Қоғам өмiрiнде ақпарат ерекше маңызды рөл атқаратыны бәрiмiзге белгiлi. Адам ақпаратты қабылдау, оны өңдеу және басқаларға тарату қызметiн әрдайым атқарып келеді. Ал бүгінгі таңда ақпарат алмасудың негізгі көздерінің бірі – әлеуметтік желілер.
Әлеуметтік желі – онлайн-платформа, ол қарым-қатынас жасау, танысу, көңіл көтеру (музыка, фильмдер) және жұмыс істеу алаңы.
Әлеуметтік желілердің ақпараттық ресурс ретінде қолданылуы XXI ғасырдың негізгі жаңалықтарының бірі болып табылады. Оны тиімді қолдана отырып, болашақта табыс көзіне айналдыру, әлеуметтік және рухани байлыққа иемдену, мемлекет пен қоғамды жетілдіру сияқты мәселелер қазіргі уақытта өзекті болып отыр.
Күн сайын әлеуметтік желілерде мыңдаған жаңа хабарламалар жарияланады. Әдетте, барлығымыз әлеуметтік желілерге қажеттілік болған жағдайда ғана жазамыз, ал өз аудиторияңды тауып, желілерді тиімді пайдаланғың келсе жазбалар жазу барысында төмендегі 10 қарапайым ережеге сүйенген дұрыс. Себебі посттар (жазбалар) – әлеуметтік желілердегі маркетингтің табыстылығының негізі.
1. Жазбадағы хабардың аудиторияға пайда әкелетініне көз жеткізіңіз
Әлеуметтік медиа пайдаланушылары көңіл көтеретін немесе бір іске үйрететін жазбаларды жақсы көреді. Дәл осындай мазмұнды контентке лүпіл басып, өзіне сақтап қояды. Сондықтан ең алдымен «бұл пост оқырманға қандай пайда әкеле алады?» деген сұраққа жауап берген дұрыс.
2. Жазбаның стилін таңдаңыз
Әр түрлі хабарламалар мен жазбалар әр түрлі стильді қажет етеді. Кейбір аудиторияға «Құрметті ханымдар мен мырзалар» деп жазу немесе айту сай келмейді, сол секілді бейтаныс аудиторияға «Сен, сендер» деп айту дұрыс емес. Сол себепті әр жазбаның өз аудиториясы болған секілді өз стилі де болуы тиіс.
3. Жазбаның ұзақтығын қадағалаңыз
Жазба неғұрлым қысқа болса, оны оқу оңайырақ және соғұрлым тиімді болады.
4. Дұрыс сілтемені тіркеңіз
Кез-келген жарияланымның соңына сол тақырыпқа қатысты сілтемені қою қамту санына әсер ететінін ұмытпаңыз. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі әр сілтемеде оны бақылауға болатын белгілер болуы керек. Күшейткіш кез-келген сілтемені дұрыс өңдейді, utm белгілерін қояды және бәрін өзі талдайды.
5. Тиісті хэштегтерді қойыңыз
Ең танымал тәсілдердің бірі – хэштегтер. Олар хабарламаның қол жетімділігін едәуір арттырады. Негізгі қағидалардың бірі - жазбаның жалпы тақырыбына сәйкес келуі. Және жазбаға үш хэштегтен артық салмауға тырысыңыз.
6. Жазбаларды шектен тыс жиі қоймауға тырысыңыз
Әлеуметтік желідегі кез-келген аккаунтта ақпараттық сыйымдылық бар. Бір күнде бірнеше жазба қойып, аудиториядан барлығы үшін уақыт бөлгенін күту дұрыс емес. Facebook, ВКонтакте және Инстаграмға күніне екі жазбадан артық жарияламаған дұрыс. Ал Твиттерде күніне бес твит жазуға болады.
7. Емле мен тыныс белгілерін тексеріңіз
Кез-келген адам оқып отырған жазбасында қателіктердің болғанын ұнатпайды. Жарияламас бұрын өз жазбаңызды тексеріп алған жөн. Ол үшін мәтіндік редакторда емлені тексеруді қолданыңыз.
8. Егер жазба мазмұны аудиторияға ұнамай қалса көңіліңізді түсірмеңіз
Әлеуметтік желілер өз заңдары бойынша өмір сүреді. Сіз жылдың негізгі жазбасын жазып тек бес лүпіл жинауыңыз мүмкін. Немесе керісінше, ойламаған жерден кездейсоқ қойылған жарияланым үлкен қамтуға ие болуы мүмкін. Сондықтан өз хабарламаңызды шамадан тыс уайымдамаңыз, сол кезде еркін ойлана аласыз.
9. Эмоция үстінде жазба жарияламаған дұрыс
Көптеген адамдар әлеуметтік желілердегі дау-дамайларды жақсы көретіні бәрімізге белгілі. Алайда, мұндай хабарламалардың пайдасына қарағанда зияны көбірек. Сондықтан жазба мазмұны ешкімді ренжітпейтін болуы тиіс.
10. Суреттер немесе бейнелер қосыңыз
Әлеуметтік медиа қолданушылары әдемілікті жақсы көреді. Суреттер мен бейнелер керемет мәтінге қарағанда көбірек назар аудартуы мүмкін. Сол себепті өзіңіздің жазбаңызға сурет немесе бейнені қосуды ұмытпаңыз. Визуалды мазмұн бұл ретте өте маңызды.
Сізге біз ұсынып отырған кеңестер өз әлеуметтік желіңізді дамыту барысында пайдаға асады деген ойдамыз.
Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі
Ерғали Г.Б.