ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Халқымыздың қолөнерін сақтау, насихаттау, және одан әрі дамыту мақсатында өтіп жатқан «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» атты облыстық фестиваль аясында Н.В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының «Шебердің қолы ортақ» атты кітап көрмесі өтті.
Бұл көрмеде қазақ халқының қолданбалы өнер туындылары: өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты өнер жиынтығымен таныстырылды.
Көрмеде ерекше назар аударатын кітап қарағандылық музей саласының мамандары Т.Аршабеков пен Д.Шашеновтың бірлесіп шығарған Сарыарқаның қолданбалы өнері (Қарағанды,2011ж.) атты басылымы. Өлкемізге арналған ғылыми зерттеуде Сарыарқаның қолданбалы қолөнерінің тарихы, салт – дәстүрлері, жасалу жолдары туралы баяндалады. Кітап тарихшыларға, өлкетанушыларға, гуманитарлық саладағы барлық ізденушілерге және жалпы оқырман қауымға арналған.
Кітапхана қорындағы оқырман сұранысына ие болған ғалым, өнертанушы, археолог, тарихшы Әлкей Марғұланның үш томдық Қазақтың қолөнері (Алматы,1986ж.) атты кітабы. Қазіргі таңдағы қазақ қолөнеріне байланысты құнды кітапта, өнердің барлық түрлері қамтылған және қысқаша анықтама алуға болады. Түрлі-түсті суреттер, кескіндемелермен безендірілген.
Қолдан жасалған бұйымдар кез-келген оқырманның көңілінен шығары анық. Осы саланың қыр-сыры туралы жазылған тарихшы, этнограф Халел Арғынбаевтың Қазақ халқының қолөнері (Алматы,1987ж.) атты ғылыми еңбегі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Иллюстарциялық материалдарымен көркемделген бұл еңбекте ұлттық өнердің өзекті мәселелері көтеріліп, қолөнер шеберлігінің туып-қалыптасу кезеңдері қамтылған.Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясы бойынша жарық көрген Шаңырақ энциклопедиясы (Алматы,1990ж.) үй – тұрмысын, ас пісіру, тағамның түрлерін әзірлеу, бағбандық жұмыс, бау – бақша өсіру, үй жануарларына деген қамқорлық, сондай – ақ тұтынуға шығарылған үй – жай заттарын қалай пайдалануға болатындығынан толық хабардар етеді. Сонымен қатар көрмеде қазақ халқының мәдени өміріне арналған мерзімді басылымдар ұсынылды. Мерзімді басылымдар арқылы Қарағанды облысының қолданбалы өнері, мәдениетімен толығырақ танысуға болады.
Суретте көрсетілгендей көрме өнер сүйер қауымның көңілінен шықты.