«Ла Сиотоға пойыздың келуі» атты әлемдегі ең алғашқы 50 секундтық қана шағын киносы 1895 жылы ағайынды Люмьер мырзалар Париж тұрғындарына ұсынған болатын. Осы фильмді тамашалаған бір топ адам темір жол бекетіне пойыздың келіп тоқтағанын, одан жолаушылардың түсіп жатқанын көргенде зәрелері ұшып, залдан қашып шыққан көрінеді. Қазіргі күні жылдап көрсетілетін телесериалдар телеарналарды жаулап алғандығын мойындау керек. Бүгінгі күні қазақ телеарналарындағы телесериалдар сапасы қандай? Қазақ телесериалдарынан шетел сериалдарының саны неге артып тұр?
2020 жылы Қазақстан тұрғындарын эфирлік цифрлық телерадио хабарларын таратумен қамту - 95 % жоспарланып отыр. Бұл деген қоғамның дамуына бірден-бір әсер ететін құрал. Ал осы құралдың сапасы қаншалықты? Қазіргі көгілдір экраннан тоқтаусыз беріліп жатқан телесериалдардың басымкөпшілігі әрине, шет ел телесериалдары. Түрік сериалдары көбіне Таяу Шығыс, Балқан, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Оңтүстік Америка және Орталық Азияда көп қаралады екен. 5 жыл бұрын түрік сериалдары 50-ге тарта елге сатылатын еді. Ал қазір бұл сан 142 елге көтерілді.
Соңғы мәліметтер бойынша, түрік сериалдарының әлемде 400 миллионға тарта көрермені бар екен. Бұны қазақ телесериалдарының аз болуымен сабақтастырып жатады. Әрі сапасын да салыстыруға келмейді. Дегенмен қазақ телесериалдарын мүлде жоққа шығаруға да болмайды.
Кейінгі кезде біршама жақсы қазақ телесериалдары экраннан жарық көріп жүр. Діні де, салты да, ұстанымы да басқа түрік, үнді телесериалдарының сананы улауы, әсіресе бала тәрбиесіне кері әсері жоқ емес. Сол себепті, Қазақстанда 40 қазақ телесериалдарын түсіруді жоспарлап, осы бағытта көлемді жұмыстар атқарылуда. Қазақ телесериалдарын шет елге шығару мақсатында қырғыз елімен де келіссөздер жүргізілуде.
«NAR Мedia Group» ЖШС директоры, Бас продюсері Нартай Өтеген Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында «Бізде әлі де болсын өнер үшін жан беріп, өз өмірін сарп ететіндер аз емес. Өйткені біз түсірген телетуындыға қатысты команда мүшелері, актерлар ең бастысы сапаға жұмыс істейтінімізді біліп, аянып қалған жоқ. Әрине, әрқашан осындай көңілжықпас, өнерге берілген жандар кездесе бермес, бірақ осындай жандардың арқасында туындылар жақсы болып шықты. Бірақ, олардың да осы кәсіпті нәсіп етіп жүргенін ойлағанда, шіркін жоғары жақ шын өнерден қаржыны аямаса екен деген ой түйесің» - деп қаржы мәселесін тілге тиек етеді.
Алғаш түсірген «Иірім. Ана қадірі», «Отыңды өшірме», «Топыраққа тамған тер» телехикаялары көпшіліктің көңілінен шықты, рейтінгілері де жоғары болды. Мұрат Алмасбек өзінің фейсбуктағы парақшаларының бірінде «Бір кездері біздің көрермен үнді, кәріс, түрік сериалдарын қалай құмартып көрсе, әр жақтағы қандастарымыз Қазақстанда түсірілген телехикаяларды уақытынан қалт жібермей көреді екен» - деп жазған болатын.
Жалпы қазір даму бар, бұрынғымен салыстыруға келмейді. Мысалы, «Отыңды өшірме» атты телехикая Ресейде, Татарстанның «ТНВ» арнасында дубляждалып көрсетілуде.
Ия, қазір телеэкрандардан шет ел телесериалдарын бірден алып тастай алмайтынымыз анық. Дегенмен, келешекте жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп, өзіміздің отандық телетуындыларымыз жарық көретініне, әрі әлемдік деңгейге шығатынымызға сенеміз. Бұл әрине сіз бен бізден қажырлы еңбек пен қыруар қаржыны талап ететіні анық.
Дюсембаева Сабина