Смағұл Садуақасұлы – кеңес тұсында ресми тарихта есімі еленбей келген, ірі тарихи қайраткердің бірі. Ол 1900 жылы бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Жарқын ауылында туған.
Әкесі Садуақас хазірет елде молдалық құрып, бала оқытқан. Ол 1937 жылы Смағұлдың әкесі ретінде атылған. Смағұлдың анасының аты – Мәжікен. 1933 жылы ұлының қазасына қатты қайғырып, жанарынан айрылса, күйеуі айдалғаннан кейін көп кешікпей құсадан қайтыс болған. Орынбасар атты жалғыз қарындасы болған. Смағұл ауыл мектебін 1912 жылы тәмамдап, орыс поселкесі Полтавкадағы 3 жылдық орыс-қазақ училищесіне түсіп, таза «5»-пен бітіріп шығады.
1915 жылы «Халық мұғалімі» дәрежесін алып, қазіргі Көкшетау облысы, Сиыршы ауылының орыс-қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады. Бір жылдан соң училищенің агрономия бөлімінде оқып, екі курстың толық дәрісін тыңдаған. Ол - Омбы политехникалық институты жанында ашылған кооператив курсы, екіншісі Омбыда жеке–дара ашылған кооператив курсы.
1918 жылы желтоқсанда «Центросибирь» бірлестігі басқармасына «шет ұлттар арасында кооперация жұмысын жүргізуші стажер-нұсқаушы» есебінде қызметке алынады. Ол қазақ арасындағы ұйым дүкендерінің жандануына себепші болып, мал баққан қандастарына мал өнімін құнттау мен еңбегінің есеп-қисабын қалай білуді үйреткені де – тарихи шындық. «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты шығарушысы болған.
1925 жылы Қазақ Автономиялы республикасы кеңестерінің V съезі Смағұл Садуақасұлын Халық ағарту комиссары етіп бекітеді. Бар жоғы екі жарымдай жылдай уақыт ішінде 25 жасар министр Қазақстандағы негізгі білім мен мәдениет ошақтарын қалыптастырды. Қазақ мемлекеттік театры мен Қазақ педогогика институтын ашуға айрықша күш жігер жұмсады. Орынборда болып өткен ұлт қадірлісі А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойында да ол туралы баяндама жасаған С.Садуақасұлы болған. Смағұл Сәдуақасұлы бірнеше қасиетті бойына жинаған талантты да табанды күрделі де терең тұлға ол, біріншіден саясаткер, аса ірі мемлекет қайраткері, екіншіден, жазушы публицист, сыншы. Үшіншіден, жастар ұстазы, шебер ұйымдастырушы, от ауызды жалынды шешен. Төртіншіден, Қазақстандағы кооперация қозғалысының басшысы, бесіншіден, мәдениет қайраткері, Қазақ театрының, ЖОО ұйымдастырушы болды.
1923 жылы Елизавета (Зейнеп) Әлиханқызы Бөкейхановаға үйленген. Ескендір атты баласы болған. Смағұл 1927 жылы қарашада өткен өлкелік партия комитетінің VII конференциясында қайраткер ретіндегі соңғы тегеурінін көрсеткен. Оны Ташкенттегі өзі ашқан пединститутқа ректор ғып ауыстырады, көп ұзамай жұмыстан босатады. Смағұл Мәскеуге отбасына кетеді. Шығыстану институтына ғылыми қызметкер болып орналасады. Күзде Мәскеу транспорт инженерлік институтына оқуға түсіп, 1932 жылы бітірген.
Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек еткен. Аяқ астынан ауырып, 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында көз жұмған. Қала салтымен мәйітімен қоштасу шарасы 19 желтоқсанда Мәскеу көлік құрылысшылар клубында өткен. Қаралы жиыннан соң қайраткер денесі өртелінген (кремацияланған). «Шамамның келгенінше, жиған-тоқыған білімімнің жеткенінше мен бар ғұмырымды туған ұлтыма қызмет етуге арнауды көздедім», - деген азаматтың өлімі де жұмбақ болды. Сүйген жары Елизавета НКВД тарапынан қастандық жасалғанын айтып кеткен. Ресей мемлекетінің орталығы Мәскеудің Дон зиратханасы қабырғасында 1933 жылдан сақталып келген Смағұл Садуақасұлының денесінің күлі 2011 жылы Астанаға жеткізіліп, (уақытша) қара молаға қойылды. Ендігі міндет ел болып, қайраткер бейіті маңайын ұрпаққа тағылым беретін «ұлттық қабірстан» бөлігіне айналдыру. Туған жерінде 110 жылдығына орай өлкетану мұражайы ашылып, мектепке есімі берілген.
Кітапхана қорында «Алаш мұрасы» сериясымен шыққан «Смағұл Садуақасұлы» атты 3 томдық шығармалар жинақтары мен Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Садуақасов» атты ғұмырнамалық деректі хикаяты бар. Сонымен қатар әр жылдары жарық көрген газет – журналдардағы мақалалармен таныса аласыздар. Аз ғұмыр кешсе де, ұлты үшін көп жұмыс тындырған қайраткер жайлы білу – парызымыз.
Көпшілікке жаппай қызмет көрсету секторының
кітапханашысы: Ахмадиева А.С.