Өнердегі өнегелі өмірлер

Әр елдің, кез-келген халықтың тарихында өздері үкілеп, өбектеп өтер ұл-қыздары болады. Сондай ұлы перзенттерден мына сайын даланы ежелден жайлап жатқан қазақ жұрты да кенде емес. Туған елінің мәдениетіне елеулі еңбек етіп, өнер әлемінде өзіндік өрнек салған, Ұлттық сахна өнеріміздің тұңғыш, арғы буынның көшін тартқан құдіретті топтың өкілі «Жазушы» баспасынан 1977 жылы шыққан Қанабек Байсейітовтің «Құштар көңіл» кітабы жайлы өз ойымды бөліскім келеді.

Автор өзінің бұл кітабында сонау балалық кезінен бастап көрген-білгенін, ел арасынан шыққан атақты өнер адамдарымен кездесуін, бойында бар табиғи дарынның әсерімен профессионалдық өнерге араласа бастағанын тартымды баяндайды. Бала Қанабектің есінде мәңгі қалған бір көрініс - атақты ақын Сараны кездестіруі. Үлкен режиссер, атақты актер болу үшін өмірдің көп өткелдерінен өтуі керек. Қанекен нағыз артистердің ойынын көруге ылғи ынтығып жүретінін айтады. Олардың концертінде, спектаклінде құр жібермей, репетициясына барып жүрген, Қанабекті ең алғаш, байқаған тұңғыш профессионалды режиссер Жұмат Шанин болатын. Актер ретінде бауырына тартып, жылы лебіз білдірген Серке Қожамқұлов, Қанабекке Москваға оқуға кеткен Құрманбек Жандарбектің ойнайтын Кебек ролін бекітеді. Жалпы қазақ театр өнерінің қалыптасуына Жұмат Шанинның қаншалықты еңбек сіңіргенін және де өзінен гөрі өзгелер жайында көп айтады. Сонау ақын Сарадан бастап, өзімен жас кезінде кездескен әйгілі әнші Манарбек Ержанов, Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов тағы басқалар жайында, әрқайсысының творчествосына жеке-жеке мінездемелер беріп, халық құрметіне бөлену жолдарын әсерлі жеткізеді.

«Қазақ бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітова жайында кезінде, көп айтылып көп жазылса да, біз білмейтін талай сырлар барын осы кітаптан аңғардық. Өзіне сүйікті жар болған, қазақтың аса дарынды қызы жайында жүрек тебірентерлік сөздер айту Қанабек Байсейітовке ғана лайық. Арнаулы жоғары білімі болмаса да театр өміріне ерте араласқан, өз бетінше ізденіп үйренуі, шеберлерден оқып, музыкалық сахналық дарынын жетілдіру арқасында, қарапайым ауыл қызының ролінен классикалық опералардағы дүние жүзілік мәні бар күрделі бейнелерді жасауға дейін көтерілген, сөйтіп мәңгі өшпес даңққа бөленген Күләшқа кітаптан көп орын берілген.

Құрманбек Жандарбеков жайында, екеуі де әрі орындаушы, әрі режиссер ретінде талай жылдар сахнада өмір бақи жұп–жазбай  достасып қатар жүрумен бірге, тұрмыс-тіршілікте де қуаныш - қайғыны да бірге бөліскенін, осы кітаптан анық аңғарамыз.

Бүгінде классикалық туындыларға айналған «Қыз жібек», «Ер тарғын», «Жалбыр» тәрізді шығармаларының тууына екеуі де ерекше еңбек сіңірген. Мысалы: Ақжүніс бейнесінің «Ер Тарғын» жырындағы сахнада өзгеше жасалуына Күләштің тікелей араласқанын, ал Бекежан бейнесінің айрықша колоритпен шығуына осы рольді алғаш ойнаған Құрманбек Жандарбековтің қаншалықты үлес қосқанын да, Қанекең сүйсіне баяндайды.

 Қазақ әдебиеті мен өнерінің бергісі бүкіл Одаққа, әрісі дүние жүзіне танылуына алғаш жол ашқан - 1936 жылғы Москвада өткен онкүндікке кітап авторы кеңінен тоқталады. Кітапта сол он күндікке барар алдында қазақ өнерінің жарқ етіп танылуына ат салысқан партия совет қызметкерлерінің ұйымдастырушылық еңбегі де ризашылықпен айтылған.

Қанабек Байсейітов өзімен сахнада талай жылдар бірге еңбек еткен Ғарифолла Құрманғали, Мүсілім Абдуллин, Кәукен Кенжетаев, Байғали Досымжанов, Шара Жиенқұлова, Әнуар Үмбетбаев жәнеде қазақ опера өнерінің негізін қалаған композиторлар Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, алғашқы опералардың либреттосын жазған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсрепов, Сағыр Камалов жайында да тебіренген сөздерді оқимыз. Тіпті өзінің жас досы бірнеше пьесаларды бірігіп жазған ақын драматург Қуандық Шаңғытбаевқа да шағын бір тарау арнапты.

Жалпы бұл кітапты қазақтың профессионалдық өнерінің даму белестерін көрсететін құнды еңбек деуіміз лайық. Есімдері аталған музыка саңлақтарының қалдырған мол мұрасын жеткізумен, бір сөзбен айтқанда дәстүр сабақтастығының нәтижесінде, біздің заманға жетіп, есті ұрпақтың еншісіне тиді, текті ұрпақтың игілігіне жарады. Даңқты дарын иесінің өмірінен сыр шертетін «Құштар көңіл» кітабын екінші рет қайта оқығанымда көңілге түйгенімді халқымыздың рухани тарихында аттары алтын әріппен жазылған «Өнердегі өнегелі өмірлері» өнер әлеміне талпынған жастарға үйренер үлгі өнегесі ұшан теңіз. Осы кітапты оқыған әр оқырманның жан дүниесіне рухани азық.

 

                                    Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы: Жылтыбаева Р.Р.