Дүниежүзілік мейірімділік күніне арналған
Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» - деген данышпан халқымыз. Қазіргі жастар тәрбиесінде жүректі ізгілендіру, жүректі нұрландыру арқылы адам жанына әсер ету үрдісі кең қолданылып келеді. «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең — мейірімділік көресің» – деп Ж.Баласағұн мейірімділікке зор мән берген.
Мейірімділік — адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс – тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат – шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі болып саналады. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан.
Дүниежүзілік мейірімділік күні – Жапонияда 13 қараша 1998 жылы белгіленді. Бұл жылы Жапония астанасында Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысының алғашқы конференциясы өтті. Оған Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Тайланд және Жапония өкілдері қатысты. Осы шараға қатысушылар жаңа пайдалы мерекені қабылдау туралы шешімге келіп, жыл сайын тойланатын нақты күнді белгіледі. Оған ерікті адамдар әлемнің әр бұрышынан жылдан жылға жинала бастады. Бұл еріктілер адал ниетпен мейірімді істер жасайды және сол әрекеттерімен басқаларға үлгі болады. Сонымен қатар ол «Мейірімділік декларациясы» деп аталатын жоба құрылып, ол бірнеше мақсаттардан тұрады: Біріншіден, халықаралық дәрежедегі бұл керемет мереке ғаламшар тұрғындарының қоғам игілігі және өзінің тұлғалық дамуы үшін мейірімді істер жасау қажеттілігін түсінуге көмектесу керек. Екіншіден, мереке діни, идеологиялық және тілдік кедергілерден құтылып, түрлі ұлттардың тату болуына ықпал ету қажет. Әрине, бастысы, әр адам таза ниетпен мейірімділік жасауды қалауы тиіс.
Мейірімділік жасау арқылы денсаулығыңызды нығайтасыз. Мейірімді іс жасаудың пайдалы физиологиялық әсері бар: жиі мейірімділік жасаған адамдардың иммунитеті жоғары, жүйке жүйесі шыдамды, әрі сау болатындығы байқалған. Яғни, мейірімділік жасау тек жағымды емес, сонымен қатар тиімді. Ғалымдар мейірімді адамдар өзімшіл адамдарға қарағанда ұзақ өмір сүретінін және жас көрінетінін анықтаған.
Тағы бір дерекке сүйенсек, жыл сайын 17 ақпанда бүкіл әлемде атап өтілетін мейірімділіктің риясыз көрінісі күні – халықаралық қайырымдылық ұйымдарының соңғы бастамаларының бірі. Бұл мереке – өз тарихын АҚШ-тан алады, бірақ бүгінде ол жаһандық маңызға ие және азаматтығына, ұлтына және діни сенімдеріне қарамастан тойланады. Ол Батыс Еуропа елдерінде және АҚШ-та танымал, бұл күні көптеген қалаларда қайырымдылық шаралары мен марафондар дәстүрлі түрде өтеді, оған танымал актерлер, қоғам және саяси қайраткерлер қатысады.
Дәл осы мерекеге орай біздің елде де Қазақстанда 9 қазанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған «Игі істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған ұлттық жақсылық күні атап өтіледі. «Игі істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы осы жылдың ақпан айында Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында басталды. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Биыл, кітапханамызда «Игі істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында Халықаралық кітап сыйлау күніне орай оқырмандарымызға «Достарға сый» кітап сыйлау акциясы, Қарағанды облысы Білім басқармасының «№4 арнайы мектеп – интернаты» КММ кітапханасына кітаптар сыйға тарту шарасы және Қарттар күніне орай «Өмір игі істер жасау үшін берілген» Қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 2012 жылдан бастап оқырмандар арасында кең тараған «Қарағандыдағы Букроссинг» атты акциясы аясында 300-ге жуық кітаптар алынды. Кітапхананың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында егде адамдарға «Кітап-03» қызметі жұмыс жасайды. Осы қызмет аясында әдебиетті сүйіп оқитын бұл оқырман қауымға кітапханашылар үйлеріне кітапты өздері жеткізіп береді. Биылғы жыл ішінде 100-ден астам кітап егде оқырмандарымыздың үйлеріне апарылды.
Әркім жақсылық жасауды өзінен бастап, оны өзгелерге насихаттауға тиіс. Сонда жақсылықтың жібі ешқашан үзілмей, жалғаса бермек. Мұндай игілікті іске достарыңыз бен туыстарыңызды шақырыңыз. Егер әрқайсымыз игі істер жасасақ, Әлем мейірімді болады. Жақсылық жасауға асығыңыз! Мейірімді болыңыз! Мейірімділік әлемді құтқарады! Бастысы, жақсылықты тек 13 қараша күні емес, әр күні жасаңыз!
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.