Елімізде аграрлық ғылымның негізін қалаушы, қоғам қайраткері, ұлтымыздан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі, қоғам қайраткері, ғалым Кәрім Мыңбаевтың туғанына биыл 115 жыл толғалы отыр.
Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының бірінші қазақстандық академигі Кәрім Мыңбаев 1906 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. Орта Азия мақта – ирригация институтын бітірді. 1932 – 36 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтында және Алматы селекция стансасында ғылыми – педагогикалық жұмыстар атқарды. Н.Вавиловтың жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, сол институттың каучукты өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Аспирантурада оқып жүрген кезінде: «Көксағызды дұрыстап өсірудің негізгі жолдары» деген тақырып бойынша зерттеген ғылыми еңбектерін аяқтайды. Каучукты өсімдіктердің ішінде ең тиімдісі көксағыз екенін дәлелдеп шығады. 1942 жылы И.Сталиннің бұйрығымен соғыстан босатылып, майданға қажетті каучук өндіру ісіне араласты.
Негізгі ғылыми еңбектері өсімдіктер генетикасы мен селекциясына арналған. Мыңбаев көксағыздың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны сұрыптау әдістерін тапты. Дәнді дақылдар, оның ішінде бидайдың өнімділігін арттыру үшін оны тек суармалы жерлерде ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының тәлімі жерлерінде де егуге болатынын дәлелдеді. Сондай – ақ Мыңбаев Қазақстанда қант қызылшасы мен кендірді биологиялық – селекциялық жағынан ғылыми тұрғыда сипаттаған алғашқы ғалым болып саналады.
Кәрім өзі өліп кетсе де кейінгі ұрпақтар үлгі алатын істер тастап кетті. Ол 35 ғылыми еңбек және екі монография жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Оның «Бетпақдала» монографиясы осы күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған және келешекте де пайдаға асатын еңбек. Өйткені ол Бетпақдаладағы ғылыми экспедицияның нәтижелерін көрген, байқағандарын мүлтіксіз анықтап жазып отырған. Ол Бетпақдаланы шөл даладан жаннат далаға айналдыруды армандаған адам. Қазақстанның солтүстік қара топырақты аймағында сапалы егін өсірсе, Бетпақдалада асыл тұқымды мал өсіруді армандады.
Алматы облысы Жамбыл ауданындағы бір ауылға, Алматы қаласындағы және Нұра ауданының орталығындағы бір көшеге, Ағадыр стансасындағы орта мектепке Кәрім Мыңбаевтың есімі берілген. Қарағанды облысының Киевка ауылында қола мүсіні орнатылған. Қорыта айтқанда оның істеген істері де, ойлаған арманыда халыққа, Отанға пайда келтіру мақсатында болған. Сондықтан, оны елін, жерін сүйген нағыз отаншыл ғалым деп есептейміз.
Біздің кітапханамыздың өлкетану әдебиеті бөлімінен Кәрім Мыңбаевтың 100 жылдығына арналған «Нұрадан ұшқан ақиық» атты жаднамамен таныса аласыздар!
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Амантаева Г.