Жас кітапханашылар мектебі

Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана жеке тұлға үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Ызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Мен де кітапханашымын. Жай ғана кітапханашы емес, білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жеке бір тұлғамын. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашы бола білудің орны өзінше бір бөлек. Мен Н.В.Гоголь атындағы ҚОӘҒК-да кітапханашы болып жұмыс атқарамын. Менің алғашқы еңбек өтілім – осы кітапханадан басталды. Сол күннен бері мен осы кітапханада тыңбай жұмыс атқарып келемін. Кітапханадан дәл қазірге күнге шейін, өзім үшін көптеген тәжірибе мен телегей теңіз білім алып жатырмын десем, артық айтқандығым емес. Дегенмен де, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз». Осы жолда бұл кітапхана маған үлкен септігін тигізді, әлі де тигізіп келе жатқандағы жалған емес. Осы орайда, жақында 10 наурыз күні кітапханамыздың оқу залында жас мамандардың біліктілік деңгейін арттыру, толықтыру мақсатында «Жас кітапханашылар мектебі» атты сабақ басталды. Сабақ мамыр айының соңына дейін өтпекші. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, жас мамандардың өз ісінде шебер болуы қазіргі замандағы басты мәселе. Сол себептен, аталмыш сабақ бәрімізге үлкен өзгеріс әкелетіні айдан анық. Сабақтың беташарын ашқан, өмірін кітапхана қызметіне сарп еткен, білікті әрі білімді маман, ғалым хатшы - Валентина Иосифна Пак болды.  Алғашқы үлкен өмірге қадам басқаннан бастап, қазіргі уақытқа шейін барлық еңбегі мен үлесін осы кітапханаға қосқан, Валентина Иосифнаның «Тар жол, тайғақ кешуден» өткен кітапханымыздың тарихы жайлы айтқан әңгімесіне құлақ түрдік. Кітапхана өз жұмысын бір кішкентай бөлме мен аздаған кітаптармен  бастап, облыстық кітапхана деңгейіне көтерілгенге шейінгі кезеңі баяндалды. Сабақ өте әсерлі болды. Сол сәттен бастап, өзімді осындай тарихы терең беделді кітапханада қызмет атқарып жатқаным үшін мақтан тұттым. Оның себебі де жоқ емес.

Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Көне дәуірдің мәдениетінің дәлелі әрі белгісі болған, атағы жер жарған талай кітапханалардың болғандығын тарихтан білеміз. Сол кітапханалардың бірі әйгілі Отырар кітапханасының кең байтақ қазақ жерінде орналасқандығы біз үшін зор мақтаныш. Алайда соғыс, жаугершілік, өрт салдарынан, жаулардың жымысқы әрекетінен сол заманның қаншама жәдігерлерінен айырылдық. Соның кесірінен тарихымызды білмей, ақиқат пен жалғанды ажырата алмай сергелдеңге түстік. Соған қарамастан осы күнге дейін жеткен мұралар да болды. Оларды көздің қарашығындай сақтап, зерттеп, ұлттық мәдени байлығымызға қосылған асыл қазына деп білеміз. Бүгінгі таңда зерттеушілер тарапынан қандай да бір «жәдігер табылыпты» деген жақсы жаңалық туа қалса болды, жоғалған байлық табылғандай қуанамын. Себебі бұл біздің сан ғасырлық тарих қойнауынан келіп жеткен дүние болғандықтан, ата-бабаларымыздың бізге жеткізбек болған хабары іспеттес.

 

                        Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: Майданбекова А.Д