Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері Талғат Мұсабаев 70 жаста
Талғат Мұсабаев - Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың 2-ші, әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, профессор, авиация генерал – лейтенанты, әл – Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресей Федерациясының батыры.
Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын 1974 жылы және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін 1993 жылы аяқтады.
Ата-анасы Амангелді Мұсабаев пен Салиха Меңдібаева ұлдарына ырымдап, атақты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновтің есімін қоюы бала тағдырына қаншалықты әсер еткенін оның қажымас қайратынан көруге болады. Қарғалы ауылында туған қазақтың қара баласы өскенде ұшқыш болуды армандайтын. Мектепте оқи жүріп, жеңіл атлетикамен, суға жүзумен, футболмен бокспен айналысады. Орталық балалар мен жасөспірімдер мектебінде спорттық гимнастикамен шұғылданып, КСРО спорт шеберлігіне кандидаттық бағдарламасы бойынша өнер көрсетеді. 1990 жылы Ю. Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріседі. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» квалификациясы беріледі.
Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш мәрте ұшу бақыты бұйырыпты. 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн болды. Ал екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Қазақ ғарышкері корабль бортынан ашық ғарыш кеңістіктігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Талғат Амангелдіұлының жалпы ғарышта болған уақыты 341 күн 6 сағат 48 минут. Сәл кем 1 жыл!
Қазақстан ғарышта болған мерзімі жөнінен дүние жүзінде үшінші орынды иемденеді. Бұл жағынан әлемде бірінші – Ресей, екінші – АҚШ, үшінші орында – Қазақстан. Мұны көп адам біле бермейді, тіпті ғарышкер Талғат Мұсабаевтың өзі мұны естігенде таңғалған екен. Әрине, саяхатшы ретінде ғарышқа ұшу қазіргі кезде ешкімге таңсық емес. Ал қоғамға, адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайту үшін де, үлкен ғылыми ізденіс пен ыждағаттылық қажет. Біздің елімізден ғарышқа ұшқан үш азамат та бұл жағынан қазақ халқын жерге қаратпағаны анық. Ғылыми еңбектері арқылы еліміздің мерейін үстем етті.
Әрине, төккен тер, ерен еңбек атаусыз қалмайды. Талғат Амангелдіұлы КСРО-ның «Дружба народов» орденімен, Қазақстан Республикасының «Отан», «БАРЫС» ордендерімен, Ресей Федерациясы: «Герой Российской Федерации» атағы, «За заслуги перед Отечеством» ІІІ және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталды.
Жетпіс белеске жеткен ғарышкерге қарап ондай жастағы адамға мүлде ұқсата алмайсыз. Көктің құдіреті болса керек қартайтпайтын.
Жетпіс жасыңыз құтты болсын, қанатыңыз қайырылмасын! - деп тілек білдіргіміз келеді біздің де.
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы:
Айтбаева К.Т.