«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында өз орнын тауып келеді. Аталмыш жоба қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл акция классиканы, заманауи әдебиет пен поэзияны қоса алғанда, отандық әдебиетке деген жұртшылықтың қызығушылығын одан әрі арттыруға ықпал етеді.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы жарияланып, жалпыхалықтық оқуға «Отыз жылдыққа отыз кітап» ұсынылды. Бұл акция ерекшеліктері үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу, дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғануға бағытталған – 5 бағытты қамтиды. Олар: поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аудармалар.
Драматургия жанры бойынша оқуға берілген кітаптар тізіміне енген жазушы М. Омарованың «Көмбе нанның дәмі» атты драмасы ұсынылған болатын.
Мадина Омарова – әдебиетке тәуелсіздік кезеңінде аяқ басқан жазушы. Рухани кеңістікке шыққанына шамамен жиырма шақты жылдың жүзі болған ол негізінен әңгіме жанрында жазады. Оның повесть, романдарының өзінің алдында мини деген анықтама тұрады. Мадинаның әңгімелері қысқа, кейде мүлдем қып-қысқа – миниатюра, этюд, суреттеме сияқты. Солай бола тұра көтерілетін мәселесінің тереңдігі мен өмірлік материалының ауқымдылығы жағынан алғанда өте салмақты болып келеді. Жазу мәнері өз қатарластарынан едәуір ерекшеленетін жазушының екі кітабы жарық көрді, бірнеше шығармасы орыс тіліне аударылған. Жазушының «Ана ғұмыр» кітабы 2009 жылы, 2012 жылы «Қадір түні» прозасы және т. б. драмалық шығармалары, мистикалық әңгімелері шықса, ал 2020 жылы «Көмбе нанның дәмі» атты драмасы жарық көрді.
Драматург Мадина Омарова «Көмбе нанның дәмі» драмасында тарихи жағдайлардың салдарынан Қазақстанға жер аударылған ұлт өкілдерінің тағдырын, соғыс жылдары тылда қалған халықтың басындағы нәубет халді суреттейді. Майдан елдегі ер-азаматты түгел сыпырып алып кеткенде, барлық қиямет-қиыншылық ауылдағы шал-кемпірдің, бала-шаға мен әйелдердің мойнына қыл шылбыр болып ілінді. Сол бір кез тағы бір сұмдығымен тарихта қалды. Драмада ел мен елдің, ұлт пен ұлттың бауырласуы, ұлтымыздың қонақжайлылығы, қазақтың өзі қайғыдан қан жұтып, аш-жалаңаш отырса да, пана іздеп келген жұртты сыртқа теппей, аялы алақанын қалай ұсынғаны баяндалады. Ең бастысы – адам рухының мықтылығы, махаббат пен мейірімнің қандай да қиындықты жеңетіні көрініс табады. Аталмыш драма Мұхтар Әуезов театрында сахналанған.
Мадина Омарованың туындыларын кітапханамыздың кітап қорынан алып, оқуларыңызға болады және «Көмбе нанның дәмі» атты драмасының электрондық нұсқасын http://kazneb.kz/порталынан оқуға шақырамыз!
ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Кемельбаева Г. Т.