Қар барысы – мысық тұқымдастардың ерекше өкілі. Қар барысының тағы бір атауы – ілбіс. Ол түркі тілінен аударғанда «қар мысығы» деген мағынаны береді.
Ілбіс – тек Азия құрлығын мекендейтін аң. Орталық Азияның сәні саналатын қар барысы – Қазақстан Республикасының ұлттық символы. Сонымен қатар 23 қазан – Халықаралық қар барысын қорғау күні болып бекітілген.
Әлемде айрықша бағаланатын сыры жұмбақ, болмысы бөлек жыртқыш аң – қар барысының тұқымы жыл өткен сайын сиреп барады. Теңіз деңгейінен алты мың метр биіктікте тіршілік кешетін жыртқышқа табиғат ана өзгеше сұлу бітім берген. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстанда орналасқан. Бұлар – Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Ресми мәлімет бойынша бүгінгі күні әлемде 4 мыңға жуық қар барысы бар. Фото қақпандар мен арнайы бейнебақылау құрылғыларының көмегіне сүйеніп және жыртқыштың ізін алу арқылы мамандар бүгінде Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань, Тарбағатай, Сауыр және Алтай сілемдерінде барлығы 120-130 ғана қар барысы қалды деген тұжырымға келген. Айрықша қорғауға алынған жыртқыштың бұл түрін сақтап қалу ғаламдық мәселеге айналып отыр.
Тірі жан тіршілік етпестей көрінетін шыңдар мен тау мұздықтарды мекен еткен бұл аңның тарихына қатысты аңыз - әңгімелер өте көп. Ежелгі парсы елдері барысты аңшылық үшін қолға үйреткен деген де деректер бар. Халқымыз жыртқыштың өмір сүру салтына қарап «тау барысы немесе қар барысы» деп атап кеткен. Мысық тұқымдастар санатына жататын жыртқыш аңның дене тұрқы 125-135, биіктігі – 60, құйрығы бір метрге дейін жетеді. Ұзын құйрығы тым сезімтал әрі аса сақ жануардың басқан ізін жасырып, қауіп-қатерден сақтайды. Ілбісті тау қабыланынан даралап тұратын да осы ұзын құйрығы болса керек. Ірілерінің салмағы 30-40 келі тартады.
Денесінде сақина тәрізді қара дақтары бар жүні қалың жыртқыштың түсі теңбіл - шұбар, көк сұр. Олардың азайып кетуінің басты себебі – табиғат заңын бұзуға дайын тұратын адамдар. Айта кетелік, қар барысы қауіпті жыртқыш саналғандықтан, жыл бойы оған аңшылық құруға рұқсат берілген кезеңдер де болған. Мәселен, XX ғасырдың басында жылына 1000 теріден артық емес көлемде аулауға рұқсат берілген. Кейбір деректерге сүйенсек, 1910 жылға қарай қол жеткен тері саны 750-ге жеткен. Ал жүзжылдықтың ортасында бұрынғы Кеңес одағы аумағында бұл сан бірнеше ондыққа дейін азайып, тіпті қолға түскен жануар үшін сыйақы беріліпті. Мұндай аяусыз аулау әрекеттері жыртқышты адамнан аулақтатып, санын күрт кеміткен. Іс насырға шауып ілбістердің жоғалып кету қаупі туа бастағанда табиғатты қорғау халықаралық одағы жыртқышты Қызыл кітапқа енгізіп, оны аулауға түбегейлі тыйым салған. Алайда, осы саланың шетінде жүрген ғалымдар әлемде сирек кездесетін аңдарға қатысты браконьерлік әрекеттер әлі де тыйылмай тұрғанын айтады.
Ақпараттық–библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің кітапханашысы:
Насреддинова А.Н.