30 тамыз – ел Конституциясы күні. Конституция - егеменді еліміздің берік іргетасы , азаттығымыздың айшықты айғағы. Тәуелсіз ел екендігімізді танытатын, дербес мемлекеттілігімізді көрсететін қастерлі құжат. Біздің күллі тыныс – тіршілігіміз , өмір салтымыз , қоғамның тамыр бүлкілі - барлығы негізгі Заңнан бастау алатыны рас. Ата Заң - ел азаматының конституциялық құқығын танытатын, әр отандасымыз бұлжытпай орындайтын заңдардың алтын арқауы. Ата Заң - бабалар аманаты . Кешегі Қасымның «Қасқа жолы», Есімнің «Ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері. Өткен тарихымызға жүгінетін болсақ, қазақ елінің заңнама тарихы сонау Х!V –ХV ғасырлардан бастау алған..Олар Ата Заңы, Ата жолы, Ата сөзі және өсиеті деп аталған. Алғашқы Қазақ хандығы құрылғанда 1551 жылы 19- баптан тұратын Негізгі заң қабылданған екен. Оған қазақ «Қасымның қасқа жолы» деп ат қойып, айбар таққан. 1669 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны » қабылдады. Бұл Заң - жеті әдетті құқықтық жүйеден тұратын, қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы еді. «Жеті жарғыны» жасауға Ұлы даланың даңқты билері атсалысқан.
Ата Заң – ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі. Бүкіл халықтың игілігін көздейтін Конституция, қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналуына да оң ықпал етті. Бүгінде еліміз зайырлы мемлекет. Еліміздің көпұлтты халқының татулығы , ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің ең басты байлығымыз.
Осы орайда Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде 1993 жылы қабылданған тұңғыш конституциясының тарихи маңызы зор. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жариялаған бұл конституция, демократиялық бағыт ұстанған жаңару кезеңінің конституциясы болды, Алайда бұл құжатта Қазақстан Республика деп танылғанымен, нақты қандай республика екендігі көрсетілмеуіне , республика қызметінің түбегейлі принциптерінің айқындалмауына және басқа да кемшін тұстарды толықтыру мақсатында 1995 жылы 30 тамызда қолданыстағы Конституция бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік тіл статусы да айқындалды. Бүгінде халық қоғамның барлық тыныс – тіршілігі заңмен ғана шешілетінін түсінді. Әрбір азамат бейбіт елдің алтын арқауы – Ата Заңымыздың талаптарын бұлжытпай орындаса, алар асуымыз әркезде биік болары сөзсіз.
Осынау еліміз үшін айтулы мереке - Конституция күні құтты болсын! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын, құрметті оқырман!
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы Айтбаева К.Т.