Жылқы малы жанға сая – дертке дауа

«Жүйрік те де, жүйрік бар,

Қазанаты бір бөлек.

Жігітте де, жігіт бар,

Азаматы бір бөлек»  деп тегін жырламаса керек-ті текті жануарды текті халқымыз. Қашан да жылқыны көрсек не болмаса, жылқыға мінсек арқаланатын халықпыз ғой. Әсіресе көшпелі қазақ халқы үшін таптырмас қазына болып табылатын бұл жануардың шығу тегі сонау «Мезолит» дәуірінде басталған делінеді. Ал, кей мәліметтерде оның қолға үйретіле бастағаны б.з.б.7000 жыл бұрын Азия мен Еуропада басталған. Олардың: есек, құлан, зебр және жабайы жылқы деп төрт туысқа бөлінетіні тағы бар. Біз мініп жүрген үй жылқысының өзі жабайы жылқы деп аталады екен. Бабаларымыз кешегі жаугершілік заманда ту көтеріп, қолына найза алғанда да, астына мінгені де осы текті жануар еді.

Жылқы мінсең көлік, жесең ет, ішсең саумал(жаңа сауылған бие сүті) мен қымызын берген бірден-бір асыл қазына. Және дүниеде екі-ақ түрлі сүт альбуминдік сүт өнімдеріне  жатады. Оның бірі ананың сүті екіншісі биенің сүті. Екеуінде де адамның иммундық жүйесін көтеретін ферменттері көп. Сондықтан бие сүтінің пайдасының орасан зорлығы осыдан-ақ көрінеді. Неге қазақ төрт түліктен осы жылқы малын бағалайды дейсіз?! Себебі – ол өзге жан-жануар мен құс атаулылар ішкен астаудан су ішпейді. Тек судың мөлдірін, шөптің асылы мен құнарлысын ғана таңдап жейтіндігінде. Тағы бір ерекше қасиеттері әсіресе ер адамның денсаулығына тигізер пайдасы зор. Салт мініп сапар шегудің өзі жаныңызға тыныштық пен бойыңызды сергітіп қана қоймай жан рахатын сыйлайды емес пе?!

Ғасырлар бойы өзінің асыл тектілігін жоғалтпаған халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқан текті жануарымыз әрі жеті қазынамыз – ол қашанда қазақ пен егіз болып қалмақ.

Құрметті оқырмандар! Жылқы малына қатысты деректерді не болмаса жылқы өнімдері жайлы  мәлімет  іздеген болсаңыздар, кітапханамыздың қорынан жылқы жайлы жазылған  кітаптарымызды алып оқуларыңызға болады.

Төлепбергенов Б. Төрт түліктің төресі. – Алматы: Абзал-Ай, 2016 – 208 бет

Тоқтабай А. Қазақ жылқысының тарихы – Алматы: Алматыкітап, 2010 – 493 бет

Айдарханұлы Қ. Қазақ емшілігі – Алматы: Palitra Press, 2018 – 415 бет

Қадырова Р. Жылқы еті – шипалы тағам – Алматы: Қайнар, 1991 – 208 бет

Омар М. Қымыз – Алматы: Таңбалы, 2010 – 61 бет

 

Негізгі қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы: Еркебұлан Елеусізұлы