Жымиясың сен неге? ...

1 Сәуір күлкі күнін, адамның ғұмырын ұзартатын құбылыс деп білеміз. Әділетінде күлкінің күші күмбірінде емес, зілінде ғой. Ойлы күлкі әрі ащы, әрі тәтті. Күлкі күнін мереке ретінде қалыптастыруда, саналы ғұмырын елдік мүддеге, көпшілік мұңын жоқтауға бағыттаған, бір туар азамат, өмірден ерте кеткен жерлесіміз журналист, сатирик Мартбек Тоқмырзаның шығармашылығының салмақты да, сүбелі жағы сатирада десек қателеспейміз.

Қасиетті Қарқаралы топырағында, 1968 жылы дүниеге келген, Мартбек Тоқмырзаның, 2008 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Жымиясың сен неге?» атты кітабында, автордың көп жылдардағы сатирасы, фельетондары, сықақтары енгізілген. Кітаптың алғы сөзін жазған атақты сатирик Үмбетай Уайдин «Кітаптың авторын адам, қоғам бойындағы түрлі дерт атаулының қайсысын нысанаға алса да, дәл тигізеді» - деп жоғары баға берген.

Бұл кітап «Не істеу керек?» деген сатиралық шағын әңгіме мен басталады. Адамның қаққа жарылуы, ішкі дауыс пен сыртқы дауыстың тайталасына келіп үлкен шығармашылық туындайды. «Склероз» атты әңгімесін де осы тақырып аясына жатқызуға болады. Автордың сатираның ащы жебесін аямай қадайтын келесі бір тақырыбы - қоғамдағы еркектер мен әйелдер мәселесі. Сондықтан  да, салмағы зіл батпан екі бірдей «Мәселе», «Аты жоқ әңгіме» сатиралық шығарманың жазылуы тегіннен - тегін емес.

Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Осы сөзді, жерлесіміз сықақшы, журналист Мартбектің рухына арнап айтуға болады. Күлкі күнін мереке ретінде қалыптастыруда және қазақ сатирасында өзіндік қолтаңбасымен қалған, Мартбек Тоқмырза есімін жаңғырту мақсатымен, 1-Сәуір күлкі күні өткізіліп отыратын, аудандық, облыстық фестивальдар да, қайталанбас дарын иесінің ашылмаған қырлары, зерттелмеген жан дүниесі талантты жастардың шығармашылық мүмкіндіктерімен шыңдалып отырады.

Құрметті оқырман қауым М.Тоқмырзаның шығармаларын кітапхананың қорынан алып оқуларыңызға болады.

 

Негізгі құжаттарды сақтау бөлімінің кітапханашысы Жылтыбаева Р.Р.