Жас кітапханашылар мектебінің бірінші дәрісінде «кітапхана» ұғымына, Қазақстан кітапханаларының даму, қалыптасу, қазіргі хал-ахуалы, Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тарихы және қызметін негіздейтін құжаттар туралы баяндалды. Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы 1934 ж. қалалық кітапхананың негізінде ұйымдастырылып 1938 жылы облыстық статусқа ие болған. Кітапхананың қалыптасып жетілуі Қарағанды көмір бассейінімен, Қарағанды қаласының қалыптасып дамуымен тікелей байланысты. Ұлы Отан соғысы кезінде Қарағанды көмір бассейнінің шахталары тоқтаусыз жұмыс жасап, майданға керекті көмір өндірді. Соғыс уақытына қарамастан кітапханада лекциялар ұйымдастырылып, конференциялар өткізілді, кітап көрмелері ұйымдастырылып, ұйымдасқан түрде радио тыңдау жүргізілген. Штатында 12 адамы бар кітапхана ұжымын соғыс кезінде қысқартылмады.
Соғыстан кейін кітапхана қызметі едәуір кеңейді, кітап қоры ұлғайды, кітапханада қосымша білім беру курстары жұмыс істей бастады. 1952 жылы орыс жазушысы Н.В.Гогольдың 100 жылдығына орай Қарағанды қаласының Крайняя көшесіне және облыстық кітапханаға классиктің есімі беріледі.
1969 жылдың қаңтар айында кітапханаға Ерубаев көшесінде жаңадан құрылған, алғашқыда Сән үйі деп жоспарланған ғимараттың берілуі туралы шешім қабылданып, наурыз айында кітапхана жаңа ғимаратқа көшіріледі.
90-жылдары кешегі кеңестік республикалардың экономикалық ахуалы қиындаған кезеңде кітапхананың штаты қысқартылады, сумен қамтамасыз етілмеуі, қорды жаңартуға қаражаттың бөлінбеуі, т.с.с. күрделі жағдайлар орын алады. Кітапханашылар тіпті өз жалақыларынан қаражат жинап ғимараттың кәріз жүйесін жөндейді.
2000 жылдардан бастап қазіргі құрылымы, келбеті қалыптаса бастайды: 1998 жылы кітапхананың АТ-мамандары www.karlib.kz сайтын жасайды, ол кезде жеке сайты бар қандай да бір ұйымның болуы кемде-кем еді. Француз, ағылшын елшіліктерінің қатысуымен шет тілін үйрену үйірмелері ашылып, тұрақты жұмыс жасайды. Кітаптар мен мерзімді басылымдардың электрондық каталогы құрылады. Кітапхана мамандары ИРБИС жүйесінің арнайы икемдеп жасайды. Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, өлкетану бөлімдері құрылып, қарқынды жұмыс істейді.
Қазіргі кітапханада 12 құрылымдық бөлім мен сектор жұмыс істейді. Кітап қоры мазмұны жағынан білімнің әр саласын қамтиды.
Жалпы кітапхана жұмысы қызықты, жан-жақты. Оқырмандарға қызмет көрсету, көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып өткізуде «сегіз қырлы, бір сырлы» болуға, яғни білім-ғылымның әр саласынан хабардар болуға тура келеді. Бүгінгі ақпарат заманында, қатарыңнан озық болып отыру қиынға түсуде. Кітапханашы – аса танымал, әдетте кішкентайдан «болсам екен» деп армандалатын мамандық емес, десек те, мәдениеттің осы ошағына қызметке келгелі кітапхана мамандарының еңбекқорлығына, қарапайымдылығына тәнті болудамын. Сөзсіз, бұл ордадан аларым көп!
Кітапханашы: С.Б.Жолдасбекова