Өнер үшін төгілді қара терің,
Барған жерді белгілі бақ етерің.
Сен аман жүр,
Бір сенің амандығың
Бар халыққа білгейсің,бақ екенін.
Т.Молдағалиев
Биыл театр және кино актері Асанәлі Әшімұлы 85 жасқа толып отыр. Асанәлі Әшімұлы 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Қатал соғыс жылдарында өткен балалық шағы оны ерте есейтті. Әкеден жастайынан айрылған бала Асанәлі анасы Тәжіханның тәрбиесінде болады. Анасының арқасында қатарынан қалмаған жас Асанәлі үлкен өмір соқпағына, бұралаң - бұлтарысы мол өнер сапарына батыл қадам басқан.
1955-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы Қазақфильм киностудиясында бастап, 1964 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында жұмыс жасап келеді.
Бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы. Алаштың ардақтысы! Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында оның есімі шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде қазақ мәдениеті тарихының бетіне ғана емес, халқының жүрегіне жазылды.
Қазақ киносының маэстросы Асанәлі Әшімұлы 1971 жылы «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» фильмдерінде басты рольдерді сомдады. Өзім көрген «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан жағымсыз кейіпкер болғанымен осы роль актердің табиғатына, темпераментіне сай болды деп ойлаймын. Бірақ соған қарамастан, актер оны нағыз батырдың, ер-азаматтың бейнесі ретінде көрсетті. Өз роліне беріліп ойнағаны соншалық кейіпкердің психологиялық, интеллектуалдық қасиеттерін сәтті көрсетіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Сол сияқты детектив жанырында түсірілген «Атаманның ақыры» фильмінде Асанәлі Әшімов барлаушы Шадияровтың рөлінде ойнайды. Шадияров – сөзі мен ісі үйлеспейтін, түпкі ойы мүлдем басқа, қарапайым сөзбен айтқанда кеңестік чекист, шпион. Жат елде, жауларының арасында біреуін алдап соғып, біреуін қорқытып, әртүрлі жолдармен дегеніне жетеді. Актердің шын тұлға, шын талант екендігін осы аталған фильмдерден көруге әбден болады. Осы фильмдерді көре отырып актердің эмоцияға және ойға беріліп, рөлдерді шебер орындағаны мәлім.
Қазақ театры мен киносының абызы Әйгілі әртіс, өнер қайраткері, актер Асанәлі Әшімұлының 1995 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан кітабы «Майраның әні». Бұл кітабында автор өмірден мезгілсіз озған сүйікті жары Майра Шәкенқызының рухымен сырласуы жазылған. Өмірлік серігі болған Майраның ұмытылмас бейнесі, асқақ адамгершілігі кеңінен сипатталып жазылған.
Актердің Асанәлі Әшімұлының жары мен қос ұлдары Мәди мен Сағидың рухтарына арнап жазған «Жан бөлек» (2001 жыл) кітабында өзіне қымбат жандармен сырласып, рухтарынан күш - қуат тірек іздей отырып, алдыңғы буын әріптес аға-апалары туралы, өмірден түйген өз ой - толғаулары жайлы жазғанын оқи аласыздар.
Сондай-ақ Асанәлі Әшімұлының (Алматы 2014 жылы) Көп томдық шығармалар жинағына актердің замандастарының жазған мақалалары, арнау өлеңдері, жүрекжарды лебіздері, сыр - сұхбаттары топтастырылған. 2014 жылы «Аңыз адам» журналының №7 саны ұлт мақтанышы Асанәлі Әшімұлына арналып шығарылған. Бұл журналда актердің өмір баяны, ұрпағын жалғастырушы немерелері және өзімен бірге қатарлас болған әріптестері мен құрдастарының лебіздері мен пікірлері берілген.
Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген Асанәлі Әшімовтің өмір жолы мен шығармашылығының тарихи тізбегі, 1976 жылы Қазақстанның «Халық әртісі» атағын алды. 2000 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері. 2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Парасат», «Құрмет» орденімен марапатталды. 2017 жылы Елбасы жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Бүгінде Асанәлі Әшімұлы абыздық деңгейге көтерілген, кемел парасаттылыққа жеткен қадірменді дарынды тұлға. Қазақ киносының құты, ұлт руханиятының қазынасы.
Құрметті кітап сүйер қауым! Кітапханамызға келіп әйгілі актер Асанәлі Әшімұлының кітаптарын алып, оқуларыңызға болады!
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы Осатаева Т.М.