Асылдың тұяғы

Осы жолы мен, Халық батыры, аңыз Ата, жазушы Бауыржан Момышұлының «Черновигі» Бақытжан ағай туралы айтқым келді. Бақытжан ағамыз соғыс уақытында 1941 жылдың қазан айында дүниеге келген. Анасы Бибіжамал мен нағашы әпкелерінің тәрбиесінде болған. Ал әкесі оны аз уақытқа демалысқа келгенде 1944 жылы бір-ақ көреді. Алматыдағы Некрасов атындағы №10 орыс мектебін, шет тілдер пединститутын бітірген. Әр жылдарда Жамбыл облысы, Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып жемісті еңбек етіп, абырой биігінен көріне білген.

Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастаған. Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, Ш.Шаваевтің, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың т.б. жазушылардың шығармаларын сәтті аударған. Ол көне түркілік бастауларға ден қойып, ұлттық танымды, көркемдік қалыпты дамытуға бар жазушылық таланты мен күллі күш-қуатын жұмады.

Оның прозалық шығармаларын адам тағдырына деген сүйіспеншілік пен өмірге құштарлық ерекшелендіріп тұрады. Қаламгердің қаламынан туған «Добрые мосты», «Расколенные камни», «Прозрачные льдины», «Тихие голоса», «Я еще ребенок», «Когда ты рядом», «Мен әлі сәбимін», «Дети Великаны», «Жанымның жарық жұлдызы», «Звезда брата», «Турксиб – земля полководца», «В поиске света», «Путь Огненного Орла», «Сердце волка», «Орда алая и Мечеть белая», «Преломление света» сияқты кітаптары қалың оқырманнан, сыншылардан жоғары бағасын алып, әдебиеттің алтын қорына қосылған көркем дүниелер.

Аудармалары арқылы әдебиеттер достастығына алтын көпір бола білді. Бақытжан ағамыздың жары Зейнеп апай қазақ тарихындағы атасы жайлы «Шуақты күндер» деген кітап жазған тұңғыш келін болса, ағамыздың қаламынан әкесі жайлы «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» атты еңбектері жарық көрді. Апай екеуі Баукеңнің қарашаңырағының даңқын асырып, халқының ықыласына бөленді.

Өмір бойы ауылдан тамырын үзген жоқ. Табан астында тауып айтатын шымшыма - әзілкеш, кең пейілді, талантты суреткер, әлем әдебиетінің озық туындыларын көп оқыған, адал жүректі абзал азамат 2012 жылдың 11-желтоқсанында дүниеден өтті. Зейнеп апай мен ұлы Ержан Бақытжан ағаның әзілдерін жинақтап «Әзіліңді сағындық» атты кітап шығарды. Бәкеңнің асыл жары Зейнеп Ахметова жайлы білгіңіз келсе, «Когда ты рядом», «Жанымның жарық жұлдызы» кітаптарын оқыңыз. Баукеңдей асылдың тұяғы, білімнің кені Бақытжан ағамыздың кей шығармаларын біздің кітапханамыздан тауып оқи аласыздар. Елін сүйген абзал азамат, шебер аудармашы, талантты қаламгердің жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады деп танимын.

                                                                   Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының
                                                                   кітапханашысы: Ахмадиева А.С.