Ерекше кездесу

Өткен аптаның соңында Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының шаңырағында ерекше форматта шығармашылық лирикалық кеш өтті. Бұндай тамаша кештің өтуіне себепкер болған Алматыдан көш керуенін бастап келген жас қаламгерлер болатын. Жас қаламгерлерді Қарағанды шаһарына арнайы шақырған Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің студенттері.

Бейформалды кездесудің мақсаты – Қазақстанның қалаларын аралау арқылы бейресми түрде қазақ тіліндегі заманауи көркем әдебиетті халыққа кеңінен насихаттау, автор мен оқырман ғана кездесетін алаңды қалыптастыру.

Кеште қазір кітапты жазу ғана емес, кітап нарығын қалыптастыру, қазақ тіліндегі заманауи көркем әдебиетті көбейту, сонымен қатар оның насихаты, маркетингін бірге алып жүрген, жастар арасында танымал «Burshaq» шығармашылық бірлестігінің мүшесі жас жазушы, драматург Әлішер Рахат @alisher_rahat11 пен «Burshaq» баспасының бас редакторы, жас ақын, аудармашы, драматург Айжарық Сұлтанқожа @aijaryk_s заманауи әдеби өміріміз, мәдени ортамыз туралы және қазіргі проза, поэзия және драматургия жайлы шынайы әңгіме қозғады, шығармаларындағы нәзік сезімдерін оқырмандарға еркін дауыстарымен сездіріп жеткізді.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын романның идеясы келді, жалпы роман жас оқырмандарға арналып жазылды. Осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің аудиториясында жаңа форматтағы, жас оқырманның ұғымына, талғамына сай ауқымды махаббат тақырыбындағы романның жазылмағанын байқадым. Біздің көп оқырмандар әлі де сол «Махаббат қызық мол жылдар», «Қарғын» сияқты осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған, классикалық үлгідегі романдарды әлі тұтынып жүргенін байқадым да, бәсекелестігі аз ортаға барып, бақ сынағанды жөн көрдім»,- деп Әлішер Рахат «Махаббатым – Constant» және жақында жарық көрген «Parallel» романдары жайлы сөз қозғады.

Ал, жас ақын Айжарық Сұлтанқожа: «Әуелі проза, пьеса жазудан бастап көрдім, одан сәтті дүниелер шыға қоймасына іштей көнгесін, өлең жаза бастадым. Басында ешкімге оқытпаушы едім, бір күні осы Әлішер мен Берікболға бірнеше өлеңімді оқып бердім. Сол кездегі олардың реакциясы мені барынша қанаттандырды. Жалпы мен өлеңде тілді, ойды, сезімді барынша басқаша беруге талпынамын. Өлеңнің, сезімнің ең шарықтаған не жербауырлаған тұсын емес, өзгешелеу кейпін көңіл экранынан өткізіп бейнелегім келеді...»,-деп өз шығармашылығы туралы ойларымен бөлісіп, оқырмандарға 2020 жылы жарық көрген «Телеграмма қабылдап алыңызшы» жыр жинағына енген өзгеше форматтағы жазылған жырларын және кейін жазған өлеңдерін паш етті.

Кеш соңында оқырмандар жас ақынның өлеңін тыңдап, жазушының әңгімесін естіп, талқылап, сында айтты. Сондай-ақ, шығармашылық кездесуде Алишер Рахат өзінің «Махаббатым – Сonstant», «Parallel» романдарын, ал Айжарық Сұлтанқожа «Телеграмма қабылдап алыңызшы» жыр жинағын авторлық қолтаңбасымен кітапханаға сыйға тартты.

 

        Н.В.Гоголь Қарағанды облыстық әмбебап кітапханасының басшы орынбасары: Умбединова Г.Н.