Тілімде менің сыры терең жаным бар

Ана тілі – әр халықтың өзінің төл белгісі. Адам өз ана тілімен бақытты болады. Өз халқының өткенін, тарихын, салт – дәстүрін білу үшін ана тілін білу қажет. Өзінің ана тілін сүйген адам өзінің халқын сүйеді. Ал өзінің халқын сүйген адам өзге елді де сүйе біледі.

Қазақстан аймағында тұратын әрбір азамат ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі қажет деп ойлаймын. Қазақ тілін меңгеру – туған жерді, елді, Отанды сүю деген сөз. Қазақ поэзиясының атасы ұлы Абай атамыз «Тіл өнері - дертпен тең» деп әрі қысқа, әрі нұсқа үлгіде бағыт берген. Тілдің ғұмыры - уақыт тәрізді мәңгілік.Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлей білу – қаны қазақ баласының бірден – бір міндеті.

Тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында Н.В.Гоголь  атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханамызда әр түрлі тақырыпта игі шаралар өткізіліп келеді. Тақау арада кітапханамызда онлайн форматта «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты Х Қасым Аманжолов оқулары өз дәрежесінде өтті. Байқауға қатысушы  Ваншейд Дмитридің қазақ тілін жақсы меңгеріп, таза сөйлей алатына тәнті болдым. 25 өлең жаттауы қазақ тілінде еркін сөйлеп оны тереңінен меңгере білген ұл екеніне көзім жетті. Осындай  игі іс –шараларға қатысуы – оның қазақ тіліне деген құрметі, сүйіспеншілігі екенінің айғағы. Студенттер, қатысушылар басқа ұлт тілінде жазылған өлеңдерді айна қатесіз, мәнермен  көрерменге жеткізді. Өлең оқу барысында Оразалиева Акзия,  Қуандық Аида үздік шығып, қай өлеңді атаса да іліп әкетіп, өлеңді нақышына келтіре мәнерлеп  оқып әділ қазыларды таң қалдырды. Біз Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, алғырлығын көреміз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де осында. Қасымның мейлінше жалынды, лепті, сыршыл поэзиясы әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия екенін көрсете білді. Осы сайысқа жақсы қатысқан оқушылар, жастар ынталандыру сыйлығы, орындар, бас жүлдемен марапатталып, табыс етілді. Сайыс еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыруға жасалған қадамдардың бірі болды деп толық сеніммен айта аламыз.                                                                                                                                   

«Ана тілі... Бұл туралы қаншама айтылып келеді. Ал ана тілінің құдіретін қанша айтсақ та түгесу мүмкін емес» деп Шыңғыс Айтматов айтқан екен. Сондықтан да егемен еліміздің алдында тұрған міндеттердің бірі – бүгінгі ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, өз ана тілін жақсы меңгеруіне ықпал ету – біздің парызымыз. Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу.    

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі үстем болып, ол – мемлекетіміздің ең маңызды тірегіне айнала берсін.

                                                                                Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы:
                                                                                Б.Алпысбаева