Айдентика дегеніміз не?

Айдентика – бұл бизнес бастаудағы алғашқы қадам. Әрбір кәсіпкер өз кәсібінің ең алдымен атына, брендінің айдентикасына мән беруі қажет, яғни айдентика брендтің басты бөлігі.

«Айдентика дегеніміз не, оның маңыздылығы қандай, дизайнмен қандай байланысы бар, оны қалай жасау керек?» кез-келген кәсіпкердің өз ісін бастаудағы алғашқы сұрақтары осындай болмақ. Тек кәсіпкерлер ғана емес, кез-келген мекеме ұйымдары заманға сай етіп өз айдентикасын жасап шығара алады.

Қазіргі кезде заманауи айдентиканың арқасында кәсіпкерлер өнім тұтынушыларына визуалды, тактильді түрде танымал бола алады. Яғни, дұрыс дайындалған айдентиканың арқасында біздің ойымызда брендпен байланыс пайда болады. Мысалы, «Coca-Cola» әлемдегі ең танымал сусындардың бірі. Атауы қызыл түсті бояуда, шрифті қаламмен жазылған сынды болып көрінеді. Бұл сусынның айдентикасы біздің ойымызда көбіне жаңа жыл сынды мерекелермен байланыстырылады.

Айдентика тек әдемі суреттер жиынтығы емес. Ол брендтің құндылықтарына сәйкес келіп, оның негізгі идеяларын жеткізіп тұруы керек. Айдентканы көбіне фирмалық стильмен жиі шатастырады. Фирмалық стиль брендті визуалды түрде ғана танытуға бағытталған. Ал айдентиканың ауқымы кең.

Қазіргі таңда жастар арасында, белгілі кәсіпкер бизнес өкілдері арасында өзінің заманауи айдентикасымен танымалдылыққа ие болып жүрген қазақстандық бредтердің бірі «Qazaq Republic» заманауи айдентикасы. Бұл бренд 2017 жылы өз жұмысын бастаған, бредтің негізін қалаушы және идея авторы Сакен Жолдас.

Бұл киім брендінің ерекшелігі қазақи құндылықты ою-өрнек арқылы емес ағылшын сөздері арқылы немесе латын тілінде жазылған көңіл-күйді көтеретін немесе рух беретін қазақ сөздері арқылы  жастар арасында қазақилықты ерекше насихаттау. Мысалы, жейделерінде «Born to be qaqaz» (Рожденный быть каказом)», «Modern identity» (современная идентичность) ағылшын сөздері және «Жақсы күндер әлі алда», «Sen», «Бәрі жақсы болады», «somke», «botelke» сынды сөздер латын тілінде жарық көреді.

Жалпы, кез-келген кәсіпті бастауда немесе әр жеке ұйым өз айдентикасын ойлап табу барысында тек әдемі дизайнге ғана емес жасаған айдентикасының астарында мән болатындай етіп ойлап табуы қажет. Өйткені бұл кез-келген кәсіптің, мекеменің құпия ингредиенті болып табылады.

Дизайн, айдентика тақырыптарына байланысты «Современный дизайн», «Что такое дизайн продукта», «Графический дизайн: фирменный стиль», «Основы теории дизайна», «Анатомия дизайна: реклама, книги, газеты, журналы» кітаптарын кітапханамыздың «Өнер туралы әдебиеттер» бөлімінен алып оқи аласыз. Ал, төменде келтірілген бірнеше элементтерді айдентиканы ойлап табу барысында пайдалануға болады:

  • Логотип – қосымша бөлшектерсіз қарапайым композиция болуы керек; көптеген қаріптер мен түстерді пайдалану артық болады; салаға тән стандарттарға сәйкес келуі керек.
  • Визитка - мұндағы ең маңызды ереже – қарапайымдылық: визит карточкасында логотип және компания туралы ең маңызды ақпарат орналасуы керек.
  • Электронды хат - пошта бизнес әлеміндегі қарым-қатынастың тиімді әдісі. Егер сіз хат алушымен байланыс орнатқыңыз келсе, сіздің хабарламаңыз қысқа және жылы шырайлы болуы керек.
  • Қаптама - сандық емес, нақты өнімдер шығаратын болсаңыз, тиісті қаптамаға назар аударыңыз. Кофеханада сатылатын салқын кофе бөтелкелерінен бастап, интернет-дүкеніңізде тапсырыс беретін киімнің қаптамасына да назар аударған дұрыс.  Жақсы ойластырылған қаптама – клиенттің қайта оралатынына кепілдік.

Айдентиканың визуалды элементтері:

  • Қаріп: сериф қаріпі (Times New Roman және Garamond) классикалық стильдегі бұл қаріп нұсқалары сенімділікті білдіреді; sans-serif қаріпі (Helvetica және Franklin Gothic) заманауилықтың көрінісін беретін қаріптер; Allura немесе Pacifico қаріптері қолымен жазылған жазуға ұқсайды, сәнді заттарға немесе тауарларға (қызметтерге) мамандандырылған болса, осы санаттағы қаріпті таңдауға болады.
  • Түстер палитрасы. Көптеген адамдар әр реңкпен бейсаналы түрде белгілі бір бірлестіктерді байланыстырады. Қызыл түс құмарлық пен эмоцияларға жауап береді. Қызғылт сары  бұл достық және ойнақы атмосфераны құруға көмектесетін жарқын түс. Жасыл - кәсібіңіз табиғатпен немесе қаржы әлемімен байланысты болса, жасыл ең қолайлы түс. Көк және оның реңктері - бұл түс брендті ең қолайлы жағынан ұсына алады, тұрақтылық пен сенімділік сезімін тудырады.   Күлгін сән-салтанатпен байланысты. Премиум сегментінде жұмыс істейтін компаниялар көбінесе осы түсті таңдайды.

 

Жамауова Ұ. Кітапханаларды дамыту бөлімі.