ХУМАРБЕК Ербұлан – 1994 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қ. Аманжолов ауылында дүниеге келген. Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті.
2009 жылы қалалық "Абай оқуларының" I орын игері. 2010 жылы "Дарын" сыйлығының III иегері.
Біздер Алмаз Мырза-Ахметтің
"Көгершін" кешінде табысып,
Мирас Асанның "Соңғы раушан" кешінде
қоштастық. Белгісіз себептермен...
Автор
Елесің бе еді кешегі,
Келесің кезіп көшені.
Маңдайда мұңым бес елі,
Таңдайда жырым көшеді.
Қарашы жоғын қаламым,
Әлемге сыймай барамын.
Құшағымдағы қимасым,
Көзімде сенің жанарың.
Тағдырға мынау не дерсің,
Бітпейді мәңгі көрер сын.
Көңілім көктем боп кетед,
Көзіме түссе "Көгершін".
Сарылып өтті сан таңдар,
Жанарым болды-ау жаутаңдар.
Жанымнан маза кетеді,
Көрінсе бітті "Раушандар".
Қаламмен қаздым қабірді,
Сұрағы мида сабылды.
"Көгершін" қонған қазан мен
"Раушан" солған сәуірдің.
Елесің бе еді кешегі,
Келесің кезіп көшені.
"Ұмытты" дейді біреулер,
Біреулер "сүйет" деседі.
Түсімде кел деп тіл қаттың,
Өңімде жатсың, жұмбақсың.
Тағдырымдағы "танысым",
Қиялымдағы "қымбаттым".
Жалған
Абай қайда?! Мұхтар неге мазалы?!
Жанар қайда, жаутаңдаған жұртым деп.?
Шәкәрімдер, Мағжандардың ажалы
Келіп еді...Еңіреді қу тіл деп.
Ұлтым деген ұлың қане, көрсетші?
Халқым дейтін қызың бары шамалы.
Жанарлардан үзер мөлдір бөлшекті,
Сезімдердің бес минуттық табары.
"Ел үшін өл деген бізде заң бар ма?",
Осы ма еді маңдайдағы пешене?!
Абылайларым арақ ішіп барларда,
Махамбеттер мәңгіріп жүр көшеде.
Тірлік үшін жүргендерміз жан бағып,
Тірі өлікке ұқсап барад тегім бір.
Сәбиралар бейбіт күнде сандалып,
Мәншүктерім махаббат деп меңгіп жүр.
Дінсіздік-ау, бізге бұрын жат едің,
Аруларым болған қандай қырмызы?!
"...Мешіт көрмей менменсіген әкенің
Бесік көрмей өсіп жатыр ұл-қызы".
Шашылар деп, шашынан көп күнәсі,
Жанарына отырады жасты үйіп.
Сол қолында сырласындай сырасы,
Оң қолында ұстағаны "таспиық".
Бәрі-дағы бұл өмірде бекер, шын,
Соңы әйтеу, білетінім бір өлім.
Өкінішпен өзегіңді өртерсің,
Бітіп қалса жалғандағы рөлің.
Имансызды төрге апарып көсілткен,
"ТЖ"-лықпен өтіп жатыр күніміз.
Илләһиді ауызбенен көпірткен,
Алла емес, Ақшалының құлымыз.
Өткен күндер енді бізге елес-ау,
Бабалардан қалған дала, осы әні.
Ұлттың арын даулайтындар емес-ау,
Құлқын қамын ойлайтындар отаны.