Құрметті оқырмандар кітапханамыздың Өлкетану әдебиеті бөлімі Елордасы Нұрсұлтан қаласының ақыны, Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің заңгері, «Прокуратура озаты» белгісінің иегері Абдулмахмуд Пошатаевтың сый кітаптарымен толықтырылды.
Пошатаев Абдулмахмуд Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Кеңесарық елді мекенінде 1976 жылы 29 қазанда дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты - Мұхаммед Әли Абдул Садыр. Қызмет атқарған жылдарында ҚР – ның Бас прокуроры , облыс прокурорлары тарапынан және Ақпарат және байланыс саласын дамытуға үлес қосқаны үшін марапаттарға ие болған. Заң саласында тынбай еңбек етіп, әдебиет саласына да өзіндік үлес қосып жүрген азамат. «Жастық шақ жырлары» атты өлеңдер жинағының авторы. Бұл еңбекте: «Сөзде – сиқыр, Өлеңде – құдірет бар»,- деген екен Мұхаммед Пайғамбар!», - Екі ауыз өлең жазбайтын қазақ болмайды, десек те Алланың маған осындай тамаша өнер сыйлағанына шүкіршілік етемін, - дейді ақын. «Бірлігі, тірлігі бір ел болайық» өлеңінде:
Қазақта жүрек те бар, ақыл да бар,
Кез келді бар ізгілік мақұлданар.
Өткенді таразылап, ойды жинап,
Үш жүздің келді кезі жақын болар.
Мағжанның «Оян қазақ» деген сөзі,
Айтылған батқаннан соң өмір тезі.
Бірлігі, тірлігі бір ел болайық,
Кеш те болса оянар келді кезің!- деген азаматтық жыр шумақтарынан ұлтына деген патриотты сезімді көруге болады. Елдің амандығын, жердің бүтіндігін тілеген ақын қазақтың жер - су атауларын, қыраттарын да жырына қосып, табиғатын өрнектеп өлеңіне арқау етеді.
Өлең өлкесінде бұрында тұшымды жинақтарымен танылған ақын Абдулмахмуд Пошатевтың «Елік ғұмыр» атты жыр жинағы махаббат лирикасынан елдік пен азаматтық рухтағы туындыларға дейін қамтылған. Әсіресе анаға арналған шығармаларының өзі бір төбе.Сонымен қатар қоғамдағы өзекті тақырыптар да ақын назарынан тыс қалмаған.
Абдулмахмуд ақындығының ақжолтай мұраты мына төмендегі шумақ – жолдардан әдемі айшықталып көрінеді.
Жақсыға бәрі жақсы көрінеді,
Жаманның жолдарынан жерінеді.
Өмірге ғашық жанның жыры сұлу,
Өлеңі махаббатпен өріледі.
Анаға ән арнамаған сазгер, жыр арнамаған ақын жоқ шығар?! Өмір сыйлаған жанға деген құрметін қазақ әркез өлеңмен өрнектеген.
Ол күзді жақсы көреді, неге десеңіз :
... Түйсігімде бір ой маздап санамның,
Сыйласа да қоңыр күзім маған мұң,
Күзді сүйем.
Күз ұнайды, өйткені,
Туған күні күзде еді анамның,- деген жыр жолдарынан анаға деген махаббаты, анасына деген сағынышы айқын сезіледі. Ақын бірде, анасын аңсағанда:
«Найзағай болып жарқ ете қалшы, анашым,
Көктемгі жаңбыр төбеден жауып өткенде», деп толғанса, әке жайында:
Ұялып жүрмін,
Қысылып жүрмін,
Бетсіз бе ем?
Құдайым, сірә, сақтасын мені тексізден.
Тірегім менің, баласын ерек қорғаған,
Өмірдің мәнін үйрендім, әке тек Сізден, - деп ой түйеді.Осындай әзиз әкеден тәлім алған , сөз киесін ұғынған ақынның: «Намысымның семсерін қайрап алып, Талай тұрып кеткенмін жығылғанда»деген сөздерінен – ақ ақын рухының күштілігін байқаймыз.
Сайып келгенде, қасиетті қара өлеңнің қауқарын орынды жұмсаған Арқа еліне жиен болатын Абдулмахмуд ақынның әдеби мұралары бүгінгі таңнан өз бағасын алды. Қазақ халқының мәйекті сөзінің уызына жарап өскен ақын шығармаларының тілі өрнекті, айтар ойы – ұтқыр. Оқып білуден, үйренуден, ізденуден жалықпайық.
Құрметті оқырмандар, сіздердің жүректеріңізге сезімге толы жырлары мен азаматтық рухтағы жинақтары жол табады деген ойдамыз! Кітапханамыздан келіп танысып оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б. Алпысбаева