«Балалар күлкісі – әлемнің көркі»

«Баршамызды бала тілмен баурайтын

Бала деген бір бақыт қой самғайтын

Ата – ананың арманы мен тілегін

Бала емес пе бал бұлақтан жалғайтын»

Биыл Жаңа жыл қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтты. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылады.

Кітапханамызда ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және «2022 – Балалар жылына» орай балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында кешенді жоспар әзірленді.

Жыл басынан балаларға арналған шығармаларды насихаттау мақсатында кітапханамыздың әлеуметтік желілерінде «Жақында Гоголевкада» атты жаңа кітаптар анонсы айдарында «Әлем балалар әдебиеті» сериясы аясында жарық көрген Д. Дефоның «Робинзон Крузо», Д.Свифттің «Гулливердің саяхаттары» және Р.Стивенсонның «Қазына аралы» атты романдары, «Балаларға арналған классика» сериясынан А. Линдгреннің «Ұзын шұлық Пиппи» атты кітаптарының жарнамалары жарияланды. Бұл шығармалардың қай – қайсысы да өздері көтерген тақырыбы мен қызықты оқиғалары оқырмандардың назарынан тыс қалмады.

Жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, композитор Тілеуғазы Рымбекұлы Бейсембектің «Балаларға базарлық» жобасы аясында жарық көрген «Зерек бала» кітабының таныстырылымы, балалар жазушысы Халықаралық Алаш әдебиет сыйлығының лауреаты Ескен Елубаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Балалар әдебиетінің бағбаны», сонымен қатар «Қазақ балаларының байырғы ойындары», «Тағылымы терең ұлттық ойындар» және т.б. кітаптардың бейне шолулары да ұсынылды.

Қазақстандағы балалар жылы аясында өткен ерекше өнер сайысы - «Қуыршақтар әлемі - Мир кукол» атты АРТ-марафоны. Бұл сайысқа Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск, Қаражал қалаларынан, сонымен қоса, Нұра, Шет, Қарқаралы, Абай, Осакаров, Ақтоғай елді мекендерінен 90-нан астам шебер қатысып, папье-маше, полимерлі саз, ағаш, жүн, тоқыма, трикотаж және аралас материалдардан жасалған интерьерлік және авторлық қуыршақтарын ұсынды.

Сонымен қатар, кітапханамызда 18-23 сәуір аралығында Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні мен Қазақстандағы балалар жылы аясында «Бүгінгі сән – КІТАП ОҚУ!» атты балалар мен жастар кітабының апталығы өтті. Балалар мен жастар кітабының апталығы аясында кітапханада түрлі аудиториялар үшін қызыққа толы шаралар әзірленіп, түрлі кездесулер, пікір алмасу алаңдары, кітап таныстырылымдары, поэзия кеші, әдеби тур, квест ойыны, викториналар мен кітап көрмелері ұсынылды. Оның ішінде «Жасырын кездесу» әдеби ойынына дайындалған экспозиция ерекше орын алды. Әдеби ойынға қатысқан қатысушылар, өздерінің эрудициясын, зияткерлігі мен логикасын тексеріп, жасырылған кітаптардың қысқаша аннотациясы, кітаптан алынған дәйексөз немесе суреттер арқылы өздерінің түйсіктеріне сүйене отырып кітаптың атауы мен авторын табу арқылы қызықты кітаптармен танысты.

Халқымыздың, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталатын есімдердің бары анық. Ал өз жанын тарихта елі мен жері үшін аямаған қыздарымыздың есімдері санаулы ғана. Сол өшпестей есімдердің ішінде батыр қыздарымыз – Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың есімдері ерекше. Патриотизмімге тәрбиелеу, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға атсалысу, ойды нақты және сауатты жеткізе білуге баулу, қабілетті, дарынды оқушыларды анықтау және марапаттау мақсатында Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мен Халық қаһарманы Х.Доспанованың 100 жылдығына орай, 9-11 сынып оқушылары арасында «Қазақтың батыр қыздары» эссе байқауы өтті. Бұл байқауда Қарағанды қаласы мектептерінің 69 оқушылары қатысып, өз бақтарын сынасты.

Мұндай байқауға қатысқан оқушыларға өздерін шығармашылық бағытта сынап көруге үлкен мүмкіндік береді. Қазақтың батыр қыздарына арналған эссе жазу және бұл үшін білікті филологтардан, журналистерден жақсы баға алу – үлкен мәртебе.

Байқау нәтижесінде барлық жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Ал ең үздік шығарма облыстық газеттерде жарияланады.

Жазғы уақытта қаламыздағы балалардың жаздағы бос уақытын тиімді, қызықты, танымды өткізуіне арналған «Кітапханадағы жаз» бағдарламасы да өз жұмысын бастайды. «Кітапханадағы жаз» жобасы аясында бүлдіршіндер үшін оқуды қолдауға арналған викториналар мен әртүрлі акциялар, танымды сабақтар мен байқаулар, әдеби ойындар мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Қызықты әрі танымды шаралар өткізу арқылы кітапханашылар, балалардың бойындағы мүмкіндіктерді ашып, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап таңдау мәдениетін насихаттайды.

Ата – ананың ең үлкен бақыты - баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлтымыздың жалғасы. «Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» десек артық айтқандық емес. Әлемдегі әр бала бақытты балалық шақты сезініп өссе екен деген ақ тілекпен, кішкентай бүлдіршіндерімізді кітапханаға шақырамыз. Қызықты кітаптармен қоса, сүйікті кейіпкерлермен танысасыздар, қадірлі оқырмандар! Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Басшы орынбасары: Г.Н. Умбединова

ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы: С.Ж.Уйсембаева