Табиғаттың тылсым күштері

Табиғат – бүкіл тіршілік атауының алтын ұясы және аялы бесігі, құтты қонысы мен өнер мекені. Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше.

Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды.
Сықырлаған аппақ қарды аяғыңмен басып, айлы түнде серуен құру да бір ғанибет. Ай демекші, адамзат баласы үшін айдың өзіндік құпиялары жетерлік. Ай - ең алдымен, қазақтардың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат еткен аспан денесі. «Ай көрдім, аман көрдім», - деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету ғұрпы осы аспан денесіне байланысты ежелгі наным-сенімдер және осыған байланысты атқарылатын ғұрыптардың кіріспесі іспеттес. Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», - деп жазды. Ғұрыптың мәні - әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, - деп бата жасаған. Ежелгі түсінік бойынша, ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады деген наным-сенімге байланысты көптеген ырымдар қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген сияқты. Сондай-ақ, Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі, бұл рухты шамдандырады, сөйтіп, тыйымды бұзған адам ұшынады немесе ауру мен кесірге тап болады. Ай жаңарғанда кейбір ауру түрлері, айталық, теміреткі, жара, қышыма тәрізді тері аурулары да қозатындығын халық аңғарған.

Табиғат ананың тағы бір ерекшелігі - жыл сайын қыстың тоқырау күнінің болуы. Ол күн  желтоқсанның 21-і мен 22-і аралығына келеді.
Күннің қысқы тоқырауы – күндізгі уақыттың жылдық қысқаруы аяқталатын күн. Ол – Жердің өз осінен айналуы барысында Күнге көріну мүмкіндігінің мейлінше азаюы. Халқымыз мұны «қыс ортасы», «ең қысқа күн», «қыстың алғашқы күні» деп те атаған. Бұл кезде Солтүстік жарты шарда астрономиялық қыс басталып, Солтүстік полюс қалың қараңғылық құшағында қалады. Күннің қысқы тоқырауынан соң күннің біртіндеп ұзаруы басталады. Атаулы күнге байланысты бірнеше наным-сенімдер қалыптасқан.
Мәселен, Ежелгі Қытайда осы уақыттан бастап табиғаттың «еркектік күші» көтеріледі және жаңа кезең басталады деп есептелген. Сондықтан қыстағы күннің тоқырауы ең бақытты күн және тойлауға лайықты мейрам деп саналады. Айта кетейік, жылмен өлшенетін уақыт Жердің Күнді бір айналып шығатын уақыт аралығы – Жыл деп аталады.

Табиғат – адамға қажет баға жетпес байлық, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі. Сондықтан халқымыз «Табиғат – адамзаттың өмір нәрі, қажетінің табылар содан бәрі» деп дәріптеген. Табиғат – адам бойына адамгершілік абзал қасиеттерді қалыптастыратын ұлағатты ұстаз. Табиғат адам өмірінің барлық қажетін толық өтей алу үшін ол міндетті түрде ештеңемен былғанып уланбауы тиіс. Адам өзінің де, табиғаттың да досы, санасыз іс - әрекет жасаса, жауы бола алады. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге ең ұлы қамқоршысы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

 

Құдайберген А. Е.

Оқу залдар бөлімінің басшысы  міндетін атқарушы