Алаш қайраткері

Мұхамедхан Сейтқұлов 1870 жылы Семей қаласында туған. Ол аса мейірімді, білімді, жомарт, алашордашы, ислам уағыздаушы. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. М. Сейтқұлов ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың алғашқы үш онжылдығында қазақ халқының рухани дамуына ықпал етті. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең – жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы.

Мұхамедхан Сейтқұловтың үйіне Абай, Шәкәрім, Абай шәкірттері, белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлер жиналатын. Үйдің үлкен залының бір бөлігін мазмұнға бай кітапхана алып тұратын, мұнда көптілді әлем классикасы, жаздырып алынған және әр жерден әкелінген сол заманның газет – журналдары болды.

Мұхамедхан Сейтқұлов қазақ, орыс, татар, араб тілдерінде оқитын  және аса жомарт адам болатын. М.Сейтқұловтың қаржыландыруымен «Сарыарқа» газеті, 1918 ж. бастап Ж.Аймауытов және М.Әуезовтің редакциясымен «Абай» журналы шығарылған. Әлихан Бөкейханов Семейдің сол жағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде, М.Сейтқұлов оған қолдау беріп, қалаға «Алаш» атауын қайтаруды нақтылы дәлелдермен қорғаған.

Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова: «Менің әкеммен  айырылмас дос болды, 1911 жылы әкемді кепілдік салып, тұтқыннан босатып алған Мұхамедхан аға еді» - деп естілігімен бөліскен. Сонымен қатар М.Сейтқұлов Шәкәрім Құдайбердіні де қамаудан босап шығуына көмектескен адам.

М.Сейтқұлов жазушылар мен композиторлар, халық ақындары, өнер адамдарымен байланысы жақсы болды. Алаш зиялылары Семейдегі (Заречный слободкада, ескі атауы «Алаш») М.Сейтқұловтың үйін кездесу орны ретінде таңдады. Алғаш рет М.Сейтқұловтың үйінде М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Қарагөз» және т.б. пьесаларының алғашқы репетициясын жасаған.

Мұхамедхан Сейтқұловтың үлкен ұлы Қайым Мұхамедханов әкесінің достары берген тапсырмаларды кітаптарды араб харіпімен, көркем жазумен көшіру, түрлі тілдерге аударуға көмектесетін. Мұхамедханның үлкен ұлы өзінің алғашқы өлеңдерін үйлеріне келген әкесінің достарына оқып беріп, ақыл кеңесін алатын.

1928 жылы тәркілеу науқаны басталған кезде Мұхамедханның отбасы түгелдей қуғын –сүргінге ұшырайды. М. Сейтқұлов 1930 жылы түрмеге қамалады. 1937 жылы екінші қайтара түрмеге жабылып, «мұсылман дінбасыларының Семейде болған Кеңес өкіметіне қарсы тобына белсене араласқан» деген жаламен сол жылы 2 желтоқсанда нақақтан атылады. Әкесі тұтқындалғаннан кейін Қайым педогогикалық институттан қуылып, сол кезде жасөспірім жігітке әкесінің досы Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау берді, әрі Қайым үшін ол ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды.

Сейтқұлов Мұхамедхан есімі елінің жадында сақталып Қарағанды қаласында «Күнгей» ықшам ауданында  көшеге аты берілді.

Елінің тағдыры Алаш қайраткерінің өмірінде өзіндік ізін қалдырды.

                                                                                Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы:
                                                                                А. Ж. Искакова