде.

Жасы тамып кетті лимонның,

Өртенген сынды катер де.

 

Күйіктің күші тарап па?

Қызғалдақ біткен басыма.

Қан қосып қызғылт шарапқа,

Тоғанның келдім басыңа.

 

-Ақыным, ал сен не етер ең?

Қалыптан қашан шығып ек?

-Құлаған Айды көтерем

Мұсылманның Айшығы, деп. 

 

 

 

 

 

Біз үшеуміз

 

Жан мен Тәннің шайқасы,

Кім ұтса да, жеңіс жоқ.

Омыртқамның тайпасы,

Атса дағы еңіске оқ.

 

Тәнім – көрдің тұрғыны,

Жаным – Көктің мың гүлі.

Арқамды кеп сұр қылып,

Өлтіресің бір күні.

 

Жан, жүрекке өкпелі,

Тән қолымды пір тұтты.

Мұң арбаға жеккелі,

Терімді кім сүртіпті?

 

Тән – Жанымның киімі,

Қалардай-ақ дірдектеп.

Соңғы сөздің түйіні,

Бұл шайқастан түр кетпек.

 

Тәнім – қыздың көрпесі,

Жаным – соған орамал.

Аймалайсың сен төсің,

Ирелеңдеп ораған.

 

Тоқтат...қайсы жақ ашқан?

Кім Өлеңді көшірді.

Жарық боп кеп қапастан,

Қарс айырған төсімді.

 

Кім Өлеңді көшірді,

Жан ба, Тән бе?...айтыңдар.

Білмейді екем есімді,

Аллаға ақ боп қайту бар.

 

Жаным Арға маталса,

Тәнім Қарға сұлап түс.

Менен егер хат алсаң,

Маған жібер бір Ақ құс

 

« - Жан мен Тәннің шайқасы,

Кім ұтса да, жеңіс жоқ.

Ех, Ерболат байқашы,

Өртенерсің, Жер үсті от»

 

Кім сөйлеген?!