Сом дене, құрыш білек, бұлшық етті,
Қақпақтай жауырынды һәм келбетті,
Жүзінде зор қуаттың белгісі тұр,
Тесуге жердің астын сондай епті.
Елеусіз, ескерусіз еді бұрын,
Ал қазір даңқы мүлдем алыс кетті.
Бұларды жұрт атайды кеншілер деп,
Күшімен жер қойнауын тітіретті.Доскей Әлімбаев («Кенші жыры»)
Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай қадірлі мамандықтардың бірі кеншілер мамандығы екені баршамызға аян. Ең алғаш кеншілер күні - 1947 жылдың 10 қыркүйегінде тағайындалған болатын. Қарағанды көмір бассейнінде 1948 жылыдың 27 тамызында кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиналыс болып, Қарағанды көмірін өндірудегі жетістіктері, шахта құрылысына еңбектің озық тәсілдерін енгізгені үшін қарағандылық 10 шахтерге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оларды атайтын болсақ: Т. Күзембаев, Ж. Абдрахманов, М. Айтқұлов, П. Ф. Акулов, А. К. Воронков, Б. Нұрмағамбетов, Д. И. Обухов, В. Т. Шибаев, С. Шоманов, Г. Хайруллин. Осы мереке жайлы Социалистік Еңбек Ері Ә. Сағынов өзінің «Өмір жолдары» атты кітабында:«Сол күні бүкіл еліміз шахтерлердің күнделікті ауыр еңбегі үшін, соғыс жылдарындағы жеңіске қосқан үлестері үшін алғыстарын білдіріп, оларға құрмет көрсетіп жатты. Қарағандылықтардың есінде 1948 жылдың 28 тамызы соғыстан соңғы жылдардың ең таңдаулы, ең бақытты күні ретінде қалды», - деп жазған еді. Кеншілер - жер астындағы пайдалы қазбаларды өндіру арқылы елдің өндіріс саласының, экономикасының дамуына үлес қосып отырған еңбек адамдары. Қазіргі таңда Қарағанды шахталарына жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қойнауы қазынаға толы Қарағанды өңірі қай тұрғыдан алсақта біз үшін қымбат, тұғыры биік, орны ерекше деп айтар едім.
Кітапханамыздың өлкетану әдебиеті бөлімінің кітап қорында Қарағанды облысының құрылу тарихы, қала құрылысы жайлы жазылған көптеген құжаттар жинақталған. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Сарыарқа» электрондық кітапхана жобасы іске асырылды. Ол жерде Қарағанды өлкесі туралы құнды кітаптар мен жергілікті мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалардың толық мәтіндері, ал кітапханамыздың электрондық каталогында «Қарағанды облысының мерзімді баспасөзінің Электрондық архиві» орналастырылған. Сонымен қатар кітапхана сайтындағы ресурстар бөлімінде «Виртуалды көрмелер» қойылған. Онда «А. А. Гапеев - отец угольной Караганды» атты және т. б. көрмелер бар. Осы көрмелерден өлкеміздің кеншілері, атақты тұлғалары жайлы мағлұматтармен танысуларыңызға болады.
ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы
Кемельбаева Г. Т.