Есімі мен еңбегін әлем таныған, жаһан мойындаған тұлғалар Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ғана емес, мызғымас мықты тірегі. Сондай абзал азаматтың бірі – Олжас Омарұлы Сүлейменов. Алматы қаласында дүниеге келіп, бір жасында мезгілсіз әкесінен айрылған. Әкесі - Орта жүз, анасы Фатима Беделбаева – Ұлы жүз, екінші әкесі Әбдуғали Қарағұлов – Кіші жүзден екен. Олжастан тегі туралы сұрағанда: «Мен үш жүздің баласымын», - дейді екен.
Орыс мектебінде оқыды, өлеңді 4-сыныптан бастап жазды, жақсы көретін пәндері әдебиет, тригонометрия, математика болған. ҚазМУ-дың геология барлау факультетіне оқуға түсіп, мұнай және газ кен орындарын іздейтін инженер дипломын алған. 1958 жылы ол Москваның Әдебиет институтына Қазақстаннан алынған 5 адамның біреуі болып оқуға түскен. «Казахстанская правда» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлік - редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР киноматография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы төтенше өкілетті елшісі қызметтерін атқарды.
Олжас өлеңдерін орыс тілінде жазса да қазақы тамырынан еш ажырамаған. Жақұт сөзбен, кемел ойларымен өрілген жырлары түрлі халықтың назар аударды. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақ» деген атпен басылды. «Адамға табын, Жер енді!» атты поэмасы 25 жастағы қазақ ұлы Олжасты әлемге танытты. Отызға жетпей орда бұзған Олжас жер - жүзін түгел шарлаған. Он жыл бойы көз майын тауысқан жанкешті еңбегі мен талассыз талантының жемісі – «Аз и Я» кітабын ұсынды. «Аз и Я» және «Язык письма» атты тілге қатысты зерттеулері өте құнды еңбектер. «Аз и Я» атты атышулы еңбегімен елтану, тілтану, ділтану тәрізді ұғымдарға сілкініс тудырып, ұлт ұрпағының санасын оятуға, рухани түлеуге серпіліс жасағаны шындық. Олжастың сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», т.б фильмдер түсірілген. Ақынның 1953 жылы жарық көрген «Қыш кітабы» өзінің білім деңгейімен, европалық мәдениетімен қазіргі қазақ поэзиясындағы оқшау дүние. Поэма бұдан үш мың жыл бұрынғы оқиғалар мен қазіргі заманды жалғастырған алтын көпір. Публицистика мен поэзия дара тұлғаның қос қанатына айналып, оны шығармашылықтың шыңына көтерді. Қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарды. Желтоқсан оқиғасына, Алматыдағы Д.А.Қонаев ескерткішінің алынбауына, Полигонның жабылуына өзіндік зор үлес қосқан азамат. «Мен ядролық қаруды тоқтату үшін күресетін Бүкілхалықтық қозғалыс құруды, оны «Невада – Семей» деп атауды ұсынамын», - деген де Олжас ағамыз болатын. Осы қозғалысты қолдап, алты миллион адам қол қойды. Олар Қазақстанды мекендеген 130 ұлттың өкілдері болатын. Осы оқиғадан соң арада 4 жыл өткенде Семей жеріндегі полигон жабылған еді. Батыр бабасы Олжабай дүниеге келер жетінші ұрпағының білгір де көрегендігін сонау ерте заманда болжаса, Олжас сол бабасының үмітін молынан ақтап, өз ғұмырының сәулелі кезеңдерін ұлтына, халқына арнады. «Олжасты қазақтардан гөрі өзге елдер көп бағалайды. Осындай дарынды тұлғаның қазақтан шыққанын мақтан тұтуымыз керек», - деген Асанәлі Әшімов ағамыздың пікірін құптап, бой - келбеті, сымбатымен, ой – санасының озықтығымен, асқақ үнімен көзге түскен дара тұлға халқының есімінде мәңгі сақталары сөзсіз деп айта аламын.
Кітапханамыздың қорынан өрелі, ойшыл тұлға Олжас Сүлейменовтың шығармаларымен қоса ол жайлы жазылған зерттеу еңбектерді де таба аласыздар, келіңіздер, оқыңыздар!
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының басшысы:
Ахмадиева А.С.