Түсіпбекова Назерке Рымбекқызы

ТҮСІПБЕКОВА Назерке Рымбекқызы – 1990 жылы 5 тамызда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. 1998 жылы мектеп табалдырығын аттап,. Қарағанды қаласындағы №2 Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын тәмамдаған. Қарағанды гуманитарлық колледжінің түлегі. Қарағанды Мемлекеттік Университетінің студенті.

Қазіргі таңда "Қасым" Республикалық әдеби - қоғамдық журналының қызметкері. 2010 жылы өткен І облыстық Серік Ақсұңқарұлы оқуларына қатысып ІІ орынға ие болса, 2011 жылы өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 5 облыстық жас ақындар байқауына қатысып ІІІ дәрежелі дипломмен, 2011 жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойына арналған қалалық мүшәйраға қатысып І дәрежелі дипломмен, 2011 жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған "Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп" атты облыстық оқушылар арасында мүшәйраға қатысып ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Аймақтық Т.Жұмаш атындағы "Қырандар ғана ұшатын биік бар" атты мүшәйрада I-орын  иелеген.

2011 жылы "Дүниеге келер әлі талай Қасым" атты облыстық жинаққа, 2012 жылы Республикалық әдеби - қоғамдық "Қасым" журналына өлеңдері шықты. 2012 жылы шығармашыл жастардың ХV Халықаралық "Шабыт" фестиваліне қатысып мақтау қағазымен марапатталды. 2013 жылы "Дала дарыны" атты сериямен жарық көрген "Сарыарқа сазы" атты жас ақындардың жыр жинағына өлеңдері енді. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің 3-курс студенті.

ОРАЛМАСЫҢ  БЕЛГІЛІ

Сан долдансын тарқамайды жел мұңы,

Жапырақты пана етпеймiз сел күнi.

Мен алғашқы кетiп қалған ауылда,

Сенiң де ұзақ қалмайтының белгiлi.

 

Бiз үнемi бiрге жүрген түс көрем,

Өңiмде де кеп қуантшы, үсте дем.

Баяғыда батыл едiк, өр едiк,

Бiле алмадым таусылады күш неден.

 

Ақыл-кеңес берiңдершi жөнi үстем,

Бақытты кез: бергi жасым он үштен.

Жүретiнбiз кездесуге асығып,

Мал қайтатын кездi күтiп өрiстен.

 

Мұңым басым болып кеттi күлкiмнен,

Қорқушы едiк көрiспеген бiр күннен.

Қайтар малдың түйiспейтiн жолдарын,

Болашақтың жолы екенiн кiм бiлген!

 

Кездесуге күте алмаймыз сенбiнi,

Бiздi бiрге тоспас тауым ендiгi.

Мен ұзақ жыл бармай кеткен ауылға,

Сенiң де ендi бармайтының белгiлi.

* * *

                                        "Кетіп барам Балқантауға асығып"

                                                                        Тұрсын Жұмаш                 

 

Неліктен көрінбеді қырдан шынар,

Жауыны сәл сілкісе жыр тамшылар.

Тұрсынды сағынатын Балқантауым,

Мені де сағынумен тұрған шығар.

 

Белгілі талай дарын шығатыны,

Ақыныңды еске алып жыла түні.

Басын изеп ағаштар қарсы ала ма?

Оралғанда тағы да бір ақыны.

 

Сен үйреттің өлеңмен арқандауды,

Ажыраттым тәтті мен арқанда уды.

Құшағыңды аш, маусымда қалғып кеткен,

Оятуға келіп тұрм Балқантауды.

* * *

Ақталмай-ақ қояйықшы себеп бір,

Айтылмаған сезімдерге мың алғыс.

Бізді өткеннің махаббаты демеп тұр,

Болашақта әлі талай сынар күз.

 

Сезімдердің жалынынан - тамыз от,

Қарашаның салқындығын білесің.

Өмірімде Сендер жайлы аңыз көп,

Өлеңімде болсадағы бір есім.

 

Сен де кеттің сезім болып өткінші,

Алдапты тек тәтті түстер, қиялдар.

Енді жүрек тек шаттықтан соқсыншы,

Жылмен жылжып, мұңдарымды жиям әр.

 

Сезім, ойдың тауысты ма бояуын,

Өлеңдерім жазылыпты бір түспен.

Жүрек – ауыл, болғандықтан ой  ауыл,

Болмаған соң мұңдарымнан күлкi үстем.

 

Сезімдердің жалынынан – тамыз от,

Қарашаның салқындығын білесің.

Өмірімде сезім жайлы аңыз көп,

Өлеңімде болсадағы бір есім.

ЕРКЕ-НАЗ

Еркелеп келіп наз қылық,

Көзімде шаттық шамы бар.

Шабытсыз өлең жаздырып,

Нотасыз әуен тағы бар.

 

Ренжітсін мейлі өкпем жоқ,

Көңілдің күйін ұрлама.

Өтірік көрмей өткен боп,

Кетіп барады "бір бала".

 

Көзіңде көктем кейпі жоқ,

Жасырып әлде қалдың ба?

Кеудеңе қалай сыйды от,

Жалындап тұрмай алдымда.

 

Ертең оқылар өлеңім,

Сезімдей таза, тұп-тұнық.

Көбейтіп жылға көлемін,

Келесі жырды күттіріп.

 

Назыңды еске салады,

Өлеңсіз көше, тауым да.

Ойларсың мені сан әлі,

Жуынып тұрып жауынға.

 

Алмасып солай дүние,

Түйісе алмайды тағдырлар.

Көңілдің болмай күйі де,

Жауып жатады жаңбырлар.

 

Зерігіп кеткен шағымда,

Шабытсыз өлең жазармын.

Адасып кетіп сағымға,

Шырқаймын көңіл наз әнін.

БАЛҚАНДА БАЛА БОЛЫП ҚАЛҒЫМ КЕЛДІ

Қалпыңмен әр кездегі бізге ұнарсың,

Жүрегім қамыққан ед көшеріне.

Құйындай мейлі жауын күзде жаусын,

Жетпейді Балқантаудың нөсеріне.

 

Иісің сіңген шашымды қисам бүгін,

Кешірші елігіңді мың түңілген.

Қалада талай жылғы жиған мұңым,

Тарқайды сенде өткізген бір күніммен.

 

Кеткелі Ай да бөлек, алшық Жұлдыз,

Басқа екен көктемі де, жаз, күз, қысы.

Кетіп ап оралуды аңсап жүрміз,

Бар ма екен бұл өмірде назсыз кісі.

 

Өзіңде ойым жүйрік қол да шебер,

Сенде өткізген күндердің басқа әсері.

Төсіңде бір тылсым күш болмаса егер,

Тұрсын да тасыңа өлең жазбас еді.

 

Осылай еске аламын бал күндерді,

Жастанып туған жердің бөстегіне.

Балқанда бала болып қалғым келді,

Қамығам, баурайынан көшкеніме.

 

Бір күні ораламын күтші алда,

Биіктетер еңсеңді тауы осындай.

Басқа жердің ауасын мың жұтсам да,

Болмады Балқантаудың ауасындай.

СІЗГЕ

Біз алғаш қайда, кездестік қашан?

Жасырған қандай сырың бар жұмбақ.

Жүрегім сырды сезбес ұқпасам,

Бұл бәлкім сезім, ұғындаршы бақ.

 

Күлкі күні ме, Мартбекті еске алу?

Жолықтырған күн мені өзіңе алғаш.

(Өте шықты ма жар тектес ару,

Көптен іздеген сен көзің алмас.)

 

Сен жүрдің іздеп, беймәлім маған,

Жүректе жалын сөнем деді ме?

Көңілімде де ұйғарылмаған,

Басқа есім қою өлеңдеріме.

 

Сезгем, бір жанның сыйларын отын,

Болса да бірақ, басым жырдағы үн.

Жүресің күнде жырларымды оқып,

Жастануменен "Қасым" журналын.

 

Шаттықпен бірге, таласып бекер,

Жарысады осы несіне оза мұң.

Біздерді бәрібір жарасымды етер,

Көріскен алғаш -  кеші Розаның.

 

Бір қатардамыз бұл, әлде, тағдыр,

Түйісті көздер ән әсерімен.

Бізді ұнатқандар жылар де, бәрібір,

Әлемім енді жаңа сенімен.

Сізге 2

Жүрекке жүрек теңесек,

Дүрсілің тыңда, ұқ демін.

Сыйлық та, гүл де емес ед –

Сәлемің ғана күткенім.      

 

Ғашық жандардың көзінде,

Қуаныш, күлкі, бар шаттық.

Білесің бізге, өзің де,

Жараспайтынын алшақтық.

 

Жүректі тыңдап жүр сана,

Жаныма өлең – жазылса ем.

Мені ойлайтыңдар біршама,

Менің ойымда, қазір сен.

 

Келемін "мәңгі алаумен",

Ем іздеп ішкі мұң, шерге.

Сен жаққа болдым қараумен,

Келмейтініңді білсем де.

 

Онсыз да желдің лебі есед,

Төзем бәріне, жүкте мұң.

Сыйлық та, гүл де емес ед –

Сәлемің ғана күткенім.

15.04.2013 ж.

СЫРЛАСҚЫМ КЕЛДІ

Сенен де, менен жазық көп,

Сырласқым келді ұға алсаң.

Басқалар маған ғашық боп,

Басқалар әлі ұнар сан.

 

Түйіспей кетті жол кеше,

Сені де ойлантты бұл бәлкім.

Бір бақыт биік өрлесе,

Шарықтап барад мұңдар тым.

 

Оңай ма ысыру бір шетке,

Демей ме ішкі, үндер түк?

Сырласа алмай жүрсек те,

Ұнатып бірақ үлгердік.

 

Кедергі жоқ қой жолыңда еш,

Бақытты, әне, құстар да.

Шын ғашық жандар бөлінбес, 

Махаббат дейтін күш барда.

 

Өлеңде де енді жоқ үміт.

Жазары шаттық, кейде мұң.

Жүргендер көп қой, өкініп,

Жоғалтып алып сүйгенін.

 

Жалған күлкіден мұң артық,

Сырласқым келді ұға алсаң.

Басқалар саған құмартып,

Басқалар әлі ұнар сан.

ҚОШТАСУ ХАТЫ

Есіме сені алмаймын,

Сезімім, ойым бос ермек.

Шайылып кетсін бар қайғым,

Жауын да құйсын нөсерлеп.

           

Білесің, ойлар ой да осы –

Менен кінәнің жоқтығын.

Өшірер дейсің ойлашы,

Лапылдап тұрған отты кім.

 

Еске алар сәтті атап қал,

Ұмыту қиын дей алсақ.

Біздің сезімдер – тәкаппар.

Біздің сезімдер – ұялшақ.

 

Сезім бе толқып,  дір еткен,

Махаббат та өзі болған ба ед?

Жазылмаса егер жүректен,

Өлең дейміз бе, сол да ән бе?

 

Ұмыту керек кім нені?

Есінде қызық күй кімнің.

Гүлді де туған күндегі

Тек көңіл үшін сый қылдың.

 

Қоңырау шалып, күнде іздеп,

Кездесу көңіл күтіп пе?

Бірімізді алдап жүрміз тек,

Алдамшы сеніп үмітке.

 

Той-жиындағы билерді,

Қызғанған кейбір сәтті ұмыт.

Басқаны мәңгі сүй де енді,

Қолыңа қондыр бақ қылып.

 

Басқаның мен де бағымын,

Тағдыр дейтіні осы ғой.

Өлеңнің де енді ағымын,

Сезімдеріммен көшір ой.

АЛҒЫС АЙТАМЫН

Мен саған шексіз алғыс айтамын,

Болса да, мейлі, әр күз қайта мұң.

Күтсем де күнде күн, апта санап,

Қарсы алсам дағы жалғыз ай таңын.

 

Алғыс айтамын

сыр ашпағанға,

Қиялым болып ұласпағанға.

Өлеңнің енді кейіпкері емессің,

Болмайды есімің жыр, дастанымда.

 

Қиынға түсті жолығу неге,

демеймін,

Бұны торығу деме.

Алғыс айтуым керек те шығар

Басқаны жақсы көруіме де.

 

Ойыңа әркез қонар сағым, ұқ.

Кешіккен сезім оралса да ұмыт.

Онымен мен де кездеспес едім,

Көзіңнен егер көре алсам үміт.

 

Түсірмей төмен келем еңсені,

Сезім салмағы теңелмес еді.

Мен оны жақсы көрмес те ем білем,

Шын сүйген болсам егер де сені.

 

Көктем де келер, қайта шығар күз,

Емес қой Күн де, Ай да сыңарсыз.

Кезіккеніңде шын сүйгеніңе,

Білемін сен де айтарсың алғыс.

ҚАРАТАУ

Танысып айналамен, тіршілікпен,

Алғаш мән бере бастап сан, атауға.

Көңілімде мәңгі осы жүрші, көктем,

Балалық, сәби күнім Қаратауда.

 

Түсімде көліңді де, көрем бұлақ,

Бәрі ыстық.

Сәби көңіл байқар нені?

Тауыңнан сырғысам да төмен құлап,

Үйреттің, сен биікке қайта өрлеуді.

 

Ойынға бала көңіл асыға тым,

"Құйындай жауыныңа жуынсақ", - дер.

Жүретін қара қызың асық атып,

Достаспай қос бұрымды қуыршақпен.

 

Өзгерді өмір, ақ бантик, көйлек киіп

Ендім де сыпайылау  түр, кейіпке.

Өзгерді мінезім де, бөлек, тұйық

Қоңырау соғылғанда қыркүйекте.

 

Сен қойған ұмытылды лақап ат та,

Сағыныш көңілімді талқандауда.

Алмасты балалығым махаббатқа,

Көшкенде Қаратаудан Балқантауға.

ҰНАТТЫМ

Көңіліме орнат бақ, мейлі, мұңды,

Жүрегің дәл осылай сүйді кімді?

Ұнаттым маған деген сезіміңді,

Ұнаттым сенің шексіз мейіріміңді.

 

Ұнайтын келетінің керім күймен,

Мәз болып шығатының сенің де үйден.

Ұнаттым мөлдір, тұнық көздеріңді

Ішінде бар болған соң, менің бейнем.

 

Сезімім – ең биігім, ең бір шыңым,

Өлеңім жүрегімнің сендір шынын.

Өзімнің естіген соң есімімді,

Ұнаттым мен кеудеңнің дем, дүрсілін.

 

Ұнаттым.

Ғашық қыл да, ұнат әлі,

Бір сезім жүрегіме тұрақтады.

Бұл сезім – қиял емес, бәрі шындық,

Сағымға айналмасын бірақ, тағы.

ПОЭЗИЯ

Поэзия,

Балалық шақтың елес күндері,

Арманды мекен қолын бұлғаған.

Дәл бұрынғыдай емес түн лебі,

Елестеп әлі жолың жүр маған.

 

Өткен өмірдің жатыр іздері

Жазулы шимай парақ бетінде.

Ұға алмай кеттік ақыр біз нені,

Асығыс көңіл әлі-ақ жетуге.

 

Жас ғашықтарды табыстыратын,

Бақ, жапырағы сап-сары күздің.

Жүректен жалын, ән ұштыратын

Сағыныш күйі аңсарымыздың.

 

Қаңтарлы қыстың ақ мамық қары,

Боран қылатын  қара түн ішін.

Мазасыз ойлар сақталып тағы,

Туатын өлең - жаңа тынысым.

 

Қаһарлы қыстың ерітіп қарын,

Сәуірде жауған көктем нөсері.

Сені де және мен ұмытқанмын,

Біздер қыдырып өткен көшені.

 

Жаздың жап-жасыл таңғы гүл бағы,

Көбелек, құсы қонып тұратын.

Алғашқы сүйген жанды жырдағы,

Тосып жүреді жолын бір ақын.

 

Ала құйынды дүлей кезім көп,

Сәттерім талай алау от құшқан.

Жанымда әркез үрей сезім жоқ,

Жігер беретін алапат күш тән.

 

Келер күн, айым, жыл да күтіп ал,

Жүрек өткенін жүз аңсар әлі.

Өлең – нүктесіз, сұрақ, үтір бар,

Болашағымның ұзақ сапары.

* * *

Жүрегімнің кескініне сай түнгі Ай,

Біздің сезім алдамшы емес сияқты ед.

Айтылатын сөздер кетті айтылмай,

Қашанғы өмір сүрмекшіміз ұят деп.

 

Білмейтінбіз күдікті де күмәнді,

Ой мен сезім үлгермеді түйісіп те.

Ойламаппыз шаттық па әлде мұң әлді?

Сенетінбіз ішкі сезім түйсікке.

 

Қап-қара түн. Әйнегімді құшты сел,

Сезімдерден басым болды қиял, ес.

Өлеңменен  алмасты ма ішкі шер,

Дәптерімде тамшылар тұр, сия емес.

Жиям ес...

22.08.2013 ж.

ҰМЫТА АЛМАЙ ЖҮРГЕНІҢ БЕ, ҰҚПАДЫМ?!

Өмірәлісыйлайтұғынбақ, құт бар,

Мұңдыәнненсоң, көңілдісінтыңдарсың.

Өзіңменен, бізгеортақшаттықты ал,

Жүрегімдіауыртса да, мұңқалсын.

 

Кешке-ақұмытболадығойкүндізгі ой,

Бақыттілеп, қоштаспадықдұрыстап.

Кездеспеспіз, 

депайтпаймын, жүрмізғой,

Бірқаланыңауасыментыныстап.

 

Ұмыттымдепұмытаалмауқиынғой,

Біздіүнеміаңдыпжүрмессолелес.

Табыстырарбіздердіәліжиын-той,

Бізгеортақдос-құрбыларжоқемес.

 

Мен де ұмыттым, ұмытарсың

Солкүзді.

Естеліктер, санамызданөшебер.

Әліталайтүйістірержолбізді,

Бірболғансоң, бізжүретінкөшелер.

 

Тағы сен бе, ар жағындатұтқаның?

Үндемейсің,

Демеуболдыжасымаән.

Ұмытаалмайжүргеніңбеұқпадым,

Неге өтесіңбіздіңүйдіңқасынан?

* * *

Cезген бе сірә, тоңарын,

Баяғы күйі сол әні.

Басқалар көктем деп жүрсе,

Мен жырлар көктем жоқ әлі.

 

Біздерге бұлғап қол күзгі ән,

Мазалап сұрақ онсыз да әр.

Жүргенде бәлкім боларсың

Бейнемді іздеп сол қыздан.

 

Кездестік бүгін біз қайта

Естірмей кеуде үзді айқай.

Көрікті көктем кешінде,

Жырлады тағы күзді айта.

 

Шертуге сырын жан асық,

Шындықты бүктік бал ашып.

Жасыра аламды сезімді,

Көздегі мөлдір қарашық.

 

Жасырын еске жиі алдық,

Елес күндерді қиял ғып.

Кінәні менен іздеме,

Жаныма тән ғой ұяңдық.

 

Мендік жүректі тас десін,

Түсінбес жандар әсте шын.

Жасанды болып жүрсің бе

Жүрекке жазып басқа есім.

ҚЫЗҒАНБАШЫ

Өлеңімді тергеме, қызғанба, шын,

Мұңаймаймын деп қалай күзді алдарсың.

Ұмытпаймын ән барда, өлең барда

Көңілімнің төгілген үзді ән жасын.

 

Құпиям да жоқ емес жасыратын,

Бірақ сырды айтпаймын асыра тым.

Өмірімде болған соң сен – өлеңсің,

Бақыт болып, мұң болып жазылатын.

 

Қоя алмай келем әлі бір үтірді ай,

Нұры да бар, болғанмен күні-түні Ай.

Өткендерге қалайын өлең арнап,

Естеліктер тұрғанда ұмытылмай.

Тек, қызғанбашы!

ШЫН СҮЙСЕҢ ЕГЕР...

Жүректің тосқан иесі кім?

Таусылды жігер, әл-дәрмен.

Сұрама босқа кешірім,

Шын сүйсең егер алдар ма ең.

 

Таусылмас жазарым әлі,

Дәл менің сағынышымдай.

Мен сенің назарыңдамын,

Қалай жүр жалын ұшырмай.

 

Мұңға да көніп жүр әрең,

Қоштасар тақап қалды күн.

Босаңсып көңіл жылар ем,

Жібермес тәкаппарлығым.

 

Қал деп те, кетпе демедім,

Үстеппін демек бекер дем.

Күткенмін текке тер едім,

Шын сүйсең егер кетер ма ең.

 

Жалғыз қап сүйіп көр елес,

Жалғастыр ойыныңды әрі.

Адамбыз кейіпкер емес,

Ойнаған қойылымдағы.

 

Тауып ап, тыңдат бір әуен,

Мәңгілік мұңыма дауа.

Кет деп те тіл қаттым әрең,

Жасыма жуынып ала.

 

Жүрегім кеңеспек еді,

Сен оған құлақ аспадың.

Енді алма, сен еске мені,

Тұр бірге жылап аспаным.

 

Мен үшін сезім жоғары,

Маңызды бірақ та, сенім.

Сағынар кезім көп әлі,

Мұңайтып, жылатпас та едің

Шын сүйсең егер.

* * *

Еске алармыз бақытты шақты кейін,

Жасты күнді айт, аққандай бұлақ қырдан.

Күлімдеген көздермен бақ тілеймін,

Мейлі жүрек болса да, жылап тұрған.

 

Айтылмасын жүректен "сүйем"  сөзі,

Қажеті не, бөлек біз жол таңдадық.

Тек түсімде көрейін, жиі енші өзің,

Ал, өңімде көруге қорқам барып.

 

Сырымызды білдірмей басқаларға,

Сағынумен жүреміз ұзақтап ап.

Кездескенде көздерден жасқанам да,

Суретіңе отырам, ұзақ қарап.

 

Өшіруге санам да, қимайды ұқ,

Ойламаудың керегін кеш ұғынды.

Ақ параққа мұң шақсам, шимай қылып,

Жаза берер қаламым есіміңді.

 

Қуантатын баяғы сый кеп орал,

Жүрем ылғи алдымнан қарсы алшы деп.

Өлең жазып отырған күйде болар,

Абайсызда кездесіп қалса жүрек.

 

Сен де, ойлап жүрсің бе, солғын өңің?

Мен де шаршап, жалықтым, ұқ күтуден.

Аяқталып қалғанда соңғы бөлім,

Кетеді ылғи айналып нүкте үтірге.

 

Биылғы күз бола ма тағы күрең,

Жылатсаң да жанымды жылысың, мұң.

Күлімдеген сәулелі ай жарығымен,

Мөлдіріндей жүректің жыр ұсындым.

 

Қоштасады екенбіз жылап қай күн?

Ұмытып кетем сосын шер дегенді.

Басым болып кетпесін бірақ қайғым,

Жоқ, ұмыттым. Сен де ұмыт. Келме де енді.

ЕГІНДІБҰЛАҚ

Жүрегім туған елім деп тұрад,

Жадырар көңіл демін тұтып ап.

Ата-бабамның киелі жері,

Армысың, асқақ, Егіндібұлақ.

 

Өресі биік, Балқантау ар ма!

Гүлің де, бізге арман-ау тал да.

Сұлу сәбидей оянушы едің,

Қап-қара түнін таңға ауғанда.

 

Күлімдеп әр кез елін күтіп ап,

Мені де қарсы ал, Егіндібұлақ,

Тағы бір балаң қол бұлғап барад,

Кім ұғар дейсің шеріңді бірақ.

 

Жүректе мәңгі жүрсің, өрелім,

Саған жыр басқа, білші бөлек үн.

Қалыпты шөлдеп Балқантау бүгін,

Оқыдық біргеТұрсын өлеңін.

 

Нұрыңды төкші, Егіндібұлақ,

Аңсап тұр құйын, селіңді қырат.

Жүрегімде өшпес сағынышым бар,

Ол саған деген сенімді  шырақ.

Егіндібұлақ.