Жазушы, қаламгер М.Омарбекұлының 80-жылдығына арналған
Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Қазақстан мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистерінің Одағы мен «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданының меншікті тілшісі болған, жазушы Мақсым Омарбекұлы саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған, өмірден өтсе де, соңында ел үшін жасаған ерен еңбектері қалды.
Ұлы бабамыз Қаз дауысты Қазыбек бидің «Сөз анасы - шындық» деген даналық өсиетін темірқазық жұлдызындай қасиеттеп, ұстануға серт еттім - деп жазған, айтулы тұлғаның 80 жылдық мерейтойына орай, қаламгердің әр жылдарда жазылған әдеби шығармалары мен мақалалары топтастырылған «Ол күндер қайтып келмейді» жаңа кітабында, «Ғұмырнамалық хикаят», повестер мен әңгімелерден құралған, Мақсым Омарбек ұлының өмірі мен өнегелі істерін баяндаумен ғана емес, тарихи шегіністермен, нақты деректермен, шежірелермен құнды.
Ғұмырнамалық хикаят ішіндегі «Қараөлеңмен Қарқаралыға дейін», «Қарағайлы халық ортасында», «Егіндібұлақ есімде» атты тақырыптары естелік мемуарлық мазмұнын ашып тұрғандай. Ол кісінің қасиетті қаламынан туған өткір мақалалары, қоғамдағы түйткілді мәселерді бей - жай қалдырмайды, «Қарқаралы қармағы», «Бастықтар жек көрді», «Ананың көз жасы аудан ауа райын ұйқы - тұйқы етті», «Мәскеу, «Коммунизм таңы» газетіне журналисті қалай іздеді», «Обком өтірік айтыпты», «Мен ғана емес, зайыбым да қуғынға түсті», «Ақты қара, шындықты пара жасырады», «Жақыповқа да жақпадым» деген жазушы - журналистің шындық пен әділет жолындағы жанкешті күресін аңғартып тұрғандай.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде, одан соң жоғарғы оқу орнында, қазақтың тілі мен ділін қорғағаны үшін, 1964 жылы комсомолдан, оқудан шығарылды. Бұл оқиға «Біз «Жас қазақ» ұйымын қалай құрдық» деп аталатын тарауда нақты әрі нанымды оқылады. Осы тұрғыда, 1960 жылдан бері 40 жыл ішіндегі Қарқаралы – Егіндібұлақ өңіріндегі өзі қатысқан, өз көзімен көрген, сол жылдарда ауданды басқарған басшылар мен шаруашылық жетекшілеріне қатысты оқиғаларды журналист ретінде баяндады.
Кітаптың екінші бөліміне енген «Ақ жаңбыр», «Оралар сол аққу», «Құралай көз», «Бақыт құсы» әңгімелері, повестері үлкен өмірге алғаш қадам басқан жастардың тағдыры мен махаббатына, асыл сезімдеріне арналған. «Ақ жаңбыр» повесті қазақтың халық жазушысы Әлжаппар Әбішовтың жоғары бағасына ие болып, жазушы Мұхтар Мағауиннің оң рецензиясымен жарыққа шыққан болатын.
Ғұмырнамалық хикаяттың соңғы бөлімдері «Депутат болып сайлану немесе обком қалай жеңілді» «Жоғарғы кеңестің төрағасына бардық», «Қарқаралы қалай аман қалды», «Журналистердің бәрі мойындамайды», «Ақша емес ар қымбат» деп аталады.
Мақсым Омарбекұлы халықаралық Семей –Невада атом бомбысына қарсы қозғалыстың аудан бойынша төрағасы болып, Қарқаралы – Балқантау халқын атом сынақтарынан зардап шеккен аймақтар санатына енгізіп, аймақ тұрғындарының кезінде жеңілдікпен зейнетақы алуына, ақшалай өтемақы бөлуіне, жасаған еңбегінде кітаптан оқуға болады. Сол сіңірген еңбегі үшін Қарқаралы - Балқантау халқы М. Омарбекұлын қатарынан үш мәрте облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады.
М. Омарбекұлының бұрын «Адам ізі», «Махаббат пен қиянат, «Сағыныш ғұмыр, сағым жылдар», «Арпалыс», «Өмір өткелдері», «Атыңнан айналайын, Қарқаралы», «Абыралыдан Қарқаралыға дейін» кітаптары шыққан болатын, өмірде өзіндік соқпақ салып, журналистика саласында да ешкімге ұқсамайтын қарымды қаламгер, алып тұлға марқұм, Мақсым Омарбековтың бұл тоғызыншы кітабы. Кітаптағы бұл дүниелері баспасөз бетінде бұрында жарық көргенімен, кітап жүзінде оқырманмен жаңарып, қауышатынына сенім мол. М.Омарбекұлының бұл еңбегі ұрпақтан –ұрпаққа мұра болып, тарихи құнды деректер деуге болады.
Құрметті, оқырман қауым артында өшпес ізін қалдырған, алаштың ардақты ұлы Мақсым Омарбековтың шығармаларын кітапхана қорынан алып оқуларыңызға болады.
Негізгі құжаттарды сақтау бөлімінің
Кітапханашысы: Жылтыбаева Р.Р.