Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Кітапхана — оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады.
Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев «Мен кітапханаларды білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» дейді. Иә, қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі мол.
Бүгінде Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды ОӘҒК жас кітапханашыларының біліктілік деңгейін арттыру жүйесін жетілдіру мақсатында 10 наурыздан бастап «Жас кітапханашы мектебі» бағдарламасы құрылып, сабақ басталып кетті. Мен былтырдан бастап осы кітапханада кітапханашы қызметінде еңбек етемін. Кітапхана қызметі мен үшін қызықты да, танымды, көптеген ақпаратқа толы және де осындай мекеменің ішінде білікті мамандардан тәжірибе жинап, білім алып жатқаныма мақтан тұтамын. Жалпы бұл бағдарламада осы кітапханамызға ерекше еңбек сіңірген, барлық ғұмырын кітапхана саласына арнаған, білікті де, білімді ғалым, хатшы Валентина Иосифовна Пак еді. Валентина Иосифовна алғашқы еңбек жолын осы кітапханадан бастаған екен. Оған дәлел Қарағандыдағы алғашқы кітапхана: тарих беттерінен: 1934 – 2009 (Қарағанды, 2009 ж) жинақ. Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының 75 жылдық тарихына арналған кітаптың құрастырушысы: В.И. Пак болды. Валентина Иосифовна - алғашқы сабақта Қарағандыдағы алғашқы кітапхананың тарихының құрылуын, екі – үш кітаппен кішкентай бөлмеде ашылғаннан бастап, қазіргі дамыған заманға сәйкес кітапханамыздың дамуына дейін баяндады. Жалпы бұл кітапта кітапхананың тарихы, осы мекемеде еңбек еткен қызметкерлер, кітапхананың бөлімдері жайлы ақпарат береді. Кітап өте жеңіл, жас кітапханашыларға танымды, өз білімдерін шыңдай түсуге керемет кітап. Сабақ өте жақсы деңгейде және де тың қызықты ақпараттарға толы болды. Әрбір жас маман өзінің ісіне адал, мамандығын махаббатымен жақсы көрсе осындай тұлғалардан білім, тәжірибе алса нұр үстіне нұр болар еді.
Оқырман мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана дейтін болсақ, кітапханашылар бүгінгі заман ағымына ілесе отырып, оқырмандардың сұранысы мен талаптарына сай барынша толыққанды ақпараттармен қанағаттандырып, оқырмандардың оқуына қажетті жағдай жасап, келешек жас ұрпақтың өз Отанын, туған жерін шексіз сүйетін, елінің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосатын білімді, парасатты, жан – жақты дамыған, тілі мен дінін, салт-дәстүрлерін қадірлейтін, оқырмандардың тұлға болып қалыптасуына, рухани дамуына өз үлестерін қосуда деп нық сеніммен айта аламын.
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.