Заңғар ойлы қарттар

Заңғар ойлы қарттарым жүректерің неткен дархан,

Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң.

Жолыңды жүріп өткен қарасам мен,

Оқитын келешекте бір – бір дастан.

Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше, олай болса әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Қарттарын қадірлеген қазақ халқы үшін күнтізбедегі 1 қазан - Қарттар күні деп белгіленген.

Қарт кісіні құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендігі. Сондықтан қазыналы қарттарымызға мейірім мен қамқорлық көрсету парызымыз.

Жалпы 1 қазан - Қарттар күнінің басты мақсаты - назарымызды қарттардың мәселелері мен қиындықтарына аудару. Айта кететін жайт, мерекенің тіпті өз логотипі бар екен. Ол - ашық алақан, яғни мейірімділік пен көмек нышанын білдіреді.

Мерекені алғашқылардың бірі болып, скандинавтықтар тойлай бастады. Біраз уақыттан кейін АҚШ зейнеткерлер үшін жылдың ерекше күнін бөлуге шешім қабылдады. Көп ұзамай мереке халықаралық мәртебеге ие болды. Ал 1990 жылдың желтоқсан айында БҰҰ Бас ассамблеясы екінші күз айының бірінші күнін Халықаралық қарттар күні деп санау туралы шешімі бар қарар қабылдады.

Қазанның бірінші күні бүкіл әлемде әжелер мен аталарға, аналар мен әкелерге оларды қаншалықты жақсы көретіндерін айту үшін қоңырау шалу әдетке айналған.

Қарттар - біздің еліміздің алтын діңгегі. Әрбір қарт адамның жеке басында қаншама тарихи оқиғалар жатыр десеңші! Олардың жасаған істері, жүріп өткен жолдары – үлкен ерлік. Қазіргі өміріміз сол қарттардың арқасында. Еліміздің басқа елдермен терезесі тең болып отырғаны – алдымен ақылы дария осы қарттардың арқасында.

Кітапханамыздың оқырмандар санатының бірі – қарт адамдар. Кітапхананың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында егде адамдарға «Кітап-03» қызметі жұмыс жасайды. Осы қызмет аясында әдебиетті сүйіп оқитын бұл оқырман қауымға кітапханашылар үйлеріне кітапты өздері жеткізіп береді. Биылғы жыл ішінде 100-ден астам кітап егде оқырмандарымыздың үйлеріне апарылды.

Дәстүрлі түрде Қарттар күні кітапхана әкімшілігі барлық ардагерлерді құттықтап, оларға дастархан жайып, жастар қауымы арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырады. Осы мереке қарсаңында зейнеткерлеріміз кітапхана қабырғасында кездесуге асығады. Арқа-жарқа әңгіме айтылып, жастарға ұлағатты тілектер білдіріп жатады.

Елімізді есеңгіретіп тастаған пандемия кезінде де біз өз қарттарымызды ұмытпай, оларға жылы көңілімізді білдіруге тырыстық. Карантинде көңілдері жарым болып отырған жалғызбасты қарттарымызға қолғабыс көрсету мақсатында үйлеріне азық-түлік толы себет табыстадық. Жастарымызға үлгі боларлық, қайырымдылыққа шақыратын осы сынды игі істеріміз әлі де жалғасын таба бермек.

Қарт кісіні құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендігі. Сондықтан қазыналы қарттарымызға мейірім мен қамқорлық көрсету парызымыз.

Отбасы құндылығының қайнары – қарттарымыз қашанда аман жүрсін!

 

                                Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: А. Ж. Искакова