Аса талантты қазақ жазушысы, көркем сөз өнерінің асқан шебері, қазақ балалар әдебиетінің классигі, бәйтерегі Бердібек Соқпақбаев 1924 жылдың 15 қазанында Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Адам жанының құпия – қалтарыстарына терең үңіле білген автордың асқақ адамгершілік рухтағы туындылары өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Жазушының «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» атты туындыларын білмейтін оқырман кемде – кем. «Менің атым Қожа» повесіне түсірілген көркем фильм де көрермендердің ыстық ықыласына бөленген.
Биыл жазушының «Балалық шаққа саяхат» (1960) және қазақтың ғалым – демократы Ш.Уәлихановтың өмірі туралы жазылған «Дала жұлдызы» (1960) кітаптарының жарық көргеніне 60 жыл.
Адам өміріндегі ең асыл, тәтті кезең – ол балалық шақ. Б.Соқпақбаев бала табиғатына терең бойлап, мінезінің нәзік иірімдерін, балаға тән шыншылдықты, адамзат баласының өн бойындағы асыл қасиеттерді жан – жақты суреттей білген дарын иесі. Жазушы шығармаларын оқыған сайын әр бала әңгімеден өз бейнесін табары сөзсіз. Өзінің балалық шағын керемет жеткізген «Балалық шаққа саяхат» шығармасын оқи отырып еріксіз өзіңнің балалық шағына ораласын. Бұл шығарманың басты кейіпкері – Бердібек. Қызығы мен қуанышы, қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық – оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайсың. Кітаптың әр парағын парақтап танысқан сайын автордың балалық әлеміне сапар шеккендей боласың. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, повесть өз тақырыбын, мазмұнын жеткілікті деңгейде аша білген. Ең бастысы, Сахарада сайрандаған қазақ баласының сыпайы да сотқар қылық, сынық мінезін дәл мүсіндеген. Балалық шақтың балғын мезгілдерін көз алдымызға әкелетін шығарма болғандықтан өзіме жақын.
Алаштың алғашқы ғалымы, тарихшы, шоқтығы биік Шоқан Уәлихановтың өмірі туралы очерктерді жазушы «Дала жұлдызы» кітабында түсінікті әрі көркем тілмен жеткізген. Туған жер (саяхатшының туған жері, балалық шағы) тарауынан бастап, Баянауыл сапары, Білім жолы, саяхаттары туралы әр тарауды қызыға оқисын. Ш.Уәлихановтың өміріне үңіле түсесін. Биыл туғанына 185 жыл болған саяхатшының өмірімен танысқыларыңыз келсе «Дала жұлдызы» кітабы таптырмас туынды.
Б.Соқпақбаевтай жазушысы бар қазақ халқы бақытты. Кітаптарының жарық көргеніне қанша жыл болса да, әрдайым оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған, еш ұмытылмайтын, қайталанбас туынды болып қалары сөзсіз.
Кітапханамыздың абонемент бөлімінде жазушының «Өзім туралы» «Менің атым Қожа» повестері, «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» және тағы да басқа көптеген әңгімелері бар. Кітапханамызға келіп, жазушының туындыларын оқымағандарыңыз болса, оқып танысып, оқығандарыңыз қайта оқып шығуға кеңес беремін. Балалық шаққа саяхат жасаңыздар!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы:
Орынбай Ш.А.