Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім үйрен.
Өміріміздегі бала шақтан, болашаққа дейінгі бірінші дәрістеріміздің барлығы танысудан, жаңа ортада бір-бірімізді алғаш көруден басталған еді. Ал, бүгінгі (10.03.2022) бірінші дәріс ерекше... Ерекшелігі, аудитория болып жиналған дәріс алушылар менің құрдастарым емес, әріптестерім. Жасымыз әр түрлі болғанымен, мақсатымыз бір болып келген кәсіби мамандармыз.
Дәріс алуға бара жатырмын деген ойдың өзі жүрегіңді қобалжытады екен. Жан-жағымыз толған қат-қат кітап. Осындай мол дүниенің ортасында отырып лекция жазып, тарихпен өрілген әдемі әңгімені есту бір ғанибет дерсін! Бұл сезімді басқа маман иелері сезіне алмас...
Жалпы адам баласының ескі қолжазбаларға, кітаптардың шығу тарихына үңіліп, өткенді білуге құмартып тұруы анадан туылғаннан берілетін жан құмарлығы болар. Ұлы ақын, А.Құнанбайұлының 7 қара сөзінде де «Жас бала анадан туылғанда екі түрлі мінезбен туылатыны жайлы айтылған, бірінде ішсем, жесем деген тән құмарлығы басым болса, енді бірі көрсем, білсем деген жан құмарлығымен туылады екен».
Бүгінгі біздің алғашқы дәріс, өзіміз еңбек етіп, кәсіби біліктілігімізді арттырып жүрген жұмыс орнымыздың тарихын білуден бастау алды. Әрине, «Тарихты білмей-өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» (Әл-Фараби). Жан құмарымызды қандырған кітапхана тарихы жайлы әдемі әңгіме барысында лекция оқып, бізге кәсіби тәлімнің дәнегін себуге тырысып жүрген ұстазымыздың көзінен өткенге деген ыстық сағынышты, бізге, жас кітапханашыларға деген үлкен үмітті көруге болады.
Сабағымыз тек тарихты еске алумен ғана шектелмеді. Ұстазымыз, кітапхананың ғылыми хатшысы В.И.Пак кітапхана саласына қатысты тың деректермен бөлісіп, әр кітапханашы білуге тиіс маңызды құжаттардың бір қатарымен таныстырып өтті. Осы күнге дейін кітапхана жұмысының қандай деңгейге көтеріліп, қандай жетістіктерге жеткенімен бөлісіп қана қоймай әр кезеңнің біз үшін, кітапхана үшін үлкен маңызды орындары бар екенін баса айтып өтті.
Осылайша, лекция оқып тұрған ұстазымыздың «ал содан соң пандемия басталды» деген сөзі 2 сағатқа созылған дәрістің аяқталуы жақын екенін сездіріп, әрбір дәріс алуға келген маманның жүзіне күлкі үйірген сәт болды. ))
«Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім үйрен» деген әдемі сөз бар, мейлі қай жасқа келсекте ілім алып, дәріс тыңдаудан жалықпайық. Ал, біз бүгінгі дәрістен әрбіріміз жаңа бір ой түйіп, өткен мен болашақты сабақтастырып жатқан тың дерекпен танысып, мол дүниеге кенеліп қайттық.
Жамауова Ұ. Кітапханаларды дамыту бөлімінің кітапханашысы.