Перизат
Қажет емес кей кездері тіл қатып,
Жеткілікті үнсіз жымың күлгенің.
Сен қасымда жүрсең ол да бір бақыт,
Сен қасымда жүрсең өмір сүргенім.
Жылу алып пәктігіңнен сендегі,
Көздеріңе сүңгіп кетем тұңғиық.
Ессіз қылық кешірімсіз мендегі,
Жүрегіңе қалай ғана жүр сыйып.
Перизатым ертегіден келгенсің,
Қиялымда жасап алғам мен сені.
Сүйкімдісің, қылықтысың, еркемсің,
Енді ешқашан кетпестей боп келші енді.
Мәңгі өлмейтін жауқазын гүл өсірем,
Сенің әр-бір адым басқан ізіңе,
Қауызына есіміңді көшірем,
Солай шаттық ұялатам жүзіңе.
Сені көріп қызғанады хор қызы,
Олда мұндай мәртебені көрмеген.
Ағадірдің бойында өскен қырмызы,
Қарқараның жүрегі боп тербетем.
Жауап
(Азат Мақсұтбекұлына)
«Рухани әке болып жүрген Азат ағамыз,
сабақ үстінде қазіргі ақындар әлсіз,
қоғамдық мәселелерді айту білмейді,
жеке бас сезімнен аспай жүр деп мін таққан болатын.
Салиқалы пікірге сөзбен емес,
өлеңмен жауап бергенді жөн көрдім».
Кейіпі өзгерген келімсектердің,
Достарың қара, жауың ақ.
Темір іздеген терімсектерің,
Мақтамен жатыр бауыздап.
Қолымнан нендей келеді шара,
Бауырым басқа әлемде.
Арқама бата береді жара,
Кім болып жеттік мәреге?!
Түлкінің мана түрінен аумай,
«Мен»-імді кеттім ғаріп қып.
Бабаларымда тыншымай аунай,
Шаршаған шығар жарықтық.
Көзіңнен елге от шығар дедім,
Көз жасқа толды етегі.
Көрегендігім жоқ шығар менің,
Осы көргенім жетеді.
Тарих дейтұғын бір пешенеде,
Ғасырлар құнын сұрап тұр.
Топырақ рухын бүркесе неге,
Қысылып қаным жылап тұр.
(көзімнің жасы құлап құр)
Бұл елге барма жұқпаған азап,
Сынбаған тұғыр сына ма?
Мағжанның тілін ұқпаған қазақ,
Менің тілімді ұға ма...
Көрмеген ешкім рухымды құртып,
Түбінде бағым шабады.
Мың жылда үнсіз жататын мылтық,
Бір күнде ата салады.
Солай Ағай...
Қанаты қара періште
Қап-қара мына күнделік,
Өзіңе ғана жарасым.
Отырмын тағы түнге еліп,
Қара түн сенің қарасың.
Қылықтым неге мұңайдың?
Мұң неге бізге құнықты?
Еріндеріммен бұзайын,
Ерініңдегі құлыпты.
Жанарыңдағы қарашық,
Жанарымдағы мөлдірде.
Сезіммен жатыр таласып,
Жеңіліп жатыр көрдің бе?!
Киесін тапқан шумақтан,
Қараша түні ерек тым.
Әлеміңді ессіз шулатқам,
Мен саған әлі керекпін.
Қара түс сенің сыңарың,
Көңілің ғана аппақ деп.
Қара түн менің сыңарым,
Қара өлеңдерімді жаттап кет.
Ақ уыз менің періштем,
Қанатың ғана қара ғой.
Әлемдерімнен бол үстем
Жүректі билеп ала ғой.
Өртеніп кетем мен іште,
Аңдатпай кел де сүйіп кет.
Қанаты қара періште,
Ақ періштелерден биіктеп.
Ақ өлең
Ақ парақ жатыр жыр парақ,
Күткендей менен оңды өлең.
Жансыз қаламнан үн тарап,
Жарылған сырға жол берем.
Өкпесіз көңіл ақ көңіл,
Өкпем жоқ бүгін ешкімге.
Жалғасын тапты сәтті өмір,
Ұмыттым бәрін кештім де.
Жүректе тулап ақ сезім,
Аруды сүйгем, сүйем де,
Не деген өмір тәтті едің,
Тәттілігіңе күйем бе.
Қанатын қағып ақ арман,
Қуып жет деп үндей ме,
Бөгеттер қайда жоғалған,
Себепші сол ғой үрейге.
Қауызын аппақ раушанның,
Ақ мамық етіп тағам да,
Ақ арман менен қаушамын,
Адаспай жолын табамда.
Аппақ жол кетті шүкірлік,
Жолымды тәңір ашқан ба.
Қауызын жарды бір үміт,
Аязы қатты ақпанда…
***
Кіршіксіз өлеңге керіліп қунаған шығармын,
Тыныс тарылған түндерде тулаған шығармын?
Жаңғырықа еліп тауларда шулаған шығармын,
Құрсақтан әлі жыр болып тумаған шығармын?
Тірлік дегенді түйреуге беттеген шығармын,
Тіршілік деген күйбеңге жетпеген шығармын?
Сырттағы дүниеден жатырқап, алыстап жүріп,
Іштегі дүниеден қашықтап кетпеген шығармын?
Жалғанды жарым ырыс деп жайланған шығармын,
Жалғанды жаным дұрыс деп байланған шығармын?
Бүлінген бұрыш табам деп бос әуременен,
Домалақ ойда жүз рет айналған шығармын?
Ұға алмай сырын санамның күрсінген шығармын,
Ұғынып мүмкін баяғыда түсінген шығармын?
Адамның бәрін кісі деп тырнақшаға ап,
Адамдығын ұмытқан кісі мен шығармын?
Кім білді мұның шындығын, бұлыңғыр бәрі,
Құбылған күндер өмірдің құнын ұрлады.
Қыратта әлі мойнына құрық түспеген,
Ақиқат дейтін далада құлын жүр әлі.