А.Байтұрсынұлының мысалдары мен афоризмдері

ХХ ғасыр басында жалпы ұлт руханиятындағы жаңғыруды кешенді жүйелеген, іске асырған ірі тұлға – Ахмет Байтұрсынов. Ахаңның ақындығы мен аудармашылығы 1909 жылы Петербургте басылып шыққан «Қырық мысалдан» басталған. «Қырық мысал» - ұлы ағартушының түбірлі, түбегейлі тәрбиелік мақсаты мен мұратынан туған өлеңді шығармалар топтамасы. Кітапқа енген 40 мысал түгелдей атақты орыс ақыны Иван Андреевич Крыловтан аударылған.

«Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым»,- дей тұрғанымен, осы мысалдардың бәрі аударма секілді емес, ақын Крылов мысалдарын түгел қазақ рухына суарып, халқымыздың ұғымына лайық қазақыландырып жіберген. Мысалдар түгелімен орысша түпнұсқадан еркін туындаған «қазақша түпнұсқаға» айналып кеткендей.

«Жүк алды Шаян,Шортан,Аққу бір күн,

Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін». Осының аударма екендігі мүлдем сезілмейді, кәдімгі 11 буынды қазақтың қара өлеңі. Мазмұны  жағына келсек, әрине екі ақынның да айтар ойы, ұсынар түйіні біреу  –  адамдар арасындағы алауыздық, оның зияны. Жалғыз–ақ, осы түйінді орыс ақыны өлеңнің басында айтса, Ахаң бұл ойды қазақы мәнер-машықпен одан әрі өрбіте келе көпке ғибрат ретінде ұсынып,өлеңді былай аяқтапты:

«Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің өнбес».

Кітаптағы 40 өлеңді оқып шықсаңыз , осындай 40 түрлі оқиғаны баяндаудан басталып, содан туған қырық түрлі түйінмен аяқталып отырады. Әр түйін жай тұжырым емес, қырық түрлі ғибрат екенін ұғасыз.Бар еңбегін халқына арнаған ұлы адамның еңбектерінен жаныңызға жақын талай ұлағатқа толы нақылдарды кездестіруге болады.

Мен өзіме ұнаған бірталай афоризмдерді  сіздерге ұсынбақпын.

«Жақсы нәрсенің қолға түсуі,жаман нәрседен гөрі қиынырақ болады. Білімнің бас құралы – кітап. Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы,құлша тәрбиелесең құл болмақшы. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей,жұрт ісі түзелмейді. Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді.Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм үні.Телміріп алған теңгеден, тер сіңірген тиын жұғымды.Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. Әркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді».

Иә,кемел адамның кемелдігін танудың өзі бір ғанибет.Сол үшін Ахаң еңбектерін оқыңыздар.Жүсіп Баласағұн айтқан екен: «Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік. Атың мәңгі болса, затың – мәңгілік»,- деп.Осы сөз Ахаңа лайықты екен.Сондықтан да Ахаң есімі қазақпен бірге жасай беретіндігі күмәнсіз.

 

                      Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету
                      секторы басшысы: Ахмадиева А.С.