Рахымжанова Айзада

РАХЫМЖАНОВА Айзада – 1991 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылында дүниеге келген. ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдаған. Бүгінде аталмыш оқу орнының магистрі.

Өлеңдері «Қасымнан – ғасырға» атты аудиоантологияға енген. Ж.Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» атты жыр додасында «Жылдың жалынды ақыны» (2012ж), 2013 жылы «Дала дарыны» атты сериямен жарық көрген «Сарыарқа сазы» атты жас ақындардың жыр жинағына өлеңдері енді.

Күз жылап тұр...

Талай мәрте сенделткен бізді бақ бұл,

Бұл бақтан маған талай үздің ақ гүл.

Біздер жүріп өтетін бақ үстінде,

Күз жылап тұр...

 

Тәтті сезім, қалған мұң неше түнде,

Көздің жасы таңдардың есесінде,

Бізбен бірге алысқа қанат қаққан,

Күз жылап тұр арманның бекетінде.

 

Күз жылап тұр, әлемнің келбетінде,

Күз жылап тұр, кемел мұң жер бетінде.

Жабырқаған жанымды менің мынау,

Күздің аппақ қайыңы тербетуде.

 

Күздің өкпе, реніш бар түр өңінде,

Қара бұлтын үйіріп , түнеруде

Күз жылап тұр аспанның қабағында,

Күз жылап тұр сұлудың жүрегінде.

 

Қанатымен айдынды сызғылап құр,

Жыраққа ұшып кетті сіздің аққу.

Жанарында өкпесін жасыра алмай,

Күз жылап тұр....

Қыз жылап тұр...

06.10.2012

Пейіштен хат

Құрбым Жаннұрдың рухына арнаймын

 

Мен белгісіз мекендерге аттанам,

Онда күйкі тірлік керек жоқ маған.

Онда тәтті сезім ғана тербейді,

Күллі адамзат дәмін әлі татпаған.

 

Онда менен мұң да аулақ кетеді,

Тек сағыныш болып қалар кеселім.

Ғажайыпқа толып бүкіл айналам,

Өседі аппақ гүлдер қаулап көшені.

 

Тәтті күймен тербеледі жүрегім,

Сол күй табар кеселімнің бір емін.

Ол жақта мен сұлулықты әспеттеп,

Аппақ көйлек киіп қана жүремін.

 

Әкем де жоқ, анам да жоқ ол елде,

Көрсең егер, менен дұғай сәлем де

Іздегенде аспан жаққа қарасын,

Ұғысайық, мен - көкте, олар – төменде.

 

Осы мекен болар мәңгі тұрағым,

Ән саламын, би билеймін бұралып,

Сағынғанда көзіңді іл, жарығым,

Түсіңе еніп, қолым бұлғап тұрамын.

 

Хат немесе өзімді өлтіре саламын

Қосқан ед(і).... Нүктесін қояр күз.

Несіне жолықтық екеуміз,

Сырт көзге Қозы мен Баянбыз,

Оңаша қалғанда бөтенбіз.

 

Жолыңда жаным тұр, әттеңі,

Күз қалар сезімге нүкте боп,

Қолымда сенің жыр дәптерің,

Ішінде мен жайлы түк те жоқ.

 

Бар күнім, қарама мен жаққа

О,Муза, лағылға тектес мұң

«Жарты мың» жараңа ем тапқан,

Феруза ханымға жетпеспін!

 

Күй менде ақылым қалмаған.

Тамшыдан нала-мұң жалғастың,

Билеуге батылың бармаған,

Қаршығаң бола да алмаспын.

 

Дейді ме жараспас қос ақын?

Бірақ бұл қайғы еді демеспін,

Тәкаппар, керіле басатын,

Мен саған Әйгерім емеспін!

 

Дертіме ем іздеп күй кешкем...

Қасыңда мен жүрдім.. Басқа өлең,

Көркіне ақылы үйлескен,

Ұқсаман Әселге әсте мен!

 

Таусылып тағатың, төзімің

Құштарлық дертінен жаралған

Жүрегі қара түн, көзі мұң

«Повладар аруы» бола алман.

 

Сен мендік сезімнің кенісің,

Емісің жандағы Жараның,

Бір күні жай ғана сен үшін.

Өзімді өлтіре саламын!

27.04.2012   саг 03:13

ЖОЛДАНБАҒАН ХАТ

Көкетай, періште кейпінде,

Есіңде қалды ма бұл есім?

«Күлгенің әдемі» дейсің де,

Өзгемен қыдырып жүресің.

 

Жүрмесең керек-ті тегіннен,

Тағы да танымай барасың

Сүймесең жасырын нөмірмен,

Несіне коңырау шаласың?

 

Көкетай, не деген көркем ең?

Қасымнан паң басып өтесің.

Есіктің алдына ертемен,

Ақ раушан гүл тастап кетесің.

 

Білмейді деймісің тегінде?

Алдай алмайды ғой жанарың

Өзіңді көргенде менің де

Жүрегім жиілей соғады.

 

Не айып, сен жайлы жырласам?

Көкетай, қатулы-ақ қабагың

Өңіңде бір жөнін қылмасаң

Түсіңнен шықпайтын боламын.

 

...Көрінбей кеттіңіз көкешім

Неше күн ауырғам...сырқат ем.

...Аулада, алдымнан өтесің

Көңілді.. Қасыңда бір тәтең.

P.S

Көкетай, періште кейпінде,

Есіңде қалды ма бұл есім?

«Сағындым күлкіңді» дейсің де

Түсімде мұңайып жүресің....

01.05.2012  22:17

БЕКЕТТЕ

Сіз- өтірік көрмеген боласыз,

Теміржолдың арғы бетінде.

Ақ шарфыңызды жөндеген боласыз,

Асыға түскендей кетуге.

 

Мен- өшігіп көлденең барамын,

Көзіңізді еріксіз бұруға.

Көріп-ақ тұрып, көрмеген жанарың,

Кірпіктеріңді айқастыруда.

 

Сіз- күлімдесеңіз жаз іреңіңізбен,

«Әдемім » дегендей жанарың.

Қара польтодан ақ жүрегіңіздің,

Әлемін көргендей боламын.

 

Мен- жүзіңнен салқындық аңғардым,

Күрсініп тұрғандай күз кеудең

Бұл әлемдегі әр түрлі жолдардың

Біреуі бұйырмай біздерге...

 

Біз- сезімді алдаған боламыз,

Біз түгіл тағдыр да ойы ызбар.

Сезімді алдай алмаған, қараңыз

Билетіміз бір поездға.

 

Күз... Жанымды бара ма тоңдырып?

Көк тұман, бұлыңғыр алдымыз.

Сіз- көзіме қадала сол күні

Поездға мінбей қалдыңыз.

17.11.2011ж

АҚ ЖАУЫН

Ақ жауын! Дүбірлет жар басын

Осынша сүйгенім айып па ед?

Ол жайлы естелік қалмасын,

Жанымды төңкеріп шайып кет!

 

Сүйікті ед...даладай кеңдігі.

Айтам жалғыз кешкі әнді енді,

Жуып кет, қарамайм ендігі

Балкондағы ескі альбомды.

 

Ақ жауын, осынау сәт ғажап

Сипашы шашымды, еркелет.

Шатырға жасырған ақ қанат,

Хаттарды өзіңмен ерте кет.

 

Ұмытам, оны енді рас күнім,

Жолың да, ғажап ед дерегің.

Жасыммен жуылған жастығым,

Қолымда... ала кет, беремін.

 

Мен үшін көктемде бөгелмен,

Жадымнан өшір де, бар айым!

Сен құйып өткенде төбемнен,

Есімін ұмытып қалайын.

 

Ақ жауын! Артыңа бір қара.

Сәл күрсін... сезім мол сәттерім...

Бәрін де ала кет, құр ғана

Қалсыншы өзімде дәптерім...

02.05.2012    21:43

Бәріне кінәлі көктем

Мен кешпеген ем басымнан нала мұншалық,

Тәуелсіз, қамсыз санама ерік түнеткем.

Сорлы жүрекке біреудің жанарын салып,

Сен тағы қашып барасың көрікті көктем!

 

Сұлулығыңа сұрықсыз үйлеспей мүсін,

Сенімен арпалыса алмай сірә, күз де өткен.

Адасып естен, шарасыз күй кеш деймісің?

Жанымды неге жылаттың күнәсіз көктем?

 

Хабаршы көктем, бермессің жауабыңды әлі,

Ақ тырналармен ізгілік сәлемің жеткен.

Қызыл шарфыңды мойныма орадың дағы,

Жоғалдың қайда, қыз қылық, әдемі көктем?

 

Сен оралғанда, бақшамда сирень гүлдеген,

Сен кетер кезде ақ жауын жылады көктен.

Енді ешкімді ес – түссіз сүймеймін дегем.

Өксітіп кеттің , бәріне кінәлі көктем!!!!

 

Дәрігер көктем! Қашан кеп жараны емдейсің?

Белгісіз бір дерт жанымның үдетті бұлтын.

Қайта оралғанда өзіңмен ала келгейсің,

Ауру шалған, беймаза жүректің кілтін...

Дір етті... Шіркін.....

13.05.2012 ж  00:22

СЕН КЕЛЕРДЕ...

Біз солай ғана жолыға алармыз,

Жүрегіңді ұстап қолыңа бал қыз.

Періштені ертіп періште қайтсін?

Өзің-ақ жалғыз

Сен келші! (М.Асан)

 

Сағына күткен жанымның сірә, күйі бақ,

Ақ жүрегімді орамалыма түйіп-ап,

Көргенде сені «не істеймін» деп күйіп-ақ,

Сен сыйға тартқан көк көйлегімді киіп ап,

Асығып келемін...

 

Бүгін ерекше, көркіне енген саябақ,

Елесің: тұрған пәк құшағыңды жая ғап,

Ақша жүзімді күннің шуағы аялап,

Еріндерімді қып-қызыл қылып бояп ап,

Асығып келемін...

 

Тағатсыз күткен асыл адамың келді деп,

Шашыммен ойнап, бетімнен өпкен желді леп,

Өзіңе ессіз іңкәр жүрегім елжіреп,

Еліктей ерке екі жанарым мөлдіреп,

Асығып келемін...

 

Өзіңді ойлап сол жақтан соққан бір жүрек.

Өзімен әуре, кеудемді сүйіп күзгі леп,

Сағынған жанар, жасын бір сығып, бір күлед,

Шөлдеген ернім жансыз нәрседей үлбіреп,

Асығып келемін...

 

Мына таң маған сый қылып кетті тағы үміт,

Жанымды езген азап пен мұңнан арылып,

Сезімнен- сырға, төзімнен - алқа тағынып,

Ешкім ешқашан сағынбағандай сағынып,

Асығып келемін...

Күтші...

19.05.2012ж      00:05

Майқұдыққа бармаймын ендігәрі.

Бұл менің  өзің жайлы соңғы жырым,

Күлімдей де алмадым жөнді бүгін.

Өзгені құшағыңа ап сен жүргенде,

Бос қиялдап жүр екем.. болды күнім.

 

Санамда ертегі әлем сән құрады,

Пендеге қиялдау тән, жөнді бәрі.

Көзім шалып өзіңді қалар ма деп,

Майқұдыққа бармаймын ендігәрі.

 

Мына кеш қайдағыны салды есіме,

Жүрегімнің үңілем әр бетіне.

Сен жолығып қалар деп Мейрамбектің,

Енді билет алмаймын ән кешіне.

 

Сүйе алмасаң тағамын несіне мін?

Ынтық етті әйтеуір осы реңің.

Маниторда күлімдеп суретің тұр,

Кешір күнім, оны да өшіремін.

 

Бүгін неше хат алдың..сана бәрін,

Сана да, ұмыт мені... жоғаламын.

Енді саған жасырын нөмірменен,

Қоңырау шалуымды доғарамын.

 

Ақылыммен арбасқан сәтті-ау мына,

Жүрегімде дәрмен жоқ, мөлтек жігер.

Саған жазған жырларым сақтаулы ма?

Бәрін қайта оқы да, өртеп жібер.

 

Несін созып жалғаймын күнге күнді?

Түсіме енбе! Жасай бер білгеніңді.

Аңқауым-ау, сен осы сеземісің?

Бір ақынды жылатып жүргеніңді?

 

Гүлің ем, тастап кеткен сен мұңайтып,

Уақыт біздік сезімді жеңді қайтып.

Қош, күнім, тоғандарда күтпе мені,

Майқұдыққа бармаймын енді қайтіп.

P.S

Аялдама. Санамда сынық кескін.

Өз сөзімді өзіме күдікті еттім,

Байқамай Майқұдыққа апаратын,

40-ыншы автобусқа мініп кеттім.

21.05.2012ж  21:48

Мен жерге ренжуді қойдым...

Өтсе де сенің әр күнің солғын,

Көңілсіз күйді сезіну ғой мұң.

Қолынан түрлі келсе де зорлық,

Мен қара жерге ренжуді қойдым.

Өйткені, онда сен жүрсің,Жаным!

 

Құйындатса да, дауылдатса да,

Ішінде жүрмін құтылмас ойдың.

Қарай бер мейлі, Жаным,басқаға,

Мен қара жерге ренжуді қойдым.

Өйткені, онда сен жүрсің, Жаным!

 

Ақша бұлт болып төбеме кел де,

Ақ жауын болып төкпеле мейлі,

Құйылшы, әйтеуір мен тұрған жерге,

Мен жерге мүлде өкпелемеймін.

Өйткені,онда сен журсің,  Жаным!

Сағыныш

Менде бір сағыныш бар...

Кеудеме сыйғыза алмай алып ұшқан.

Мен оны іздемеймін суық күзден,

Іздеймін ақ ұлпаға толы қыстан.

 

Білемін...Қасымдасың...

Белгілі сырыңды айтып,ашылмасың.

Ішімді өксік кернеп бара жатыр,

Дертімді жариялап жатыр жасым,

 

Суық сөз,

суық ойлар,

суық бәрі,

Сырымды жатыр дейсің кім ұққалы

Даланың еркін өскен еркесі едім,

Бір бейне жанарымды құрықтады.

 

Мен бүгін өзгешемін...

Ұялай қоймас көрген көзге сенім.

Дәрігер қайдан ұқсын бар күшін сап,

Өзіме түсініксіз өз кеселім.

 

Бір сәтке қалғандай ед ойым құрғап.

Ал санамның билеген бойын жұмбақ

Көзімді ілгенім де сол-ақ еді,

САҒЫНЫШ кете барды қолын бұлғап...

Мен енді өзгенікімін…

Мен бүгін түсіндім,

Жаныңның-

Өксігін, қиналғандығын.

Есіңе түсіргін,

Сағым күн-

Өшіргем, қиғам барлығын.

 

Қолынан ұстап ап

Өзгенің-

Өтіп ең елемегенсіп.

Ал енді құшпа да,

Сезгенім:

Сен маған керек емессің.

 

Қалған ем сағым бір

Сынғандай,

Сырымды жасырам неғып.

Ал енді бағым бұл-

Тұрғандай-

Бақыттан басым айналып.

 

Мені енді өбеді

Өзге ерін,

Ұмтылған ертеректегі.

Өзгергем, себебі,

Өзгемін,

Сен мені еркелетпегін.

 

Кездестік есімде

Ақырғы,

Жанарда жасың, қарадың

Ұмытқам, өшіргем

Атыңды,

Сен маған жақындамағын.

 

Есімнен шықпайды

Әлі бір,

Қоштасқан кездегі түрің,

Сен жаққа ұшпаймын

Бәрібір,

Мен енді өзгенікімін....

                                    Кешір.

 

Сорын ба, алде багын ба?

Айналгам асте сагымга

Мазалап енем тусіне,

Сен мені бірак сагынба.

 

Намыс пен кымбат ар улга,

Ол сенін багын, барын да

Менсіз мунайып журсен де

Кайта оралшы деп жалынба

 

Кіна артпаймын кузге де,

Ол бізден уміт узбеген

Бак ішін кезіп, айналып,

Сен енді мені іздеме

 

Жыл салып талай арага

Кундер зуылдап бара ма?

Кездесе калсак кездейсок,

Киылып маган қарама

 

Армансыз шығар құс қана

Аспанның кілтін ұстаған.

Көптен көріспей жолықсақ,

Иіскеп мені құшпа да.

                    Ұстама.

Мұң

Түңгі қала.

Жалғыз келем, серік қып мұңды ғана

Сан-алуан шырақтар сәуле шашып,

«Тұнжырама» дейтіндей «тұнжырама»

 

Бірақ қайдам.

Мазалайды сан түрлі сұрақ сайтан,

Күліп барып үйіңнің   маңайына,

Мен үнемі еріксіз жылап қайтам.

 

Айыптымын.

Жанарымды құрықтап алыпты мұң.

Кейде ашылып алдыңда бар сырымды,

Жайып салғым келеді, жайып күнім.

 

Лағынет күн...

Келіп  еді  өзіңді  жаным  өпкім,

Құшағынан өзгенің көрдім дағы,

Мен мұңымды арқалап тағы кеттім.

 

Жанарда мұң!

Бәлкім сол жан өмірлік болар жарың,

Ал мен сенің жолыңда бақыт тілеп ,

Жалғызсырап  өзіңсіз қалам жаным!

 

Жанымды жазықсыздан жаралаған

 

Кеселісің!

Алдыңда ақымақ бұл саналы адам

Кешемісің!?

 

Көрдің бе жасқа толы алып бір мұң

Көзімдегі?

Ендеше, дертін жазып,айықтырғын

Өзің келіп.

 

Өзіңмен өр Алтайдың баурайына

Ерте кетші!

Ерніңнің балын салып таңдайыма

Еркелетші!

 

(Мен бар деп біздің жаққа оң бұрғайсың

Ұшақ басын)

Сенің ыстық кеудең ғой тоңдырмайтын

Құшақташы!

 

Ішім түтін секілді, сыртым жақсы

Сырым да осы,

Шөлдеген жүрегімді сусындатшы

Жырыңды оқып!

                            Жаным!

16.01.2010

Тағы да таусылып тағатым,

Сағындым, сол көркем қалпыңды.

Екеуміз қосылып салатын

Әніміз көшеде шалқып жүр

 

Қалды ма? Сол шақ құр армандай?

Бүгін де тып-тыныш, тәтті түн

Бейне бір есіме салғандай,

Біздегі сезімнің пәктігін.

 

Ауылдың көркі еді, балаң бақ

Алмаушы ек, сезімді жасыра.

Таң қылаң бергенде аяңдап,

Жетеміз махаббат тасына

 

Сырларын бөлісіп ақ таңға,

Тәп-тәтті қиялын жетелеп,

Ел тыныш ұйқыда жатқанда,

Қос ғашық жүретін көшеде.

 

Сол көктем өзгеше гүл екті...

Жанарды торлаған кесек мұң

Серт етіп, сыйлаған жүректі,

Қайта ертіп өзіңмен әкеттің

 

Тағы да таусылып тағатым,

Сағындым, сол көркем қалпыңды.

Екеуміз қосылып салатын

Әніміз көшеде шалқып жүр...

12.05.2010