Жыл сайын 18 қазан күні елімізде Рухани келісім күні аталып өтіледі. Бұл мереке 1992 жылдың 18 қазанында Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен күннен басталады. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» - деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттарды біріктіріп, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Осыған орай біздің кітапханамызда «Діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көпшілікке арналған кітап көрмесінің басты мақсаты: ұлтаралық достық пен қарым-қатынасты сақтауға, Қазақстан президентінің бейбітшілік пен дінаралық келісім орнату саласындағы саясаты туралы жастарға тағылымды кітаптар арқылы жеткізу. Көрмеге Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы үшін жасаған еңбектері, рухани келісім съездері, бейбітшілік жолындағы тәуелсіз Қазақстан елінің тарихы жайлы жазылған кітаптар мен қаншама ұлт пен ұлыстың, халықтар мен диаспоралардың діні, мәдениеті, салт–дәстүрінен сыр шертетін кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылған.
Көрмеде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен әлем халықтары дін өкілдерінің бірінші сьезіне арналған «First Congress» (Астана, 2003) атты жинақты көре аласыздар. Жинақта Сьезге қатысушылардың әр сөзінде қабылданған, қазіргі өте құбылмалы дүниеде діндер үнқатысуынан - өркениетті жақындастыруға, әлемде бейбітшілік пен келісімге жету үшін барлық дін қайраткерлерін біріктіріп, діни - этникалық негізде болатын жанжалдардан сақтандыру мәселелерін алдын ала жүзеге асыру қажет деген ой өзек болды.
Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бас қосуынан кейін 2015 жылы жарыққа шыққан «Ізгілікті үнқатысу = The blessed dlalogue = Благословенный диалог» (Астана, 2005) атты фотоальбомы ұсынылды. Бұл фотоальбомда қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау мен нығайтуға бағытталған сара саясаттың жарқын үлгісін фотосуреттер арқылы көрсетеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары сьезінің 10-жылдығына орай жарыққа шыққан «Дінтұтқа» (Астана, 2013) атты құнды еңбекте 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан сьез туралы, дәстүрлі дін көшбасшыларының пайымды пікірлері, мақалары мен сұхбаттары енгізілген. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылдығымен қолға алынып, жаһан жүзінде жағымды жаңғырық туғызған, дүние дидарында дін тұтқалық міндет атқарып отырған еліміздің, Елбасымыздың қадір-қасиетін айшықты аша түседі.
Дін халықтың мәдени дәстүрлерін сақтаушы және рухани –адамгершілік идеалдардың қозғаушы күші ретінде отандастарымыз үшін зор құндылыққа ие. Осыған байланысты діни этиканың күші өскелең ұрпақтың адамгершілік және рухани дүние танымын қалыптастыруда. Осыған байланысты Қ. Лама Шарифтің «Дініңді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң - қасіретің» (Алматы, 2016) атты кітабында діннің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығына қатысты мәселелерді қозғайды.
Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Мұртаза Бұлұтайдың «Дін және ұлт» (Алматы, 2006) деп аталатын еңбегіне дін ғылымдары, әлеуметтану, тарих философия, құқық, саясаттану, халықаралық қатынастар, мәдениеттану салаларын қамтитын ең ауқымды ғылыми–публицистикалық материалдары енгізілген. Автордың басты мақсаты – ұлттық бірлік пен егемендіктің сақталуы, дінді бұрмалаушылардан сақтау, зайырлы да өркениетті қоғам орнатуға үлес қосу.
Бүгінгі күні әлем назарын өзіне аударып отырған лаңкестік пен діни экстремизмге Ислам дінінің қарсы екенін айғақтайтын, «жиһад», «радикализм» секілді күрделі ұғымдарға талдау жасалған кітаптарды да көрмеден таба аласыздар.
Кітап көрмесінде қорымыздағы мерзімді басылымдар беттеріндегі материалдар да ұсынылған. Облысымыздың бас газеті Орталық Қазақстан газетінің 2020 жылдың 17 қазаныңда шыққан жергілікті автормыз Д.Халелдің «Бейбітшілік пен жасампаздық жолы» атты мақаласы мен «Литер» газетінің 2020 жылдың 1 желтоқсан күнгі санында «Укрепление духовности – залог согласия» атты О.Давыдованың мақалалары оқырман көңіліндегі көптеген сауалдарға жауап берері сөзсіз. Сонымен қатар жыл сайын кітапханамызда рухани келісім күні қарсаңында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өтетін іс-шара туралы Орталық Қазақстан газетінің 2020 жылдың 15 қазан күнгі шыққан Ә.Белгібайұлының «Бір шаңырақ астында» мақаласымен таныс бола аласыздар.
Құрметті оқырмандар, сіздерді «Діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты кітап көрмесімен танысуға шақырамыз. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін күш — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім!
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы:
Сиязбаева А.Ж.